Ислам діні – ақиқатқа, әділет пен бірлікке шақыратын дін. Алайда, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманынан кейін үмбет ішінде түрлі түсінбеушіліктер мен ағымдар пайда болды. Әсіресе алғашқы ғасырларда сенім мен ақида мәселесінде теріс түсініктер тудырған жамағаттар бой көрсетті. Осындай кезеңде Алла Тағала бұл үмбетке сенім ілімін жүйелеп, тура жолды айқындап берген ұлы ғұламаларды нәсіп етті. Солардың бірі әрі бірегейі – Имам Әбу Ханифа Нұғман ибн Сәбит (оны Алла рақымына алсын) болды.
Ол өз дәуірінде түрлі ағым өкілдерінің қате ұстанымдарына Құран мен сүннетке, ақыл мен нақылға сүйене отырып жауап беріп, Әһлус-суннә уәл-жамағат жолының негізін қалады.
Имам Әбу Ханифа хижри 80 жылы Куфада дүниеге келіп, Ислам ілімінің терең қанат жайған ортасында тәрбиеленді. Ол Абдулла ибн Масғудтың ілімін жеткізген ұлы ғалымдардан тәлім алды. Ұстаздарының қатарында Хаммад ибн Әби Сулайман, Ата ибн Әби Рабах, Икрима, Нафиғ секілді табиғин ғалымдар болған.
Ол шариғат ілімдері – фиқһ, ақида және тәпсір салаларын меңгеріп, ерекше зеректігімен танылды. Әбу Ханифа өз ілімін тек теориялық деңгейде емес, нақты дәлелдер мен қисынды тұжырымдарға сүйеніп жүйеледі. Оның шәкірттері Имам Әбу Юсуф, Мұхаммед әш-Шайбани, Зуфар сынды ғалымдар кейін бұл ілімді кеңінен таратты.
Имам Әбу Ханифа — Әһлус-суннә уәл-жамағат жолының сенімдік негізін нақтылап берген тұлға. Ол Алланы сипаттауда, тағдырға иманда, иман мен амалдың арақатынасында нағыз орта жолды ұстана білді.
Әбу Ханифа өмір сүрген дәуірде Харижиттер, Муржиттер, Қадария, Жабрия, Муғтазила сияқты ағымдар тараған еді. Бұлардың әрқайсысы сенім мәселесінде шектен шыққан ұстанымдарымен ерекшеленді.
Харижиттер – үлкен күнә жасаған мұсылманды діннен шықты деп есептеді.
Әбу Ханифа «Иман – жүрекпен сеніп, тілмен айту. Амал – иманның бір бөлігі емес, иманның жемісі», – деп түсіндіріп, үлкен күнә жасаған мұсылманды күпірлікпен айыптаудан сақтандырды.
Ал Қадария мен Жабрия ағымдары тағдыр мәселесінде шектен шықты. Бірі адамның еркіндігін абсолютті деп санаса, бірі ерікті жоққа шығарды. Әбу Ханифа «Алла Тағала пендеге ерік берген, бірақ оның еркі – Алланың қалауына тәуелді», – деп орта жолды ұстанды.
Муғтазила мазһабының өкілдері Алланың сипаттарын жоққа шығарды. Әбу Ханифа Алла Тағалаға «Тірі, естуші, көруші, сөйлеуші, қалаушы, істеуші» деген сипаттарды бекітіп, таухид ұғымын бұрмалаудан қорғады.
Бұл қағидалар оның «әл-Фиқһул Әкбәр» және «әл-Уасия» еңбектерінде жүйелі түрде баяндалды.
Қазіргі замандағы уахабилік және тәкфиршілдік бағыттағы ағымдар да жоғарыда өткен харижиттердің идеясын жаңаша түрмен жалғастыруда. Олар өз түсініктеріне сай келмейтін мұсылмандарды бидғатшы, мүшрик, тіпті кәпір деп айыптауға дейін барады.
Имам Әбу Ханифа бұл секілді көзқарас қатерін 13 ғасыр бұрын-ақ ескерткен. Ол өзінің еңбектерінде былай дейді:
«Біз мұсылмандардың барлығын иман иесі деп есептейміз. Олар күнә істесе де, Алланың мейірімінен үмітті және азабынан қорқушы болу керек» (Әл-Фиқһул әкбәр).
Бұл пікір — бүгінгі тәкфиршілдердің ұстанымына нақты қарсы жауап. Өйткені олар иманды тек сыртқы амалмен өлшейді, ал Әбу Ханифа иманның негізі жүрек сенімі екенін нақтылаған.
Сондай-ақ имам Ағзам Әбу Ханифа «әл-Уасия» еңбегінде: «Біз иманның амалдан бөлек екендігін нақты айтамыз. Өйткені көп жағдайда мүмінге амал міндеттелмейтін кездер болады. Бірақ иманның міндет болмауы мүмкін емес. Мәселен, хайз, нифас кезіндегі әйелге намаз оқу мен ораза ұстау міндеттелмейді. Алайда «Алла Тағала хайз, нифас күйдегі әйелге иманды тәрк етуді бұйырды» деу мүмкін емес. Шариғат мұндай күйдегі әйелге «Оразаны қоя тұр, сосын қазасын өте» дейді. Бірақ «Иманды қоя тұр, сосын қазасын өте» деп айту дұрыс емес. Сол секілді «Кедей адамға зекет парыз емес» деп айту дұрыс. Алайда «Кедей адамға иман парыз емес», – деп айтуға болмайды», – деп иман мен амалдың екі бөлек нәрсе екенін, осылайша қандай да бір парыз амалды орындамаған адамның діннен шықпайтынын, иманнан айырылмайтынын ұғындырған.
Сондай-ақ, уахабилік ағымның Алланың сипаттарын түсінудегі Аллаға адам сипатын телу бейімдігіне де имам Әбу Ханифа еңбектерінен жауап табуға болады.
«Әл-Уасия» кітабында имам Әбу Ханифа: «Егер Алла Тағала Аршқа отыруға немесе орнығуға мұқтаж болса, Аршты жаратпай тұрғанда қайда еді?! Алла Тағала мұндай сипаттардан ұлы әрі жоғары», – деген болатын. Бұл сөзден де біз Құран аяттары мен хадистердегі Алланың сипаттарына қатысты мутәшәбиһ мәтіндерді түсінудегі өзіндік жолы Алланы жаратылыстарға ұқсатушы ағымдардан өзгеше екендігін байқаймыз.
Имам Әбу Ханифа — Ислам сенімінің шынайы тұғырын бекіткен ұлы имам. Оның еңбектері арқылы мұсылмандар таухид, иман, тағдыр, амал, сипат мәселелерінде орта жолды таба алды.
Бүгінгі күні де оның «әл-Фиқһул Әкбәр» мен «әл-Уасия» еңбектеріндегі қағидалар жат ағымдар мен радикалды түсініктерге қарсы ең нақты әрі дәлелді жауап болып қала береді.
Имам Әбу Ханифаның ілімі бірлік пен үйлесімге шақырады. Сондықтан қазіргі қоғамда имамның сенімдік қағидаларын түсіндіріп, жастардың жүрегіне сіңіру — әрбір діни қызметкердің міндеті.
Асқар ӘБІТАЙҰЛЫ,
Абай облысының бас имамы
Мұнара газеті, №3











