Жақында мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаровтың атақты балуан Қажымұқанның 150 жылдығына арналған «БАЛУАН ТАС. Балуандар мен күрес өнеріне байланысты аңыз-әфсаналар, қисса-дастандар, ел аузындағы әңгімелер (тарихи деректер)» атты екі томдық (408-408 беттен) кітабы жарық көрді. Онда қазақтың ұлттық жекпе-жек өнеріне қатысты тың деректер қамтылған. Орайы келгенде Абылайхан Мамырайханұлымен осы жайында аз-кем тілдескен едік, соны оқырмандардың назарына ұсынуды жөн көрдік.
– «Қазақ – батыр халық», «Балуан халық» десек те, балуандық өнер туралы осындай көлемді дүниелер сирек екені жасырын емес. Әңгімеміз арнасына түскенше, алдымен кітаптың атауына тоқталайықшы. Ол неліктен «Балуан тас» деп аталды?
– Балуан тас атанған үйдей тастар еліміздің кей өңірлерінде кездеседі. Тас екеш тастың да балуан атануы тегін емес екен. Оны ел назарына іліккен атақты бір палуан я зор күш иесі көтеріп, қайратын көрсетіп, экзистенция тілімен сипаттағанда, оған кие дарытуы керек. «Балуанға түседі әлді кісі» деп «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» жырында айтылғандай, бұқараның көңілін көтеру үшін кейде үлкен тас көтеріп, артына өз күшінен белгі тастап кеткен ондай алыптарымыз аз емес.
Алаш тарихында билік иелерінен бүгінге Барақ сұлтанның тас көтеруден алдына жан салмаған алапат күш иесі болғандығы сыр болып жеткен. Энциклопедияларға енген һәм халық арасындағы әңгімелерге қарағанда, Жетісудан Қоянды жәрмеңкесіне баратын керуен жолының бойында «Балуан тас» деп аталып кеткен үлкен тас жатқан. Ұзақ жол жүріп зеріккен жолаушылар осы жерге келгенде ат шалдырып, бойларын жазып, оны көтерісіп күш сынасады екен. Халық ауыз әдебиетінде Толағай, Таусоғар секілді тау қозғаған кейіпкерлердің көп болуы да ауыр тас көтеру спортымен көшпенділердің ертеден айналысқанын көрсетеді. Мәдениеттанушылар бұл дәстүрдің ұштығы сонау ғұн мен сақ, түркі-оғыз дәуірлерінен келе жатыр деп түсіндірсе, дінтанушылар Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар заманынан бастау алады деп дәлелдейді. «Қазақстанда соңғы рәсімін Қажымұқан жасапты» деп айтатындар да бар. «Қытай, моңғол тараптарындағы қазақтар бертінге дейін ұстанған үрдіс» деген де мәліметтер кездеседі.
Әрине, Қазақстан шекарасынан тыс, қазақ ұрқы қоныстанған жердің кез келген пұшпағынан да балуан тастар тізбегін табуға болады. Қаражат, қолдау беріп жатса, «Қазақ күшінің картасы» атауымен олардың Қазақстан мен әлемдегі орналасу картасын (интерактивті) жасап қою керек. Иә, енді бұл тастарды Алатау мен Қаратаудан, тіпті Қап тауынан асырып, Мекке мен Мединеге арқалап барып қайтсақ та қоңыр-сүрең бүгініміздің өзгермейтіні анық. Бірақ, «Айтарға тілі жоқ» демесең, әрқайсысы бір-бір тарихтың куәгер жәдігері емес пе? Мысалы, балуан тастардың Қытайға қарасты Алтай тарабындағылары ішкі ағынды айтпағанда, алыс жақын шетелдерден келген туристердің қызық көріп тамашалайтын бір белгісіне айналған.
Сонымен, өзіміз сондай Толағай балуан болмағанмен, бабалар жолымен біз көтерген тастың баламасы, осы – «балуан кітап» болсын» әрі «артымызда рухани ескерткіш болып қалсын» деген ниетпен аталмыш кітапты жарыққа шығардық. Белгілі ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай да «Шүкір, қазақта тұлға перзенттер бар. Бірақ соларға мүсін орнату жарысы кімге керек? Ал ұрпаққа ісі, ойы, сөзі маңызды» деген болатын. Біле білгенге, бұл да өнегелі тарихты тірілтіп сөйлетуге сондай бір ишара.
– Жалпы, осы қос томдық еңбекте нендей дүниелер қамтылды?
– Бұл кітапта балуандық өнер туралы ауыз әдебиетінің жауһар үлгілері, бірқатар шежірелер мен ел аузындағы әңгімелер, жаңа заманның бір шоғыр деректері жинақталды. Аңызы басым екенін де айта кету керек. Яғни, қазақ күресінің спорттық-жауынгерлік бағытын ғана емес, әдеби-тарихи кезеңдерін де қамтыдық.
Орыс ойшылы С.Н.Булгаковтың «Миф – ақиқаттың иероглифі» дегеннің жаны бар. Біздің заманымыздан бұрынғы және бертінгі сақ, ғұн, үйсін, қаңлы мен қыпшақ, түркі-оғыздың Баламбер, Атилла, Естеміс сынды көсем-қағандары ордаларындағы күрес көріністерінің аңыз-мағлұматы аралас жазба деректері, археологиялық жәдігерлердегі күресуші бейнелер де көп жайдан хабар береді. Қазақтың Үш жүзінің шығу тегіне қатысты көне деректерде «Атам қазақ үш ұлы туғанда той жасап, күрес ұйымдастырған» деп жырлануы да кездейсоқтық емес.
Қазіргі таңда өркениетті саналатын қай-қайсы елдің идеологиясының мифке, мифологиялық санаға құрылатыны мойындалған жайт. Бұдан қашпау керек. Мысалы, Жапониядағы әйгілі миф – жапон императоры әулетінің «Аматэрасу» атты күн тәңірінен тарағаны туралы наным-сенім. Жапондардың көбі ол аңызға шәк келтірмейді. Екі мың жылдан аса уақыттан бері олар оны барынша күтіп, баптап, көзінің қарашығындай сақтап келеді. Тіптен, америкалықтар Екінші дүниежүзілік соғыста жеңімпаз бола отырып, ол ұғымға көлеңке түсіруге қорықты. Кінәлілерді соттау барысында соғыстың бүкіл қылмысын императорға емес, жапондық милитарист генералдарға ғана теліп, бірнеше шенді әскерилерді ғана жазалай алды. Неге? Өйткені, ол – күншығыс елінің рухани матрицасына енгізілген киелі де мызғымас өзектік құндылық. Оның табу кодына нұқсан келтіру тұтас бір ұлтты тірідей жерге көмумен тең. Тереңінен қозғағанда сонау қиырдағы аралдарға табан тіреген Жапония мемлекеттігінің де, мәдениетінің де бастау-қайнары осынау әфсана-мифте жатыр.
Ұлттық идеология, патриотизм дегеніміз – ең алдымен, осындай аңыз-жыр, әфсаналық сана мен қаһармандық әлем түйсігінен басталады. Алайда, бұл – кітаптың өнебойында тек ертегі айтып, жыр жырлап, қисса, әфсана-тәмсіл айтамыз деген сөз емес. Тараудан тарауға жылжып, Күн мен Қар, Ер Төстік пен Тазша, Бәмсі Байрақтарды әңгімелей келе, Шыңғысхан-Жошы, Ер Едіге, Есімхан, Абылайхандар жасаған хандық дәуірлер, зар заман, кеңес кезіне, одан бүгінгі Байсейітовтер, Тұрлыхановтар мен Ыстыбаевтар жасап жатқан егеменді заманға табан тірейміз. Сөйтіп, келе-келе нақты болған оқиғалардың түйінін тарқатамыз.
– Батырлық пен балуандықты егіз ұғым деп қарастырған дұрыс па?
– Батырлар институты мен балуандықтың астасуы қазақ үшін қалыпты жағдай саналған. Яғни, палуандықтың батырлық тәрізді өнерлік-спорттық салт-дəстүрі, басқа əлеуметтік жіктермен арақатынасын реттейтін əлеуметтік нормалары, этикасы және басқа да ерекшеліктерінің бар екені даусыз. Марқұм Жақсылық Үшкемпіровше айтсақ, туған жері үшін басын бәйгеге тіккен батырлардың найзагерлігі, мергендігі, қылышты шебер меңгеруі, ат құлағында ойнауы – бәрі-бәрі тегін нәрсе емес. Бір ғана найзагерлікті шебер меңгеру үшін жанкешті әзірлік керек, машық керек. Әйтпесе, құйындай ұшқан ат үстінде жауыңа найза шаншу оңай емес. Қылыштасу да өнер. Жекпе-жектің ішінде балуандық өнердің жөні бөлек. Қаракерей Қабанбайдың өзін тарихи жырларда «Ел үшін туған Қабекең, Батыр, палуан, ер екен» («Ақбас ат» тарихи жырынан) деуі де тегіннен тегін бе? Осы Қабанбайдың қайынағасы, Арғын ішінен шыққан Малайсарының (қарындасы Гауһар) да тап осындай екі «титулы» болған деседі. Аңыз жырдағы Айдос батырдың да анықтауышы осынау екі тіркестен құралған:
Ол жігіт өзі батыр, өзі палуан,
Бір істі қылмай қоймас көңілге алған.
Қырық жігіт жолдастарын үгіттейді:
«Бұл жанды қайтеміз, – деп, – бұдан қалған?».
«Қазақтың баяғы батырлары жекпе-жек өнерінің барлық қырын жетік меңгерген. Жұдырықтасу, балуан күрес. Мұндай қасиетті өнер адамға жайдан-жай қона салмайды. Мұндай өнер атадан балаға мұра болып, ұрпақ алмасқан сайын үздіксіз жетіліп, ұшталып отырады. Бұл дегеніңіз – бүтін бір халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған жекпе-жек мектебі» деп түсіндіріпті уағында мұны Ж.Үшкемпіров.
– Қазіргі «Қазақстан барысында» балуандар аңның терісін иығына жамылып шығып жатады. Күресетін алаңы сахна тәріздес биік, жарқ-жұрқ еткен жарық, күмбірлеген әуен қойылады дегендей. Осылай шоуға айналдырған орынды құбылыс па?
– Күрес – қазақ үшін той-думан, қуаныштың да бір символы болып, идеологиялық-рәсімдік ұйыстырушы қызмет атқарған. Ас беру мен сауын айтудың да ажырағысыз бір элементі балуан іріктеу мен балуан салу болғанын жад еткен жөн. Бұл елдің – қайғының соңы қуанышқа, астың соңы той-думанға ұласа берсін деген тілегінен келіп шыққан. Бұған «Керей шежіресіндегі» мына бір жолдар мысал бола алады:
Ас беріп, ат шаптырып, мереке қып,
Жиналыс, той-томалақ береке қып.
Қызқуар, мүше, балуан, ойын-сауық,
Жеңгені жеңілгенін келеке қып.
Негізінен бұрындары нағыз күресші той-думанға тек шақырумен барыпты. Өте-мөте, атағы шыққан əнші-күйші, ақын-жырау, батыр, сал-серілер мен шешен, билер, атбегі, құсбегі, мергендердің қатарында арнайы шақырылғаны дәлел қажет етпейді. Балуандардың мұндағы басты міндеті – ақын Ақтан Керейұлының «Палуандықтың белгісі – өнермен өрге өрлеген» деп жырлағанындай, ел-жұртқа өнер көрсетіп, көз аяларын кеңейту. Мұндағы балуанның ортаға шығуы, күресуі де жатқан бір ритуал, тұтас бір театрландырылған қойылым. Жазушы Сәбит Мұқановтың «Балуан Шолақ» шығармасында бұл көрініс былай шебер суреттелген екен: «Аттар жөнелгеннен кейін бас балуан шығару жолы тиген қыпшақ «Түйе палуанын» шешіндірді. Түйе палуан күресерде қойдың жүнінен жуан ғып тоқыған, балағы тізесінен жоғары шалбар киіп, ышқырына қайыс белбеу өткізіп, белін тас қып буады екен де, үстіне одан басқа киім ілмей, тырдай жалаңаш шешінеді екен. Күрескен балуанмен бел ұстасқанша ғана иығына түйе жүн шекпенін жамылып отырып, күресерде оны сыпырып тастайды екен. Сол әдетін істеп, түйе палуан қара жолдың жиегіне кеп отырады. Оған Керей, Уақтың көзі түсіп еді – «Түйе палуанға» еріп келген адамдар бүркіт қасындағы торғай сияқтанды».
– Сал-серілерге, күйшілерге қасиет қонған деп қараған елміз. Бұл қатарға балуандарды қоссақ болады ғой…
– Әлбетте. Бұл – киелі ұғым, қасиетті ат. Кешеге дейін ел аузында палуан атану оңай болмаған. Ол үшін жарысқа түсіп, ел намысын қорғау аздық етеді. Рухани да ерліктер жасау керек болған. Мұның дәлелін ауыз әдебиетін айтпағанда, осы күнге жеткен көптеген Ресей және Батыс ғалымдарының жазба деректерінен де көреміз. Намазхан, намаз оқитын адамды кейде «намаз палуан» деп атауы да құр сәйкестік дей алмаймыз. Байлық, батырлық секілді ол да бір қолдан келуі қиын іс, биік өнер. «Қазақ күресінде балуандық өнер мен азаматтық болмыс ұштасқан» деген болатын бірде Ж.Үшкемпіров. Бүгінгі «балуан» сөзінің мағынасының тарылғаны сонша, «спортшы» деген тар мағынаға сыймайтындай көрінеді. Шындығында, томдықтарды парақтасаңыз, оның мағынасының бұдан әлдеқайда кең екеніне көз жеткізетін боласыз.
Қазақ қоғамындағы палуан орнының мәртебелілігін ертеден оларды жазым еткен жағдайда екі ердің құнын төлетуінен-ақ ұққандаймыз. Қазақ білекті азаматтарына «қара күш пен әдіс-айланың киесі дарыған жан» деп қана қарамай, «ел құдыретін, ұлт қуаттылығын танытар өнер иесі, жеңімпаз рух өндірушісі» деп қадір тұтқан. Керек десеңіз, «Тіл мен көздің сұғы тиеді» деп көптің көзінен тасада ұстауға тырысқаны да «асыл» деп білгендігі болса керек.
Ел еркесі ретінде ардақталғанын қонақ болып түскен үйінде би-болыс, ақын, сал-серілер секілді күтімге алынып, кез келген ыдыстан ас-сусын ішпегенінен-ақ байқаймыз. «Қымыздың өзін қыпша бел құмырамен ұсынбаса, шамырқанып қалатын болған» дейді. Тіптен, «үйіне балуан жігіттер түскен бақытты отағалары тиісті ыдыстары болмаса, оны алдыру үшін 30-40 шақырым қашықтықтағы байларға қолқа салып, кісі шаптырған» деген ел арасында сөз көп. Этнографиялық жазбаларға қарағанда, бұқара халық Балуан Шолақ, Жетпіс, Қажымұқан сынды нешеме палуанды төбеге көтере мадақтап, үстіндегі көйлек-жейдесіне дейін шешіп алып, жыртысқа салып, тәбәрік ретінде тарқатып әкетіп отырғаны тағы шын.
– Қазақтың қарымды қаламгері Сафуан Шәймерденовтің Битабар балуан туралы шығармасында «балуандықты малтабар құралға айналдыра көрме» дейтін жолдар есіме түсіп отыр. Қазіргі балуандардың көлік мініп, үй алып жүргенін құптаймыз. Ал бұрынғы балуандар ше?
– «Балуанға түсер жігіттің, Көңілін аулап, сөзін ал» дегенді де атам қазақ айтқан. Бірақ, бұдан палуандарда артықша құқық пен құрмет қана болған деп түсінбеу керек. Күреске түсіп, жеңіске жеткен жағдайда ағайындарына, үлкен қара шаңыраққа, елдің игі жақсыларына сый-үлес беруге міндетті болған. Яғни, палуандар жеңісінің игілігін ел де көрген. Тігілген жеңіс жүлдесі орнына мекенсіз қалған руына жайлайтын жер сұрап алған дегдар балуандар да кездескен.
Жалпы, жүлде дегеннен шығады, ат шаптыру, жамбы атудағы секілді балуандық бәйгесіне де қай заманда қомақты сыйлықтар мен құндылықтар тігілгенін пайымдауға болады. Атақты, ауыр айқастарда жеңіске жеткен балуандарға алтын, күміс, басқа да бағалы металлдардан жасалған сыйлықтар, тарту-таралғылар беріліп отырған.
Айтпақшы, «Қазақстан барысында» балуандар «Сұңқар», «Жолбарыс», «Бөрі» дегендей лақап аттармен шығып жатады ғой. Бағзыдағы балуандардың аң-құс, жануар түріндегі киесі болғаны көп талқыланатын тақырып. Даңқты Балуан Шолақтың осындай қыры жайлы немересі Хайролла Нұрмағамбетовтің бір дерегі еш адамды бей-жай қалдырмаса керек. Бұл үзіндіні жазушы-журналист Жанболат Аупбаев «Балуан Шолақтың немересі» деген 1999 жылғы жазбасында келтірген еді: «Балуан атамның аққошқары қиын кезде атамызға емес, қарсыласының көзіне көрінеді екен. Сөйтіп, оған айбат шегіп, ықтырып отырған. Тұңғыш рет бұл кие Балуанның Тоқсанбай деген кісінің асындағы күресінде бой көрсетеді. Сонда жеңіліс тапқан түйе балуанға оның шашбауын көтерушілер: «Аты-заты белгісіз жас баладан аяғың аспаннан келіп, қирай жеңілетіндей не көрінді сонша?» дегенде ол: «Мені жыққан Нұрмағамбет «Шолақ» емес, оның сүзеген аққошқары. Екеулеп жүріп діңкемді құртты» деп жауап беріпті. Соған қарағанда, атамыздың киесі оның қарсыластарына аққошқар болып елестеп, мысын басып отырған болса керек».
– Қазақтың күресіне ұқсас спорт түрлері алысқа бармай-ақ, түркітектес халықтардың түгелге жуығында кездеседі? Олардың ұқсас жақтарын, ерекшеліктерін, артықшылықтарын пайымдай алдыңыз ба?
– Дзюдо, грек-рим сияқты күрес түрлерімен салыстырғанда қазақ күресінің тіккүрес екендігін, жатып, жамбастап, аунасып күреспейтінін, аяққа жармаспайтынын, арнайы белгіленген киімі болмағанымен, негізінен кимешең, белбеу байлап, «қол байлап», жеңнен тартып күрескенін, тіпті ортан белден жоғары шешініп тастап жалаңаш та күресе бергенін бажайлайсыз. Содан соң іліп-шалу әдістеріне басымдық берілгенін атап өткен жөн. Былайша айтқанда, Орта Азия халықтары күрес өнерінің ішіндегі «ақсүйектік» формасы деуге «қазақша күрес» әбден лайықты.
Кәнігі шеберлердің айтуынша, грек-рим, самбо, дзюдо, еркін күреске қазақ күресінен келген балуандар алғашқы қимылынан-ақ бірден байқалады, оларды партерге түсіру де өте қиын. Тәжірибелілері «Мынау қазақ күресінен келіпті» деп, бәрінен де бұрын аяғынан сақтанады екен. «Тіпті қарсыласты қолмен ұстамай-ақ, аяқпен іліп алып, құламай тұра беруге болады. Қазақ күресінің бір артықшылығы сол» дейді. Сондықтан да, мысалы, советтік кезеңде қазақ атын Одаққа паш еткен Әбілсейіт Айханов еркін күресте «қазақша» әдістерді қолдануымен танылған деген тұжырымды бекер деуге болмайды. «Өзінің «ілгек аяқ» деп атаған әдісіне түсіп, оның аяғын ұстағанның шаруасы біткен, іліп алып артқа тастаған немесе орап алып алға лақтырған» дейді көз көргендер. Еркін күресте тіпті олай күресуге болады дегеннің өзі – ол кезде де, бүгін де ақылға сыймаса керек.
Тағы бір алып – Дәулет Тұрлыханов та бәсекелі спортқа қазақ күресінен келген емес пе? Ол – классикалық күрестен әлем чемпионы, Одақтың жеті дүркін чемпионы. Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері. Ол барлық қарсыластарын қазақтың «қара жамбасымен-ақ» жер қапсырып жүріпті. Бір бұлар ғана емес, тағы қаншама «феномен» деп танылған балуандар, өзге жекпе-жек түрлерінің шеберлері өз салаларына қазақ күресінен барды. Ал, соның көбінің жұлдызын жаққан ерекше тәсіл – қазақша күрестің «қағу» әдісі көрінеді. Қазіргілерден осы әдіске бет бұрғандардың бірі ретінде ережесіз жекпе-жектен қазақ атын әлемге паш етіп жүрген шымкенттік Ғалымжан Қанаевты айтуға болады.
Екінші ерекшелігі, отандық күрес шеберлерінің бірі атап өткендей, балуандарға ұпай берілмейді, уақыт белгіленбейді, жасқа, жынысқа, салмаққа қарамайды. Мейлің əйел-қыз, мейлі қария, мейлі бала болсын, қарсы жағымен «күресемін» деп, белін бекемдеп ортаға шықса болғаны. Қайта күрескен екі адамның қай-қайсысы да қарсыласын нендей амалмен болсын жығып, жауырынын жерге тигізгенше күреседі. Нағыз «Күш атасын танымас» деген қағида. Дегенмен әулие-ғұламамыз Мәшһүр-Жүсіп Көпей айтқандай, «Нағашысымен күрескен жиен жығылады» деп күші жетіп тұрса да жорта жеңілу этикетін есте ұстаған жөн. Одан қалса орайы келіп тұрса «Қызбен күреспе, желмен жарыспа» деген жазылмаған заң бар. Өйткені әйел, қыз баласын жеңсе де, жеңілсе де абырой таппасын білген.
– Комментаторлар да, басқалар да көкпаршыларды балуан деп жатады. Бұл жалпы дұрыс па?
– Бүгінде көкпаршыларға бір-бірін «палуан» атауын «доғар» деп айтатын аузының дуасы бар біреу керек болып тұр. Өзбектердің өзі «шабандозды – шабандоз» дейді. Туыстас елдер арасында өзара «палуан» десіп, даурығысып, адасып жүрген біздей желекпе жұрт жоққа тән. Болмаса аймақтарда өтіп жатқан көкпарларға қатысып көріңізші, ұйымдастырушы-төрешілердің «балуандаған» сөздері тура бір құлағыңның түбінен кеседі. Бұрынғы заманаларда балуан барлық аламан-әскер, мықтыны білдіретін атау болса болған да шығар. Бірақ әр уақыттың өз қақысын да беру керек. Мұндайда өзағаңдардың ат спортына арналған «Шабандоз» деген фильм түсіріп үлгергенін айтпай кетуге болмас-ты. Бүйте берсе, қазақ ішіне шабандоз да палуан, палуан да палуан деп шатасатын заман келеді. Айтулы жырау Мұрат Мөңкеұлының «Үш қиян» толғауында жырланғандай, «Мен қауіп еткеннен айтамын». Көп-көрім атаудың сәні мен мәнін бұзбайық дегім келеді.
– Әлемді мойындатқан Қажымұқан бабамыздың «иттің күресі болса да күресем» деп, ережесіз жекпе-жектен де тайсалмағаны туралы айтылады?
– Қажымұқан бабамыздың нешеме жойқын тәсілдердің құпиясын өзімен ала кеткені өкінішті. Өмірінің соңғы кезінде Темірланда шәкірт тәрбиелеп, бейбіт қана емес, әскери мақсатта тұтуға болатын күрес сырларымен бөліспекші болғаны турасында әңгіме көп. Қалай дегенде де балуан тұлғасының сан қыры туралы айтудан да, жазудан да жалықпауымыз керектігі – аксиома. Өйткені бұл илеген сайын пісе беретін балшық секілді, ұдайы қайталаумен жетіле беретін спорттық, идеологиялық-патриоттық салмағы зор «брендтік персоналий платформа». Ол қазақтың арғы-бергі тарихындағы әлемдік масштабта ең жоғарғы жетістіктерге қол жеткізген бірден-бір мақтайтын, мақтан ететін кәсіби балуанымыз. Одан қалса, балуанның артында қалған, әр жердегі мұражайларға көрік беріп тұрған балуан тастары қазақ балуандығының бүкіл концепциясының өркениетті-тарихилығының жәдігерлері іспеттес.
Қажымұқан өз уақытындағы ең үлкен континенттер – Еуропа мен Азия чемпионы. Оның «Жапония, Корея және Манчжурия» чемпионы атануы да сол тақырыпқа дендей енген Ж.Үшкемпіровтың дәлелдеуінше, «1913 жылы Харбин қаласында өткен атышулы жапон балуаны Саракики Жиндофумен күрес оқиғасымен тікелей байланысты. Тарихтан мәлім болғандай, жапондық сол жолы шара қатысушыларын жапон күресі – джию-джитсу сайысына шақырады. Жапондықтар шығыс айқасының төресі атанған джию-джитсуды ғана олардың ар-намысын қорғап қалады деп түсінген. Олардың бұл ойларының іске аспауына да қазақ балуаны Мұқан себепкер болғанын мектеп бағдарламасынан әркім біледі. Саракики үшін бұл күрес соңғы күрес болыпты. Жапон чемпионы көп ұзамай қайтыс болған».
Қажекең – кәсіпқой спорттың жарық жұлдызы, қазақ халқының бағына біткен күш атасы, қайталанбас біртуар тұлға. Сонысымен де оның өмірлік-спорттық тақырыбы сарқылмас мотивация мен қуат-көзі ретінде кейінгі ұрпақ үшін мәңгі актуальды болып қалады. Бұл орайда жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Бірде бағаланып, бірде бағасы түсіп өткен қайран Қажымұқан, қазір Құдайға шүкір, бүкіл қазақтың мақтанышы. Оның өмірінің өзі – елді тәрбиелейтін тарих» деуі нағыз көрегенділік. Сол жазушы айтқандай, ондай адамның тууы да сирек. Қазақ күресінің жалпы жиынтық бейнесін де бір өзінен көруіміз содан. Сәйкесінше, осынау жарық көріп отырған балуан кітаптар-жүзігінің лағыл көзі – ең құнды жауһары сол тау тұлғамыз десек, еш қателеспейміз.
Біз тұтынушы ғана емес, ерлік пен өнеге өндіруші халық болғанбыз. Өркениеттен алып қана қоймай, қаншама игіліктерді айтпағанда, спорт-әскер мәдениетінің дамуына үлес қосқанбыз. Жүсіпбек Аймауытов «Ұлтты сүю» деген мақаласында: «Қазақтың аты орыстың атынан озса, балуанын балуаны жықса, шешенін шешені сөзден тоқтатса, бар қазақ сүйсініп қалады. Қазақ жеңілсе, орыс та дардияды. Ноғай мен қазақ, сарт пен ноғай егессін, олар да солай» дейді. Оның бұлай деуінде үлкен мән бар. Алайда, бұл кітаптың мақсаты бүгінгінің бәрін жиып қойып, өткеннің буына шала мас болып, әлдеқашан көші аспанға ұшқан ұлылардың қаһармандық істерін айтысып, тамсанып отыру емес. Тарихтан ұшқын-тірек алып, өскелең ұрпаққа нақты іс-қимылдың сарқылмас қуат-қайнарын көрсету.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет.
Сұхбаттасқан Дилара БИМЕНОВА,
«Ońtústik Qazaqstan».