Үндістанда тұратын әлемдегі ең үлкен отбасының басшысы 79 жасында дүниеден озды. Зиона Чананың артында 39 жесірі, 94 баласы мен 33 немересі қалды.
Чана жергілікті Чана Павл деп аталатын сектаның көшбасшысы болатын. Бұл сектаның абсты ұстанымдарының бірі – адамдарды мейлінше көп әйел алуға үндеу. Діни ағымды Чананың әкесі 1942 жылы құрған. Қазіргі күні оның құрамына 400-дей отбасы кіретін көрінеді.
Зиона Чана алғашқы әйеліне 17 жасында үйленген. Бір жылы ол 10 әйелді бірінен соң бірін алып, өзіндік рекордын жасаған. Оның үлкен отбасының барлық мүшелері жүзден астам бөлмесі бар төрт қабатты ғимаратта тұрады.
Чананың отбасын көру үшін кейінгі жылдары әлемнің түкпір-түкпірінен туристер көптеп келеді.
Айта кетейік, кейбір өзге дін өкілдері “Ислам мұсылмандарды көп әйел алуға шақырады” деп айыптайды. Шын мәнінде, Ислам діні келгенде көп әйел алуға шақырған жоқ, керісінше әйелдер санын шектеді. Бұрынғы дәуірде арабтар 10-20 әйелге дейін ала беретін. Ислам оның санын 4-ке дейін түсірді. Құранда айтылғандай, мұсылман ер адамға 4 әйелге дейін алуға рұқсат, бірақ олардың арасында әділ жасай алмаймын деп қорықса, 1 әйелмен ғана шектелгені дұрыс.