Белгілі дінтанушы Абдуссамад Махат еліміздегі діни ахуал, медреседегі діни білімнің жағдайы, шетелдегі білімнің ерекшелігі, отбасындағы рухани құндылықтар жайында KAZISLAM порталына баяндап берді.
– Абдуссамад мырза, сіз ұзақ жыл медреседе ұстаз, мешіттерде имам болып қызмет етіп келесіз. Осы саланың маманы ретінде қазіргі еліміздің діни ахуалына қандай баға берер едіңіз?
– Қазіргі кезде еліміздегі діни ахуал бірқалыпты. Сын көзбен қарайтын болсақ, діннің жағдайы қоғамның дінге деген ықыласына сай келеді. Мәселен, мешіттерге адамдардың көп келмеуі – халықтың дінге деген ынтасының көрсеткіші. Діни мәселе көтерілетін болса, қоғамның төрттен үш бөлігі тек сырттай бақылаушы болып отырады. Халықтың бір бөлігі әлі жүрегіндегі «мен мұсылманмын» деген сезімді іс жүзінде жүзеге асыра алмай жүр.
– Оқырмандарымызға медреседегі оқу жайында айтып берсеңіз. Көп адам медреседе тек Құран мен намаз оқуды ғана үйретеді деп ойлайды. Ал шын мәнінде шәкірттер нені оқып үйренеді?
– Алдымен “медресе” деген сөздің ұғымын түсініп алу керек. Ол араб тілінде «тәлім-тәрбие алатын орын» деген мағынаны білдіреді. Кейбір мұсылман мемлекеттерінде университет деген ұғым мүлдем жоқ, тек медресе түсінігі бар. Бірақ, сол медресенің өз деңгейлері болады: бастауыш, орта мектеп, колледж, тағысын тағы. Осының бәрі жалпы медресе деп аталады.
Медресенің басты мақсаты – діни тәлім-тәрбие беру, яғни обал мен адалдың парқын білу, дұрыс пен бұрысты ажырату. Сондай-ақ дін ілімдері: араб тілі, араб тілінің грамматикасы, құран, хадис, шариғатты, т.б. оқыту.
Мен медреседе жұмыс істеп жүргеніме біраз жыл болды. Мысалы, жүз бала оқуға түссе, оның 20-30% ғана дін саласына жұмысқа тұрады. Ал қалғаны медресені бітіргеннен кейін басқа жоғары оқу орындарына түсіп, басқа саланы таңдап жатады. Өздерінің қалаған, таңдаған мамандықтарында оқиды.
Ал біздің негізгі мақсат – оларға имани, рухани тәрбие беру. Сол себепті медреседе тек Құран мен намаз оқытуға үйретеді деп қабылдау қате түсінік. Мемлекеттік бағдарламаға сай барлық пәндер оқытылады, атап айтсақ, экология, экономика, тарих, әдебиет, т.б.
– Медреседе кез келген үміткердің білім алуға мүмкіндігі бар ма? Ол жерде оқу үшін қандай талаптар қойылады?
– Ең бірінші талап – дінді үйрену. Қазіргі таңда еліміз бойынша мүфтиятқа қарасты 9 медресе жұмыс істейді. Олардың өз талаптары мен шарттары бар. Медресеге түскісі келген үміткер алдын ала араб әліппесін меңгеріп, Құранды жаттап, біршама араб тілін үйреніп келсе, өзіне оңай болады.
Олай болмаған жағдайда, дайындық курсына түседі. Ол әр жерде әрқалай, бір медреседе жарты жыл болса, кейбірінде бір жыл болуы мүмкін. Әсілінде, дайын болып келген талапкердің түсіп кетуге мүмкіндігі көп.
Екіншіден, жас ерекшелігіне қарай 15-25 жас аралығында қабылдайды. Сондай-ақ арнайы емтихан өтеді. Қазіргі ахуалға байланысты деп тест жұмыстарымен сынақтан өткізе салмаймыз. Себебі үміткердің сөйлеуін, пейілін, талабын, қаншалықты Құран білетіндігін көруіміз қажет. Ол үшін онлайн сұхбат жүргізіледі.
Үшіншіден, намаз оқиды ма, оқымайды ма соған ерекше мән беріледі.
– Біз сізді көптеген діни кітаптардың, жинақтардың авторы ретінде жақсы білеміз. Бүгінде не жазып жүрсіз?
– Жазатын нәрсе өте көп, бірақ әркімнің қызығушылығы әр қилы болып келеді. Менің ұнатып жазатын тақырыптарымның бірі – рухани жетілдіру. Яғни, Аллаға зікір ету, дұға жасау, көркем мінезді болу деген түсініктердің аясы қамтылады. Сондай-ақ осы тақырыпта көп кітаптар оқимын, қажетті ақпараттар жинаймын.
Келесі бір жазатын тақырыбым – пайғамбар хадистері. Осыған дейін тек хадистердің жинағы ғана шығатын. Себебі, тоқсаныншы жылдары халық кітапшалармен ғана шектелетін. Намазды қалай оқу, оразаны қалай ұстау керек деген тақырыптардың аясында болды. Халықтың діни білімі сол деңгейде болатын. Енді сол хадистерге түсіктеме беру жағын қолға алдым. Уақыт өте келе халықтың діни білімі күшейген сайын, сұраныстың да арта түсетіні бәрімізге мәлім.
– Жуырда біздің порталда жарияланған бір мақалаңызда жұма күнін демалыс етсек деген ойыңызды білдіріпсіз. Осы пікіріңізді кеңірек айтып берсеңіз?
– Мәселен, күнтізбе бойынша жаңа жыл мерекесінде біз демаламыз. Негізінде бұл христиандықпен байланысы бар мереке екені белгілі. бірақ, қазіргі күні діни астары жоқ қоғамдық мереке ретінде қалыптасып кетті.
Сондай-ақ, біздің мемлекетіміз зайырлы сипатта болғанына қарамастан, Құрбан айт пен Рождество мерекелеріне демалыс беріп отыр.
Енді бірте-бірте қоғам жұмада демалатын күнге жетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өкімет заң жүзінде жұмысқа кедергі келтірмейтін тұстарын ескеріп, ретке келтірсе, жұма күні мұсылмандарға жұма намазын өтей алатындай жағдай жасалар еді. Қатып қалған заң жоқ, Алла сәтін салса, бірте-бірте сол күндерге де жетерміз.
– Сіз әлеуметтік желіде белсенді қолданушысыз. Біздің білуімізше, фейсбуктағы «Астана медресе онлайн» тобын сіз жүргізесіз? Мұндай топты ашуға не себепкер болды? Мақсатыңыз не?
– Медреседе оқығанда халыққа қызмет етсем деген үлкен арманым болатын. Бүкіл өмірімді дінге арнауға мақсат тұтқан адаммын. Қай жағынан болмасын дін тұрғысынан қараймын.
«Медресе онлайн» тобын жүргізгенде халыққа қарапайым тілде дінді түсіндіремін. Оның ішінде руханият, көркем мінезділік, адами сипаттар, сондай-ақ ғалымдар жайлы айтылады. Енді дінді үйренемін деген адамға таптырмас ақпараттарды салып отыруға тырысамын. Мақсатым – сол.
– Дін насихаты тұрғысынан интернеттің пайдалы және теріс жақтарын айтып бере аласыз ба?
– Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұрады. Қазіргі таңда интернетті ашып қалсаң, негатив ақпараттардан көз ашпайсың. Дегенмен, интернеттің де пайдалы және теріс жағы бар. Кез келген дүниені қолданар алдында, ақыретті ойлауымыз қажет. Сол себепті адамның өміріне пайдасын тигізетіндей, рухани білім алатындай ақпараттарды алғанымыз абзал. Интернет арқылы өз өміріңе көп пайдалы дүниелерді таба аласың.
Ал арабша сайттарды ашып қалсаң, тоқсан тоғыз пайызы Алланың атымен басталып, жақсы сөздермн өрнектелгенін көресің. “Жақсы сөз – жарым ырыс” демекші, біз де солар секілді болсақ, көп проблемалардан арылатын едік.
– Теріс ағымдар жайында әңгіме өрбітсек. Бұрын діни кітаптар, сайттар аз болды дедік. Қазір, Құдайға шүкір, мешіттердің сайттары көптеп ашылып жатыр. Кітаптар мыңдаған данамен басылуда. Бірақ, деструктивті ағымдар неге азаймай отыр?
– Бұл тоқсаныншы жылдары дінге еркіндік беріле бастағанда-ақ орын алған жағдай. Сол кезде бұл мәселенің уақытында қолға алынуын сұрағанбыз, уақыт өте проблеманың өршіп кететінін де айттық. Алайда, жоғары жақтан ешкім құлақ аспады.
Кейінгі кездері мемлекет тарапынан дін саласына көп қолдау көрсетіліп, жағдай біршама жақсарды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мемлекет бірлесіп жақсы жұмыстар жүргізіп жатыр.
Ал, деструктивті діни ұйымдардың азаймай тұрған себебі – аурудың асқынып кетуі және адамдар діни білімді көбінесе интернеттен іздеуінің салдары.
Мен жат ағымдардың жетегіне көбінесе кімдер кетіп қалады деген зерттеу жүргіздім. Нәтижесінде орыстілді қазақтар кететіні белгілі болды. Неге десеңіздер, олар қазақтың салт-дәстүрлерін, менталитетін біле бермейді. Ондай адамдар білместіктен басқа ағымдардың жетегіне оңай еріп кете береді.
Сонымен қатар, елімізде діни білімі бар білікті мамандардың аз болуы да жағдайды күрделендіріп тұр. Егер солардың қатарын көбейтіп, жаңа бағдарламалар еңгізсек, Алла бұйырса, бұндай топтардан толығымен арылар едік. Яғни, ақиқат келсе, жалған кетеді. Ақиқат деп отырғанымыз – мықты ғалымдардың қатары.
– Теріс ағым демекші, әсіресе сәләфилердің ортасында отбасы құндылықтары аяққа тапталып жатады. Осы жерде өзгелерге үлгі болу үшін, өзіңіз туралы айтып бересіз бе? Сіз отбасыңызда қандай отағасыз, қандай әкесіз? Балаларыңызға ең бірінші кезекте нені үйретуге тырысасыз?
– Аллаға шүкір, мен бес балының әкесімін. Барлығымыз намаз оқимыз. Екі қызым биыл оразаға қосылды. Негізі балаға айтқаннан гөрі, дұрыс жолды көрсеткен дұрыс. Себебі бала ата-анасынан не көрсе, соны істейді. Намаз оқығанды көрген бала болашақта соны қайталайтыны хақ. Сондықтан алдымен үлкендерді дұрыс жолға салып, тәрбиелеу керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ