Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақ елінің көк паспортын иеленген әрбір отандасымыз әлемнің қай түкпірінде жүрсе де мемлекеттің қорғауы мен қамқорлығында болатынын жиі айтып жүр. Күні кеше мәслихат депутаттарының ІІІ форумында да Таяу Шығыстағы шиеленісті ахуалға тоқтала келе, еліміз қақтығыс аймағында жүрген азаматтарын далада қалдырмай, туған жерге әкеліп жатқанын атап өтті.
«Азаматтарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз». Бұл – жай ғана ұран немесе популизм емес, мемлекеттік саясатымыздың бұлжымас қағидаты», деп атап өтті Қ.Тоқаев.
Президент айтқандай, шын мәнінде Қазақстан өз азаматтарын ешуақытта тағдыр тәлкегіне қалдырған емес. Пандемия кезінде де, өз елімізде су тасқыны, өрт, басқа да төтенше жағдайлар туындаған шақта да мемлекет қиындыққа душар болған тұрғындарға жан-жақты қол ұшын созғаны мәлім.
Ал шет аймақтарда жәрдемге мұқтаж болған адамдарға жасалған қамқорлықтың жарқын мысалдарын сонау тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан да келтіруге болады. Мәселен, 90-жылдардың басында Тәжікстанда азамат соғысы басталғанда сол жақтағы қазақтарды ұшақпен алғаш болып алып шыққан да біздің еліміз еді. Одан бергі тарихқа көз жүгіртсек, ең бірінші болып ойға оралатын оқиға – «Жусан» гуманитарлық операциясы. Радикалды діни идеологияның ықпалына ерген жүздеген отандасымыз «халифат орнатамыз» деген алдап-арбауға сеніп, туған жерін тастап, жыраққа кеткені белгілі. Көпшілігі отбасымен, бала-шағасымен бірге шекара асып, оқ пен оттың ортасында өмір сүріп жатқан еді.
Дегенмен сол жолы да мемлекетіміз жат жерден жұмақ іздеп, адасқандарды көзден таса қылмай, далаға тастамай, бірнеше кезеңнен тұратын «Жусан» операциясын ұйымдастырып, 500-ден астам отандасымызды туған жерге алдырды. Неге? Өйткені олар да қастерлі көк паспорттың иегерлері. Президент Қ.Тоқаев атап өткендей, паспортымыздың қуаты мемлекетіміздің ықпалынан, халқымыздың жасампаз рухынан, заманның озық идеяларын игере алатын қабілетімізден көрінеді.
Ал бұл жолы мемлекетіміз Таяу Шығыстағы шынайы соғыс жағдайында тұрған елдерден Қазақстан азаматтарын қосымша арнайы ұшақ жіберіп, эвакуациялауды өз жауапкершілігіне алды. Сыртқы істер министрлігінің 10 наурыздағы мәліметінше 8 585 отандасымыз елге оралған. Оның 66-сы Ираннан.
«Аймақтағы ахуалға байланысты азаматтарды әуе және құрлық арқылы эвакуациялау жұмыстары жалғасып жатыр. Алдағы күндері Израильден – 78, Қатардан – 350, Біріккен Араб Әмірліктерінен – 550, Сауд Арабиясынан – 300 адамды қайтару жоспарда бар», деп мәлімдеді СІМ баспасөз қызметі.
Қазір әлемде өзінің елі мен жері, паспорты жоқ отансыз халықтар аз емес. Отаны болса да, соғыс пен өзге де күрделі жағдайдың салдарынан туған жерінен безген босқындар қаншама? Осындайда «Қазақстан» атты киелі шаңырағымыздың, ұланғайыр жеріміздің, осы елдің төл перзенті екеніңді білдіретін көк паспортыңның барына шүкір ету керек. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын!» дейді Ахмет Байтұрсынұлы. Көк туы мен көк паспортын қасық қаны қалғанша қорғайтын отаншыл азаматтарымыз барда, Қазақ елінің іргесі берік, шаңырағы биік бола берері сөзсіз!
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ









