Сұрақ: Дінді қиындатып түсіндіретін кейбір бейресми «уағызшылар» бар. Оларды тыңдауға бола ма?
Жауап: Ислам – кемшіліксіз кемел дін. Дәстүрлі ислам қағидалары «жеңілдетіңдер», «қиындатпаңдар», «дінде шектен шықпаңдар» деген тыйымдармен жеңілдікке негізделген. Алла адамдарға шамасынан тыс амалдарды міндеттемейді. Керісінше жеңілдетуді көздейді.
Бірақ, қазіргі қоғамдағы түрлі ислам атын жамылған уағызшылар дінді бұрмалап, қиындатып, дінге қара күйе жағуда. Адамдар радикалды діни топтардың іс-әрекеттерін дұрыс талдамай, исламды қатыгездік діні немесе фанатизм діні деп бұрыс пайымдайды.
Мәселе дәстүрлі Исламда емес, адамдардың қате түсінігінде. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Ақиқатында, дін – жеңіл, (бірақ) кім дінді (жеңілдікті ұстанбай) қиындатса, (дін) оны жеңеді. Дұрыстықты ұстануға тырысыңдар, (жеңілдікке) жақындатыңдар және қуантыңдар, сондай-ақ таңсәріде, түс қайта және түннің бір бөлігінде Алладан жәрдем сұраңдар», деген.
Демек, Исламның шарттарын орындауда асыра діншілдікке бой алдырмай, орта жолды ұстану қажет екен.
Діни ақпарат іздегенде ҚМДБ ұсынған дұрыс дереккөздерге жүгіну, адасушылықтан сақтайды.
Икрам АЙТАЕВ









