Мәдина шаһары. Күн еңкейіп, алтын сәулесін құмға төгіп тұрған шақ. Айналада бір тыныштық орнаған. Сол тыныштықтың ішінде терең бір сыр жатқандай.
Адамдар топтасып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) сөзін тыңдап отыр еді. Оның әрбір сөзі жүрекке жетіп, ойға сәуле түсіретін.
– «Зекет – мал мен дәулеттің сақшысы», – деді ол байыппен.
Осы сөз дәл сол сәтте жанынан өтіп бара жатқан бір христиан саудагердің құлағына жетті. Ол тоқтай қалды. Бейтаныс сөздер емес, бірақ мұндай мағынада сөз бұрын естімеген. Ол үнсіз ғана тұрып, айтылғандардың бәрін тыңдады.
Жүрегінде бір қозғалыс пайда болды. Бірақ ол әлі сенбеді. Тек ойланып қалды.
Сол күні кешке ол өз есеп-қисабын қарап отырып, әлгі сөздерді қайта есіне алды.
– «Малдың қорғаны…» – деп күбірледі.
Сосын бір сәт ойланып, кенет шешім қабылдады. Ешкімге айтпай, малынан зекет шығарып берді. Бірақ бұл – сенімнен туған іс емес, сынау үшін жасалған қадам еді.
Өйткені оның серігі алыс сапарда, Мысырға қарай керуенмен кеткен болатын. Ол заманда жол қауіпті еді – қарақшылар кез келген сәтте шабуыл жасауы мүмкін.
Саудагер түнде жалғыз отырып, іштей былай деді:
– Егер бұл сөз рас болса… серігім аман келеді. Егер рас болмаса… бәрі тоналады.
Оның жүрегінде бір жағынан үміт, бір жағынан күдік арпалысып жатты.
Күндер өтті.
Бір күні оған алыстан хат келді. Ол хатты асыға ашты. Бірақ алғашқы жолдарын оқыған сәтте жүзі солып кетті.
«Қарақшылар керуенді тонап кетті… ештеңе қалмады…»
Хат қолынан сусып түсе жаздады. Көзі қарауытып, жүрегі сыздап кетті.
– Демек… бәрі бекер… – деді ол күбірлеп.
Ашуға булыққан ол орнынан атып тұрды. Қылышын асынып:
– Егер ол адам өтірік айтса, мен оған қарсы шығамын! – деп сыртқа беттеді.
Дәл сол сәтте есік қағылды.
Тағы бір хат.
Қолдары дірілдеп, оны ашты.
«Досым, уайымдама! Қарақшылар керуенге шабуыл жасағанда, мен артта қалып қойған едім. Сондықтан маған да, тауарымызға да еш зиян келмеді. Бәрі аман. Жақында ораламын…»
Саудагердің көзіне жас келді. Жүрегі дүрсілдеп, тұла бойы шымырлап кетті.
Ол үнсіз отырып қалды.
– Бұл… қалай? – деді баяу ғана.
Бірақ жүрегі жауапты біліп тұрған еді.
Ол сол сәтте-ақ орнынан тұрып, Мәдина көшелерімен асыға жүріп өтті. Жүрегі бір нұрға қарай тартып бара жатқандай.
Көп ұзамай ол Мұхаммед пайғамбар (с.а.у.) алдына келіп тоқтады.
Көзіне тура қарап:
– Уа, Алланың Елшісі… Маған осы дінді түсіндіріңіз. Мен ақиқатты таныдым, – деді.
Пайғамбар (с.ғ.с.) оған ислам діні туралы баяндап берді. Әрбір сөз – жүрекке тыныштық, әрбір мағына – жанға нұр еді.
Сол күні ол иман келтірңп, мұсылман болды.
Ал оның жүрегінде бір ақиқат мәңгілікке орнықты:
Зекет – тек малды кемітпейді, керісінше, көзге көрінбейтін қорған болатынына көзі жетті.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ










