Ақтөбе қаласындағы облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде өткен жұма намазы барысында көпшілікке үлгі боларлық игі шара өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы «Уақып» корпоративтік қайырымдылық қорының директоры Азамат Әбдікәрімұлы Мұғалжар аудандық «Нұртай» мешітіне қызметтік мақсаттағы жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігінің сертификатын табыстады. Салтанатты сәтте көлік кілті ауданның Бас имамы Мұхаммедисмаил Шадманға беріліп, оның діни қызметіне сәттілік пен береке тіленді.
Бұл автокөлік мешіттің діни-ағартушылық жұмыстарын жандандырып, шалғай ауылдарға жетуге, әлеуметтік көмек пен қайырымдылық шараларын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бұл игі іске демеушілік жасаған ақтөбелік жомарт кәсіпкерлерге облыстың Бас имамы Амантай Садиев алғыс білдіріп, жамағатпен бірге арнайы дұға жасалды.
Жаңа көлік Мұғалжар ауданындағы діни қызмет сапасын арттырып, имамдардың халықпен байланысын күшейтуге ықпал етпек. Уақып арқылы жүзеге асып жатқан мұндай бастамалар қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін нығайтуға қызмет етеді.









