Сұрақ: Карантин талаптарын бұзу күнә ма?

Жауап: Дін исламда адамның өмірі және оның құқығы мен денсаулығы бірінші кезектегі маңызды дүниелердің қатарында. Алла Тағала адамның өмірін, денсаулығын қызғыштай қорып, оны сақтауды әмір етеді. Сол себепті дінде адамның жалпы өміріне қауіп төндіретін, денсаулығына зиян тигізетін нәрселерге тыйым салынған. Егер бір елді-мекенде адам өміріне қауіп төндіретін дерт шықса, әрине, одан сақтану қажет. Ол дерттің өршіп кетпеуіне немесе індеттің жан-жаққа тарамауы үшін тиісті шаралар қолданылады.

Абдурахман ибн Ауф (р.а.) Алла елшісінің (с.ғ.с.): «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар», – деп айтқан сөзін жеткізген. Хадистен көргендей, карантин деген нәрсе сол замандарда да болған. Егер індет адам өміріне осынша қауіпті болса, онда хадисте айтылғандай адам өзіне және басқаларға қауіпті жағдай туғызбауы ләзім.

Бір күні халифа Омар ибн Хаттаб (р.а.) қасына нөкерлерін ертіп ұзақ сапарға шығады. Ол кісінің мақсаты – халифалыққа қарасты Шам аймағындағы бірқатар қалалар мен елді мекендердегі жағдаймен танысу еді. Сапар барысында Шам аймағында оба ауруының тарап жатқанын естиді.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  «Адамның төрт періштесі бар» дейді. Сол рас па?

Сөйтіп қасындағы сахабалар мен кеңесшілерінің бастарын қатерге тікпес үшін кері қайтуға әмір береді. Мұны естіген Әбу Убайда (р.а.): «Уа, мүминдердің әміршісі! Алланың тағдырынан қашып барасыз ба?» – дейді.

Омар ибн Хаттаб:

«Иә, Алланың бір тағдырынан қашып, екінші тағдырына барамын (яғни Алланың ауру деген тағдырынан, саулық тағдырына қашып барамын)», – деп жауап береді.

Кейін тақыр жер мен отты жерді мысалыға келтіреді. Егер малды отқа жаю үшін шөл жерден, көк жерге қоныс аударатын болса, онда бұл – бір тағдырдан екінші тағдырға ауысу деп түсіндіреді. Сол себепті карантин кезіндегі саулықта болу талаптарын орындау немесе ниет етіп қойған сапардан бас тарту және сол сияқты т.б. сақтық шараларын жасау құптарлық іс.

 Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу