Аустралияның оңтүстік бөлігінде орналасқан Кубер-Педи қаласын кездейсоқ өткен жолаушы жер бетінен байқай бермейді. Тіпті ұшақтан да ол қаңырап қалған құрылыс орны секілді көрінеді. Өйткені, бұл қаланың бар тіршілігі жердің бетінде емес, астында жүріп жатыр.

Елді мекенде тұратын екі мыңға жуық адам негізінен жылтырақ тас қазатын шахталарда жұмыс істейді. Олардың жер астындағы үңгірде тұруының себебі – ауа температурасының тым құбылмалығына байланысты.

Бұл жерлерде күндіз ауа райы 40 градусқа дейін көтерілсе, түнде минусқа дейін барады. Оның үстіне қатты жел тұрып, құм дауылы көтеріледі.

Жергілікті халық осыдан жүз жыл бұрын алғаш рет жылтырақ тас шахталарына жұмысқа келгенде жер асты үйлерін жасауды қолға алған. Күндіз шахтада жұмыс істеп, түнге қарай ызғарлы суықта, желдің өтінде жүріп үйге қайтуды қолайлы көрмеген олар ешқайда кетпей, жер астына жасырынуды ойлап тапқан.

Осылайша жердің астында адам тұруға қолайлы пәтерлер пайда болды. Біртіндеп жер асты қаласында барлар, ойын залдары ашылып, заманауи елді мекенге керекті коммуникацияның бәрі жүргізілді. Тіпті арнайы сыйыну үйі де есігін ашты.

Аустралиялық аборигендер тілінен аударғанда Кубер-Педи (kupa piti) деген сөз «жер астындағы ақ адам» дегенді білдіреді екен.

Бүгінде қаладағы жер асты үйлері екі түрлі жолмен жасалады: «табиғи» және «заманауи».

«Табиғи» үйлер дегеніміз – жер асты үйі қазылып, бөлмелер жасалғаннан кейін қабырғалары мен төбелеріне шаң түспес үшін ПВА ерітіндісі жағылады. Сонда бөлме іші табиғи жер асты қалпын сақтайды.

Ал «заманауи» үйлерде бөлмелер жасалғаннан кейін қабырғаларын гипсокартонмен қаптап шығады. Соңғы әрлеуден соң бұл баспаналар кәдімгі заманауи пәтерден айырмашылығы болмай қалады. Тек терезелерінің жоқтығы ғана олардың жер асты мекені екенін білдіріп тұрады.

Сырттағы ауа райы қандай болғанына қарамастан үңгірлердегі ауа температурасы шамамен +22 градусты ұстап тұрады.

Kazislam.kz

Пікір жазу