Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол» акциясы аясында Ақтөбе қалалық орталық мешіті 40 мектепке қажетті құрал-жабдықтары мен сөмкелерді әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар мен көпбалалалы жанұяларға табыс етті.
Ұйымдастырушылар қайырымдылық акциясына атсалысқан қолы ашық, жомарт жандарға ризашылықтарын білдіріп, кәсіптеріне береке тіледі. Одан өзге шара қортындысында ата-аналар: «Оқу жылы басталғанда бір жанұядан бірнеше баланы киіндіріп, қажетті заттармен қамтамасыз ету барлық отбасыға бірдей оңай емес. Әсіресе, көп балалы жандарға біраз ауырлау. Дегенмен, мешіт жанынан ұйымдастырылатын осындай ізгі шаралар бізге үлкен көмек» деп алғыстарын білдірді.
Сондай-ақ аталмыш акция Ақтөбе облысының аудандарында да жалғасын тапты. Мәселен Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде 60 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтар табысталды.
«Біздің болашағымыздың кепілі – білімді ұрпақ. Ал баланың жастайынан білімді, алғыр болуы үшін ата-анасы мен ұстазының тәлімінен бөлек, материалдық жағдайының да жақсы болғаны маңызды. Осы тұрғыда «Нұр» мешіті биылда «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында Хромтау ауданының көпбалалы және жағдайы төмен отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына көмек берілді. Оқуға қажетті барлық құрал-жабдықтарды сатып алып, акцияға демеушілік жасаған жомарт жандарған шексіз алғысымызды білдіреміз» дейді «Нұр» мешітінің бас имамы Ерік Қонақбайұлы.