9 шілдеде Қарағандыда «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы мен «Ел тірегі – Елбасы» республикалық акциясы аясында 287 аз қамтылған отбасына азық-түлік жиынтығы табысталды. Атаулы әлеуметтік көмек алғандардың ішінде көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар да бар.
Акцияға AYALA қайырымдылық қоры мен «Халық» ҚҚ демеушілік етті.
Азық-түлік жиынтығы «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығында таратылып, волонтерлер мен белсенділер азық-түлікті мекенжайларға жеткізді.
«Біз 287 жиынтық алдық. Оны мүмкіндігі шектеулі балалары бар және көпбалалы аз қамтылған отбасыларға әкімдікпен ұсынылған тізім бойынша таратамыз. Бүгін 50 жиынтық тараттық. Қалғанын келесі аптада үлестіріп береміз. Бұл істе бізге «Жас Отан» волонтерлері көмектесуде. Тұрғындар акцияның ұйымдастырушыларына және демеушілеріне алғысы мен ризашылығын білдіріп, пандемия кезінде бұл жақсы көмек болғанын айтып жатыр», – деді «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының директоры Ләззат Қожахметова.
Шілде айында AYALA қайырымдылық қорынан азық-түлік жиынтығын аймақтағы қиын материалдық жағдайда қалған 1250 отбасы алады. Бұдан бұрын қайырымдылық қорымен көрсетілген көмек аясында Қарағанды облысында азық-түлік жиынтығымен аймақтағы 17 қала мен кенттегі 1000-ға жуық отбасы қамтылған болатын. Оның ішінде: Қарағанды, Балқаш, Жезқазған, Приозерск, Сәтпаев, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңарқа, Қарқаралы, Нұра, Осакаров, Шет және Ұлытау қалалары бар.
Еске сала кетейік, «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен осы жылдың ақпан айында басталған болатын. Жоба Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері марафонға 2,5 млн астам адам қатысты, атаулы көмек 167 мың адамға көрсетілді.
Марафонға ниет білдірген кез келген азамат қатыса алады. Ол үшін өзінің игі істерін әлеуметтік желілерде #ҚАЙЫРЫМДЫІСТЕРМАРАФОНЫ #МАРАФОНДОБРЫХДЕЛ ресми хештегімен жариялауы керек. Ұйымдастыру сұрақтары бойынша мына нөмірлерге +7 701 513 55 00, +7 7172 79 15 32 немесе инстаграмдағы @qaiyrymdy_ister_marafony аккаунты арқылы хабарласуға болады.