Күндердің күнінде ағалы-інілі екі бауыр ұзақ сапарға шығып, шөл далада келе жатады. Біраз уақыт жүріп, әңгіме барысында бір жағдайға қатысты екеуі келіспей, сөзге келіп қалады. Сол уақытта ағасы інісінің бетінен тартып жібереді. Інісі ашуланып, үндемей қоя береді. Інісінің сабырлығын көрген ағасы жерден шыбық алып құмның үстіне «Бүгін мен бауырымның бетінен ұрдым» – деп жазып қояды.
Содан екеуі әрі қарай сапарларын жалғастырып жүре береді. Бір уақытта алдарынан оазис, көгал шығады. Әбден шөлдеген, ыстықтаған екеуі дереу суға секіріп кетеді. Кенет ағасы суға бата бастайды. Інісі өз өмірін қауіпке тіге отырып, оны әрең дегенде құтқарып алады. Екеуі судан шыққан бойда ағасы жерден тас алып сол жердегі жартасқа: «Бүгін інім менің өмірімді сақтап қалды» деп қашап жазып қояды. Мұндай кезекті көріністі көрген інісі:
– Неге алдында құмға, енді тасқа қашап жазып жатырсыз? – дейді таңдана. Сонда ағасы:
– Кімде-кім бізді ренжітетін болса, оны құмға жазу керек. Себебі, ол желмен өшіп, тез ұмытылады. Ал жақсылық жасаса, оны ұзақ уақыт есте сақтау үшін тасқа қашап жазып қою керек, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы