Мемлекет басшысының «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы «Фараб» облыстық кітапханасында «Қожа Ахмет Ясауи мұралары» кітап көрмесін ұйымдастырды. Іс-шара Республика күні қарсаңында өтті.
Көрмеге отандық және шетелдік ғалымдар, тарихшылар, дінтанушылар, зиялы қауым өкілдері, мәдениет және музей ісінің мамандары қатысты. Олардың қатарында Түркия, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген зерттеушілер болды.
Кітап көрмесінде Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен шығармашылығын, рухани мұрасын зерттеуге арналған ғылыми еңбектер, монографиялар, мақалалар жинақтары, аудармалар мен сирек басылымдар ұсынылды.
Іс-шара «Сырдарияның орта және төменгі ағысы алабындағы түркі мәдениеті» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында өтіп, көрмені 200-ге жуық адам тамашалады.
Қатысушылар Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналған ғылыми еңбектермен танысып, Қазақстан мен шетел ғалымдары зерттеу нәтижелері мен тәжірибелерін ортаға салды.








