Бүгінгі сұхбатымызда «Qamqor-Astana» қоғамдық қорының теолог маманы, Ислам құқық ғылымдарының PhD Исатай Бердалиев діннің жастар тәрбиесіндегі орны, әлеуметтік желіден діни ақпарат алу, конфессияаралық келісім, тағы басқа да өзекті тақырыптарда әңгіме қозғады.
– Қазіргі қоғамда дәстүрлі діннің жастар тәрбиесіндегі рөлі қандай?
– Қазіргі қоғамда дәстүрлі дін жастардың рухани және адамгершілік тәрбиесін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Қазақ халқының дәстүрі мен әдет-ғұрпы, менталитеті адалдық, жауапкершілік, үлкенге құрмет, кішіге ізет сияқты құндылықтарды дәріптейді. Мұндай құндылықтар жас ұрпақтың бойына дұрыс мінез-құлық қалыптасуына ықпал етері сөзсіз.
Бүгінгі таңда Қазақстанда мешіттер мен басқа да діни орталықтарда жастарға арналған тәрбиелік кездесулер, дәрістер тұрақты түрде өткізіледі. Бұл кездесулерде дін қызметкерлері оның ішінде теологтар жастарға дінді дұрыс түсіндірумен қатар, қоғамға пайдалы азамат болудың маңызын түсіндіреді. Осындай игі шаралардың нәтижесінде жастар арасында еріктілік, қайырымдылық сияқты жақсы үрдістер дамып келеді.
– Әлеуметтік желілерде тарайтын діни ақпараттардың сенімділігі мәселесі қаншалықты өзекті?
– Қазіргі уақытта әлеуметтік желілерде таралатын діни ақпараттардың сенімділігі мәселесі өте өзекті. Осы күнге дейін, интернетте кез келген адам діни тақырыпта пікір айтып, түрлі уағыздар жариялай алатын. Алайда Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 490 бабына сәйкес, діни мазмұндағы ақпаратты әлеуметтік желілерде таратуға шектеу қойылған. Сонымен қатар, діни білімі жоқ бұқара халықтың діни мазмұндағы ақпараттарының барлығы бірдей дұрыс немесе ғылымға негізделген бола бермейді.
Мысалы, кейбір шетелдік радикалды топтар әлеуметтік желілер арқылы жастарға әсер ететін бейнематериалдар мен жазбалар таратады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының республикалық және аудандық соттарының шешімімен тыйым салған уағызшылары мен діни әдебиеттерді әлеуметтік желілерде жариялауды шектеу арқылы да деструктивті деп табылған ағымдардан сақтануды көздейді. Осыған дейінгі кейбір теріс пікірдегі тарап кеткен ақпараттарға сеніп қалған жастардың радикалды көзқарастарға еріп кету қаупі өте жоғары. Сондықтан ресми діни мекемелердің сайттары мен білікті теологтардың түсіндірулеріне сүйену өте маңызды. Сонымен қатар қазіргі таңда, «Ұстаздар әлемі» және «Заман талабы» т.б. сынды сенімді студиялардың шығарған насихаттарын тыңдауға кеңес беремін.
– Жастардың радикалды идеологияға ермеуі үшін қандай профилактикалық жұмыстар жүргізілуі керек?
– Жастардың радикалды идеологияға ермеуі үшін жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуі бүгінгі күннің ең маңызды тақырыптарының басында тұруы шарт. Ең алдымен, білім беру ұйымдарында теолог мамандардың қатысуымен діни сауаттылықты арттыруға бағытталған дәрістер мен кездесулер тұрақты ұйымдастырылуы керек. Үлкен қалалар мен аудан орталықтарында орта мектеп болсын, жоғарғы оқу орындарында болсын, теологтар мен дінтанушылар жастармен тұрақты кездесулер өткізіп, радикалды ағымдардың қауіптілігі туралы түсіндіру бүгінгі күннің талабы.
Сонымен қатар, аумақтық және республикалық ақпараттық-түсіндіру топтары халық арасында кездесулер өткізіп, діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған кездесулерді жиі өткізіп тұру керек. Мұндай шаралар жастардың сыни ойлау қабілетін арттырып, жалған идеологиялардың ықпалына түспеуіне көмектеседі. Өйткені діни кейбір сұрақтардың жауабы жалпы қоғамға болғанымен, жеке адамдар өзіне тікелей қатысты тұстарын таба алмай жатады. Осындай кезде білікті теолог маманнан жүзбе-жүз сұрау мүмкіндігі беріледі. Бұған қоса алғанда, радикалды деп саналатын діни түсініктер мен әдебиеттердің зардаптары туралы маманнан естігенде, жастардың жадында қалары сөзсіз.
– Діни құндылықтар қоғамдағы бейбітшілік пен өзара құрметті қалыптастыруға қалай ықпал етеді?
– Діни құндылықтар қоғамдағы бейбітшілік пен өзара құрмет мәдениетін қалыптастыруға үлкен ықпалы бар деуге толық негіз бар. Ислам ғұламаларының, яғни ислам дінінің құқықтық жүйесін (Фиқһ) жазған ғалымдардың әдебиеттері барлығы бес бөлімде қарастырылған. Соның бір бөлімі құдаймен қарым-қатынасты реттеуші бөлім болса, басқа төрт бөлімінде қоғамдық қарым-қатынасты реттеуге бағытталғанын көреміз.
Нақтырақ айтар болсақ, дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабында негізгі төрт мәтін (мутну л-Арбаға), бұл төрт әдебиет осы тәсілді қолданған. Бұған қоса алғанда барлық дін оның ішінде ислам діні адамдарды мейірімділікке, әділдікке, сабырлыққа және бір-біріне құрметпен қарауды міндеттейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) «Нағыз мұсылман – өзгелерге тілімен де, қолымен де зиян келтірмеген адам» деген сөзін айтуға болады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда Қазақстанда әртүрлі ұлт пен дін өкілдері бейбіт өмір сүріп келеді. Бұл – қоғамдағы толеранттылық пен өзара сыйластық мәдениетінің нәтижесі. Діни мерекелер кезінде адамдар бір-бірін құттықтап, қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады. Мұндай дәстүрлер қоғамдағы татулық пен бейбітшіліктің кепілі дей аламыз.
– Әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы диалогты дамыту не үшін маңызды?
– Ұлтсыз және дінсіз адам болуы мүмкін емес. Өйткені адамның жаратылыс табиғатында бар. Міне, осындай себептерден де бір қоғамда «Діндер арасында диалог болмаса, бейбітшілік болуы мүмкін емес» деген – теология ғылымдарының профессоры Ханс Кюнг тұжырымдаған. Дінаралық диалог діни және бейбітшілікті нығайту ісінде маңызды рөл атқарады. Міне осы себептен де әртүрлі конфессия өкілдері арасындағы диалог қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті нығайту үшін маңыздығы орасан зор. Мұндай диалог түрлі дін өкілдерінің бір-бірінің сенімін құрметтеуіне және ортақ құндылықтарды тауып, жергілікті тұрғындарды алауыздықтан сақтайды және тұрақты қоғамның қалыптасуына мүмкіндік береді.
Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдан бастап бүгінге дейін түрлі дін өкілдерінің қатысуымен халықаралық деңгейде діндер съезін ұйымдастырып келеді. Осындай әлемдік деңгейде діни лидерлер арасында ұйымдастырылған кездесулер мен форумдар еліміздегі дін өкілдерінің мерейін үстем етіп, өзіне деген сенімділігіне күш беруде. Бұндай алаңдарда діни көшбасшылар бейбітшілік пен келісімді, өзара түсіністік және ынтымақтастық мәселелерін талқылайды. Айтпағым, діндер арасындағы диалог, қоғамдағы келісім мен тұрақтылықты сақтау үшін басқа жол жоқ дей аламын.
– Қоғамдағы діни мәдениетті қалыптастыруда имамдар мен теологтардың рөлі қандай?
– Имамдар мен теологтар қоғамда дұрыс діни түсінікті қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Жергілікті бұқара халыққа діннің шынайы мәнін түсіндіріп, радикалды немесе бұрмаланған көзқарастардың алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, қоғамның қоғамның діни талаптарына сай түсіндіру жұмыстарын жоспарлай отырып ғылыми әрі практикалық тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Әр апта мешіттерде жұма уағыздарын қоса алғанда күнделікті уағыз-насихатта имамдар мешітке келген адамдарды білім алуға, заңды құрметтеуге, қоғамда бейбіт өмір сүруге, басқасының ақысына кірмеуге, қоғамдық жерде болсын жеке басына болсын бұзақылықтан аулақ болуға шақырады.
Сонымен қатар, теологтар мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық орындарында, мектептерде, университеттерде және сауда орындары мен адамдардың көп шоғырланған орындарда кездесулер мен дәрістер өткізіп, діни сауаттылықты арттыруға үлес қосады.Деструктивті діни ағымдардың сыпаттары мен зияндарын түсіндіре келе, жат ағымдардан сақ болудың жолдарын нақты көрсетеді.
Ежелден бүгінге дейін қоғам арасында тұрақтылық пен рухани мәдениеттің дамуында дін өкілдері көзден таса қалмаған. «Байығың келсе дін ойлап тап» деген қағида әлемнің барлық елінде бар. Өйткені дінсіз, яғни құдайсыз адам, табиғатымызға жат. Діннің атын жамылып, жеңіл өмір сүргісі келетіндер кеше болды, бүгін бар, ертеңде болады. Міне бұндай адамдар қоғам арасындағы вирус іспеттес. Бұл вируспен күресу теологтардың негізгі қызметі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Е.ЕРҒАЛИҰЛЫ









