Шариғаттың асылынан нәр алып, өмірін соған қарай бейімдеген ата-бабаларымыз Алла Тағала аяттарында бұйырған әмірлерді бұлжытпай орындауды басты міндеті деп санаған. Солардың ішінде Раббымыз бұйырып, Пайғамбарымыз (с.а.с.) үлгі етіп көрсеткеніндей туыстық қарым-қатынасқа ерекше мән беріп, аса ыждағаттылықпен орындауға тырысқан.

Балаға берілетін негізгі тәрбиенің тұтқасы ата-анаға қарайласу, туған-туысқанмен байланысты үзбеу, айналасындағы көрші-қолаңдары мен жолдас-жораларын сыйлауда  деп білетін. Туысқанымен ат құйрығын кесісіп, бір-біріне тоң теріс болып қалған ағайындардың жарасын екі бауырдың арасында қалған нәрсе деп емес, қалың қазақтың, күллі халықтың жан жарасы деп ұғынған.

Демек, бабаларымыздың ұрпақтарына өнеге етіп қалдырған бұл тәрбиенің түп негізі ислам қағидаттарынан нәр алғанын байқаймыз. Құран аяттарында туыстық қарым-қатынасты үзбеуге шақырған тұстар өте көп кездеседі. Солардың бірінде Алла Тағала былай дейді:

«Алладан қорқыңдар, туыстық байланысты үзуден сақтаныңдар. Күдіксіз, Алла сендерді бақылап тұрушы»[1].

Осы аяттарда бұйырылған әмірді бұлжытпай орындау барысында «Ағайын тату болса, ат көп, абысын тату болса, ас көп» деп мәтел айтып, қоғам бірлігінің басты шарты татулық, туыстардың емен-жарқын араласулары екендігін басты назарда ұстаған.

Қазақ мұсылман болғалы ағайын-туғанның арасын жік-жікке бөлінуден сақтандырып, туыстардың арасындағы жақсы қарым-қатынасқа дәнекер болатын әртүрлі салт-дәстүрлерді көздерінің қарашығындай қорғаған. Өлім-жітім, той-томалақ пен ас беру, күйеу келтіру, қыз ұзату сынды ағайын болып атқаратын дәстүрлеріміз – соның жемісі.

Сондықтан қазақ атамыз әрдайым «Ағайыннның қадірі торқалы той, топырақты өлімде» деген. Алланың бұлжымас заңын бүтіндей салт-дәстүрі етіп алған қабырғалы ел, қатаң қағидалы халық екеніміз анық.

Қос дүниенің бақыты ағайын арасындағы татулық пен бірлікте екендігі жасырын емес. «Мал қонысын, ер жігіт туысын іздейді» дегенді ұран етіп, әрқашан туыстық қарым-қатынасқа сызат түсірмеуге шақырған.

Туыстар арасындағы бірліктің маңызды екенін халық арасына мақал-мәтел һәм даналыққа толы қанатты сөздермен жеткізуге тырысқан бабаларымыз: «Туыста өкпе бар, кек жоқ»,  «Ағайынның азары болса да, безері жоқ», «Бауыр шырын, бас тәтті, Ағайынмен ішкен ас тәтті», «Ағайын қадірін білмесең, жалғыздық берер сазайды», «Ағайын ағайынның айнасы», «Ағайын бірде араз, бірде тату», «Бетің қисық болса айнаға өкпелеме, ниетің қисық болса ағайынға өкпелеме», «Сара жолдың қадірін адасқанда білерсің, қарындастың қадірін қарасқанда білерсің», «Туғаныңмен туыспасаң кең дүниеге сыйыспассың», «Тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жыласпа»[2]деген.

Демек, туыстың қадірі тек қайтыс болған кезде ғана емес, тірісінде білінуі керек екенін ұғындырған. Бұл қос дүниенің бақытына жетелейтін жақсы мінез-құлыққа жататындығы белгілі. Дүниеде жалғыздықтан құтқарса, ақыретте тозақтан һәм Алланың ашуынан құтқаратын қасиет.

Кезінде бір кісі қос дүниенің сәруәрі болған сүйікті пайғамбарымыздың жанына жақындап: «Уа, Расулалла, маған жұмаққа жетелеп, тозақтың ауыр азаптарынан арашалап қалатын керемет бір қам-қарекеттің түрін көрсетіңізші», дейді. Сонда парасат падишасы  болған Пайғамбарымыз (с.а.с.) әлгі кісіге:

«Аллаға ғана құлшылық ет және Оған серік қоспа. Намаздыңды кемеліне келтіре оқы да лайықты адамдарға зекетіңді бер. Сондай-ақ, туған-туыстарыңмен жақсы қарым-қатынаста бол!»[3],деп жауап береді.

Байқасақ адам баласының күнделікті тұрмыс-тіршілігімен қатар алып жүретін құлшылықтарының арасында туыстық қарым-қатынастың аталуы да жайдан жай болмаса керек. Осылардың барлығын тереңнен ұғынған дала қазағы ұшса сұңқардың қанаты талып, шапса тұлпардың тұяғы тозатын ұлан-байтақ жерде, барыс-келіс, алыс-беріс қиын болып тұрған шақтың өзінде туыстық қарым-қатынасты бекем ұстаған. Туысшыл, көпшіл болудың нәтижесі ретінде ата-тегі мен шежіресіне аса мән берген. Өз кезегінде «бұл этнобиологиялық тұстастыққа, дәлірек айтқанда, ұлттық тұтастыққа ұласудың алғышарттарының бірі»[4] саналады.

Ғалымдардың айтуынша, туыстық байланысы берік болған жандардың өмірлері ұзаратын көрінеді. Түркі жұртшылығының әйгілі ғұламасы Әбу Ләйс ас-Самарқанди былай деген: «Кімде-кім ғұмырын ұзартқысы келсе, туыстарымен қарым-қатынас  жасасын. Егер бір адамның үш-ақ күн өмірі қалса, Алла туыстық қатынасты үзбегені үшін, оны отыз жылға ұзартады. Ал егер біреудің отыз жылдық тіршілігі қалған болса, туыстықты үзгені үшін Алла оны үш-ақ күн етеді»[5].

Ғалым өзінің бұл көзқарасын Құрандағы: «Алла (Ләухул Махфуздан) қалағанын өшіріп, қалағанын тұрақты қалдырады» деген аятпен дәлелдеуге тырысқан. Демек, өмірдің берекесі артып, жақсылықтар мен қуаныштардың толассыз басымызға келуі үшін туыстармен арадағы қарым-қатынасқа ерекше мән беру керек екен.

Ағайын-туысқа қол ұшын беріп, қарайласу әрбір адамның негізгі міндеттеріне кіретіні жайлы Құранда:«Негізінде Алла сендерге әділетті болуды, игілік жасауды және ағайын-туысқанға қарайласуды бұйырады»[6],  делінген.

Осы тәрізді аят-хадистерді салт-санасына сіңіріп алған қазақ халқы: «Өле жегенше, бөле же», «Туысы бірдің қонысы бір. Туысы бірдің уысы бір» деген даналыққа толы нақылдарымен ұрпақтарына ақыл-кеңестерін жеткізіп отырған.

Дана халқымыз ғасырлар бойы қалыптасып кеткен әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін шариғатпен ұштастырғандықтан ислам бұйырған туыстық қарым-қатынасқа да ерекше мән беріп қараған. Мұны біз қазақтың жыр-дастандары мен өлеңдерінен, мақал-мәтелдері мен шешендік сөздерінен байқаймыз. Мәселен, Мәшһүр Жүсіп ағайын-туыстың қадір-қасиетін былай жырлайды:

«Аманыңда елжіреп, мақтайтын да ағайын,
Алыстамай айналып, жақтайтында ағайын.
Ауырыңды жеңіл ғып, жоқтайтын да ағайын,
Еркелетіп бетіңнен, қақпайтын да ағайын»[7].

Демек, қазақ халқы үшін ағайынның қадірі алтыннан да қымбат болған. Екі ел араздасса яки қос бауырдың арасында болар-болмас кикілжің туа қалған жағдайда дереу араларын жарастыруға ұмтылып, өртті өршітпей басатын. Бұл жайлы Құран Кәрімде:

«Расында, мүміндер – бір-біріне шынайы бауыр. Олай болса, (жүз шайысып, ат құйрығын кесіскен) бауырларыңның арасын жарастырыңдар, сондай-ақ, (бауыр ақысына келгенде) Алладан қорқыңдар (һәм үкіміне қарсы келуден сақтаныңдар). Міне, сонда Оның рақымына бөленерсіңдер!»[8] делінген.

Осы аяттың өмірдегі көрінісін қазақ халқының тарихынан көптеп байқауға болады. Араларынан жік шығып, екі құлағы тік шығып араздасқан ағайындардың арасын татуластыруға қам-қарекет қылудың ар жағында осы аятқа деген құрмет жатқандығы жасырын емес.

Мына бір оқиға осының жарқын мысалы болса керек:

Торайғыр және Шоң дейтін екі ағайынды кісі әкелері дүние салған соң араларынан шықққан дау араздыққа ұласып, бірін-бірі көргісіз болып кетіпті. Мұны естіген айналасындағылар да қарап жатпай, аузы дуалы, сөзі уәлі Байдалы деген қартқа Түсіп деген кісіні жіберіп, араларын татуластыруды өтінеді. Байдалы шешен болған жайды әбден білген соң, екі ағайынды кісіні татуластырмақ болып шығады да ең әуелі Шоңның ағасы Торайғырға барып:

«Торайғыр мен Шоңбысың мақтап жүрген,
Бар білгенің осы ма сақтап жүрген?
Араздасып екеуің аулақ кетсең,
Құзғын қарға жемей ме жақтап жүрген!», деп татуласуға шақырады.

Сонда Торайғыр қарттың дегеніне көніп «Уа, ақсақал айтқаныңызды қабыл алдым!» дейді. Байдалы қарт сөзін жалғап: «Әуелі аға бауырдан болады, іні тастан болады. Сондықтан ініңнің барда, аяғына жығыл», – дейді.

Торайғыр қарттың бұл ұсынысын да мақұлдайды. Осылай деуін десе да Байдалы қарт артынан аз-кем ойланып «Араз болған ағайынның арасына жаман үлгі болып қалыптасып кетер» дейді де, Торайғырдың інісі Шоңға барып:

«Қарағай бойы қар жауса,
Жұтамайды сауысқан.
Қанды қалпақ кисе де,
Шыдамайды туысқан.
Оңғандықтың белгісі
Өзі ұрысып, табысқан.
Оңбағанның белгісі
Өткен істі қуысқан»,деп түйіндейді.

Қарттың айтқан сөзіне әсерленген Шоң ел төсектен тұрмай жатып ағасы Торайғырдың үйіне келеді. Сонда Торайғырдың ет жүрегі езіліп, төсектен басын көтеріп алыпінісі Шоңға:

«Жақсы кісі ақылымен тәуір болады,
Мінезі қорғасындай ауыр болады,
Құлағы өсекті естімейтін сауыр болады,
Кедейдің жалғыз керіндей
Құйрығы шолақ, арқасы жауыр болады.
Осы мінездің сенде біреуі де жоқ, біреудің тілі тиіп қалса, қолың тиіп, сүйегімізге таңба болып қала ма деп өтірік араз боп жүрген едім»[9], – деген екен.

Байқасақ, қазақ халқының ішіндегі сонау ғасырлардан бері мұра болып келе жатқан береке мен бірліктің сыры осындай татулықты қалаған жандардың ізгі ниеттерінде жатса керек. Бұл – дініне берік, пайғамбарға деген құрметі жоғары халықтан ғана шығатын қам-қарекет.

Ардақты пайғамбарымыздың (с.а.с.) өсиеттерінде туған-туыспен қарым-қатынастың мығым болуы жайлы жиі айтылатын. Абдулла ибн Әбу Ауф атты сахабадан келген бір хадисте былай делінеді:

«Арапа күні кешқұрым біз Алла елшісінің қасына келдік. Сонда ардақты пайғамбарымыз: «Туған-туыстарымен қарым-қатынасына сызат түсіп, сол себепті мүлде байланысын үзген адамдар болса арамыздан кетуін талап етемін», дейді.

 

Пайғамбардың(с.а.с.) айналасында отырғандардың ешқайсысы қозғала қоймады. Сәлден соң алыстау отырған бір кісі орнынан тұрып кетіп қалды да, біраздан соң қайтып келді.

 

Мұны байқап отырған пайғамбарымыз әлгі кісіге: «Арамызда сенен басқа ешкім орнынан тұрмады. Не болды?», – дейді. Сонда әлгі кісі пайғамбарымызға: «Уа, Алла елшісі, сіздің сөздеріңізден соң, бірге туған әпкемнің жай-күйін, хал-жағдайын білейін дедім. Ол кісі менімен мүлде араласпай ат құйрығын кесісіп еді. Мен әлгі сөзіңізден соң соған бардым. Мені көргенде әпкем таңғалып «Не үшін келдің?»,деді. Мен оған сіздің айтқандарыңызды жеткіздім де «Алладан менің және өзіңнің күнәларың үшін кешірім сұра»,дедім. Содан соң өзіңіздің қасыңызда отыру үшін қайтып келдім», дейді.

 

Мұны естіп қуанған Пайғамбарымыз(с.а.с.): «Сен ізгі іс жасадың. Кел, арамызға жайғас. Негізінде, өз туған-туыстарымен қарым-қатынасын үзген адам қандай да бір жиынға келетін болса, ол жерге Алла Тағаланың мейірімі түспейді»[10], – дейді.

Бұл хадистен ағайын-туыспен араз болудың қаншалықты күнә екенін аңғарамыз.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Өмірімді тек құлшылықпен өткізуге Ислам қалай қарайды?

Алыс-жақындағы ағайынмен араласып, олардың қателерін кешіріп, күнәлары үшін жарылқау тілеу әрбір мұсылманның міндетіне жатады.

«Туысқандармен жақсы қарым-қатынас – Алланың мейіріміне жақындатып, тозақтың отынан алыстатуға себепші болады», «Алладан берілетін сый-сияпатты ең жедел түрде туыстарымен жақсы қарым-қатынаста болған кісі алады. Ал бұл өмірде де, ақыретте де Алланың азабына жедел жолығатын жандар туыстық қарым-қатынасты үзгендер һәм адамдар арасында әділетсіздік жасаушылар»[11] деген Пайғамбар (с.а.с.) хадистері әрбір адамның санасына сілкініс берері анық.

Бабаларымыз туған-туыстарды жұрт деген атаумен атап: «Жігіттің үш жұрты бар: Өз жұрты, нағашы жұрты, қайын жұрты» деген. Бабаларымыз кісінің өз жұртын жеті атаға дейін санап «Жеті атасын білмеген жетесіз ұл» деп сөккен.

Демек, туған-туысыңмен қоса бұрынғы өткен бабаларыңды да білуге міндеттісің деген сөз. Сол арғы аталарымен бірге туысқан ер кісілерден тараған ұрпақтарға «аталас жақыным», «ағайыным» дейді. Қазақ халқының ішіндегі туған-туыстық қарым-қатынас тек қана ер кісі жағынан болмайды, жоғарыда айтып өткеніміздей, қыз жақтан болған жақын ағайындар бір-біріне нағашы-жиен болып, олардың арасындағы қарым-қатынас түрі де салт-дәстүріміз бойынша өте ерекше қарастырылған.

Әсілінде, жиен әрдайым нағашы жұртына батылдау боп келеді. Дәстүріміз бойынша нағашы жұрты жиендеріне «қырық серкеш» беруі тиіс. Әйгілі жырауДулат Бабатайұлының «Еспенбет батыр» дастанында осы дәстүрлеріміз жырланған тұстар кездеседі[12]. Осы тұрғыдан қарағанда жиен жақ нағашысынан қалағанын алады.

Оқшантайы берік берен мылтық, қиядағыны шалатын қыран бүркіт, аузымен құс тістеген жүйрік тұлпар деген сынды көңілі қалағанын нағашысынан қолқалайды. Бұлай жасағаны үшін жиен айыпты болмайды. Жиеннің барлық еркелігін көтеріп, сұрағанын беруді өзіне міндет деп білген нағашылар жайлы халқымыз: «Өз жұртың – күншіл, қайын жұртың – сыншыл, нағыз қамқоршың нағашы жұртың» деген.

Жиенді баласындай ерекше ардақтау – қазақ халқының қанына сіңген дәстүрі. Олардың арасындағы сый-құрмет риясыз, шынайы болған. Сол себепті халық арасында «қамқор нағашы, ерке жиен» деген түсінік қалыптасқан. Осы жерден-ақ еліміздің туысқандық қарым-қатынасқа қаншалықты берік болғандығын байқауға болады.

Әр түрлі руларға тұрмысқа кеткен қыздардың бала-шағалары бір-біріне бөле болады. Олардың араларын біріктіріп, бір қауым ел етіп ұйытып отыратын – нағашылар.

Бөлелердің арасындағы сыпайы қарым-қатынас пен ерекше сый-құрметті «Бөлем, бөлем үшін өлем» деген әзіл-шыны аралас мәтелден білуге болады. Туыстар арасындағы аразға көбінесе абысындар себеп болатынын ескерген халқымызда бір үйдің қыздарын бір әулетке айттыру дәстүрі болған.

Қыздар апалы-сіңілілі болғандықтан, олардан таралған балалар да бөле болып, тату-тәтті күн кешіп, әулеттің берекесі бұзылмайды деп білген. Осылайша қазақ халқында алыс-беріс, барыс-келіс сынды құданалық қатынаста шым-шытырық болып кете береді. Мұның ешқандай зияны яки залалы болмайды.

Керісінше туыстық байланыстар артып, ру мен ру, ел мен елдің арасы жақындап, сый-құрмет бұрынғысынан да әлдеқайда жоғарылай түспесе, кемімейді. Бұл қатынастардың әрқайсысының өзіне ғана тән, сан қилы әдет-ғұрыптарға байланысты, өзара міндеттіліктері мен жауапкершіліктері бар.

Жігіттің үшінші жұрты – қайын жұрт. Қайын жұрт күйеулерін  әрқашан сыйлап, төрге шығарып құрметтейді. Қазақ арасында «Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған» деген сөз бар. Десе дегендей-ақ, ардақты пайғамбарымыз өзінің ет жүрегі болған қыздарын айналасында қамқор болып, дін таратуға ат салысқан саңлақ сахабаларына ұзатып, оларды қақпайламай, ерешке ілтипатпен қарым-қатынас жасаған. Осыны жақсы ұғынған халқымыз жігіттің үшінші жұрты қайын жұрты деп әрқашан мерейін көтеріп отырған.

Күйеу келеді деп күткен қайын жұрт әдайым малдың төстігін күйеудің асы деп сақтаған. Күйеуге тартылған табақта төс болмаса, жігіт қыздың жеңгелерінен өз сыбағасын даулап, жеңіл әзілге салып дәстүрді аттамауға шақырады.

Халқымызда «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал бар. Мұнысы күйеу жігітке айтылған бір ескерту сынды қабылданады. Яғни, қайын жұртқа барған күйеу төрге шығарып сый-құрмет жасаса да өзін сол үйдің қонағы деп санамай, әрдайым мал сойысып, қазан-ошағының басында көмектесіп жүреді. Бұл күйеудің қайын жұрты көрсеткен сый-құрметке қайтарған жауабы болмақ.

Кейде кәрі күйеулер әзілдеп: «Мен бұл үйге күйеу емеспін, жиенмін» деп жатады. Бұл сөз әзіл болып естілгенмен, астарынада әжептәуір мағына бар. Онысы: «Мен жылдар бойы осы әулетке күйеу болып еңбегім сіңді. Ендігі жерде мен бұл әулеттің бір мүшесіндеймін. Сондықтан мен бұл әулетке жиен секілдімін. Жиен нағашысына қалай еркелесе, менің де еркелейтін жөнім бар» дегені.

Мұның барлығы да – ғасырлар бойы ислам дінін ұстанып келген бабаларымыздың өте жеңіл һәм табиғи жолмен туысқандық қарым-қатынасты нығайту үшін қолданған әдіс-тәсілдері.

Туыстардың қадірі мен қасиетін жырлап, өлең жолдарымен көркем түрде жеткізген Шылбы Көмекұлы былай жырлайды:

«Жігітке ақыл айтсам елемес пе?!
Өзіңнен үлкенменен ерегеспе.
Ата-анаң тірі болса шын береке.
Мысалы, шалқып жатқан көл емес пе?!
Алдыңда қадірі бар ағаң болса,
Жігітке асқар ала бел емеспе?!
Кемеңгер сыйласымды жеңгең болса,
Қазына таусылмайтын кен емес пе?!
Ақылды алған жарың жақсы болса,
Өзіңмен анық бірдей тең емес пе?!
Артыңда інің болса, қолың ұзын,
Қолыңды тоңдырмайтын жең емес пе?!
Ер жетіп ұл балаңыз билеп тұрса
Алланың сүйген құлы сол емес пе?!
Қыз балаң көрікті боп пісіп тұрса,
Үйіндегі шын асылың сол емес пе?!
Келінің әдепті боп күтіп тұрса,
Ол-дағы шын байлықпен тең емес пе?!
Құдан мен құдағиың жақсы болса,
Дарияға бірге жүзген кеме емес пе?!
Ақылымен аймағына жігіт жақса,
Өзінше ол бір патша бек емес пе?!
Жездең мен тағы бірі күйеу болар,
Күйеуің жақсы болса сүйеу болар.
Жезденің ең жақсысы әкемен тең,
Жығылып, қисайғанда тіреу болар.
Тағы да біржиен мен нағашың да,
Білмеске ақыл айтып ағасың ба.
Нағашың, жиенменен ол да жақын,
Бар болса, алыс беріс арасында.
Қайын атаң, қызын берген қайын енең,
Күтеді көптеп үміт олар сенен.
Асырап саған бағып бермеді ме,
«Жүрегін» айырғандай бір денеден.
Осының бәрінің де еңбегі бар,
Болады жақсылыққа құдайым жар.
Ата-енең, әке-шешең бәрі бірдей,
Ұмытпай, қыз бен жігіт, есіңе ал»[13].

Алау Әділбаев

[1]«Ниса» сүресі, 1-аят

[2] Кейкін Ж. «Қазақ мақал-мәтелдерінің Алтын кітабы». –Алматы: Аруна, 2014.–632-б.

[3]Имам Бұхари. «Мухтасар Сахихул-Бухари». Дамаск: «Дәрул-Мустафа» баспасы, 2011. –735-б.

[4] Сейдімбек А..«Қазақ әлемі».  –Алматы: «Санат» баспасы, 1997. –464-б.

[5]Әбу Ләйс әс-Самарқанди. Тәнбиһул Ғафилин би әхәдиси сәидул әнбия-и уәл мусралин. –Бейрут: «Дәру ибн Кәсир», 2000. –135-б.

[6]«Нахыл» сүресі, 90-аят

[7]Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы. «Ит дүние». Таңдамалы шығармалар жинағы. – Алматы, «Халықаралық Абай клубы», 2008. – 416-бет

[8]«Хужурат» сүресі, 10-аят

[9] Адамбаев Б. «Тозған қазды топтанған қарға жейді».–Алматы: «Рауан» баспасы, 1991. –187-б.

[10]Мұхмаммд ибн Иса Әбу Иса әт-Тирмизи «Сунанут-Тирмизи»,–Бейрут: «Дәрул-ихиаайт-турасил-араби» баспасы, 1990. 1/247-б.

[11]Бұл да сонда.

[12]Дулат Бабатайұлы. «Замана сазы».  –Алматы: «Жазушы» баспасы, 1991. –148-б.

[13] Ырыскелдиев Т. Шылбы Көмекұлы және оның шығармалары. –Үрімжі:  «Шалғын» баспасы, 1990. –236-б.

Пікір жазу