Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның шаңырақ көтеріп жатқан жастардың неке қию рәсімдеріне куә ретінде қатысып тұратыны әлеуметтік желілерде жарияланады. Ел президенті арнайы тілек айта келе, елдің демографиясына алаңдаулы екенін де сөзге тиек етеді.
Жастарға бақыт тілей отырып: «Бір бала – жалғыз, екі бала – бәсекелес, үш бала – тең, төрт бала – берекет, қалғанына Алла Тағала Жомарт», – деп бата береді.
Түркия халқының саны ресми ақпарат бойынша 82 миллион адам. Десе де, ел президенті соңғы жылдары демографиялық өсім төмендеп бара жатқанын үлкен мінберлерде де айтып жүр. Түбі бір түркі елінің экономикалық және басқа да әлеуметтік салалары айтарлықтай жоғары деңгейде. Әрине, елдің дамуында халық саны маңызды фактор.
«Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар» дегендей, кезінде Досай шешен де жүрген жерінде осы мәселені насихаттайды екен. Бәйгелұлы Досай шешен:
Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар,
Екі баласы бардың болар-болмас халі бар,
Үш баласы бардың үш рулы елде малы бар.
Төрт баласы бардың төрт кұбыласы тең болар,
Бес баласы бардың дес бермейтін жөні бар.
Сегіз баласы бардың сергелдеңге салар көрі бар,
Тоғыз баласы бардын толғандырар жолы бар.
Он баласы бардың орда бұзар қолы бар, –
деп төрт емес, он балалы болуға дейін насихаттаған.
Бір отбасында үш бала халық санының тұрақтануына ықпал етеді. Ал, төртінші бала халық өсіміне үлес қоса бастайды. Кімнің төрт-бес балалы-шағалы болғысы келмейді?! Бірақ, баспанасыз пәтерден-пәтерге көшіп жүргенде балаға дұрыс күтім жоқ деп ойласа керек. Бұл да дұрыс шығар.
Бірақ, бүгінгі күннен әлдеқайда тұрмысы төмен өткен ғасырдың 50-60 жылдары қазақ шаңырағында кем дегенде 4-5 баладан болған. Ал, жартысына жуығы 7-9 балаға дейін тәрбиелеген.
Қазақта: «Қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады» деген аталы сөз бар. Әр бала өз ризық-несібесімен туады. Қала берсе, дүниеге келген перзент шаңырақтың берекетін арттыра түседі.
Халық санының өсіміне кері әсер тигізетін факторлардың бірі – үйленбеген жастардың көптігі. Еліміздің 26 пайызын құрайтын 14-29 жас аралығындағы жастардың миллионға жуығы бойдақ. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үйленіңдер, көбейіңдер. Мен сендердің көптігіңді басқа үмбеттер алдында мақтан етемін», – деген. Себебі, көптің ішінен дана да, батыр да шығады.
Мағқил бин Ясар (р.а.) сахабаның риуаяты: «Пайғамбарға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Текті және сұлу, бірақ, бала туа алмайтын әйел бар екен. Сол әйелге үйленсем деймін», – деп кеңес сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған басқа әйелге үйленуге кеңес береді. Бірақ, әлгі кісі бір емес, үш қайтара келіп, үйленуге рұқсат сұрайды. Сонда пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Жарқын жүзді, көп бала туатын әйелге үйленіңдер. Ақиқатында, мен сендерді басқа үмбеттер алдында мақтан етемін[1]», – деген екен.
Демек, риуаятта халық санының көптігінің маңыздылығы айтылуда. Десе де, хадисте бала туа алмайтын әйелге үзілді-кесілді үйленуге болмайды деп тұрған жоқ.
Құран Кәрімде Ибраһим пайғамбардың (ғ.с.): «Раббым, маған ізгі ұрпақ бер[2]», – деген мінәжаты бар. Еуропа елдерінде демографиялық дағдарыс кезеңі өтуде. Бұған кеш үйлену, балалы болуға асықпау, ажырасудың көптігі сияқты отбасы институтының жоғалуына алып бара жатқан факторлар себеп.
Имам Ғазали: «Ер азаматтың үйленудегі ниеті ұрпақ сүю болса, сол ниеті үшін сауап алады» дей келе, перзентті болудың неліктен құлшылық, яғни сауап іс екенін санамалап шығады.
«Біріншіден, жер бетінде ұрпақ қалдыру арқылы Алла Тағаланың сүйіспеншілігіне бөленгендіктен. Екіншіден, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өсиеті мен өнегесіне сай өмір сүргендіктен. Үшіншіден, бала-шаға – берекеттің кені. Ізгі ұрпақ ата-бабасына үздіксіз дұғада болады», – деген.
Тәуелсіздіктен кейін көрші елдерде демографиялық өсу артқан. Бұған елдеріндегі төмен экономика ешбір кері әсерін тигізбеген. Демек, ұлттың өсуін толықтай тұрмыстың жоғары деңгейімен байланыстыруға болмайды. Бұған дамыған елдердегі халық санының күрт төмендеуі де көрсеткіш болар. Сондықтан пәтер жалдап жүрсек те, ұрпағымызды көбейте беруіміз керек.
Руслан ҚАМБАР
[1] Әбу Дауд
[2] Саффат сүресі, 100-аят