Сұрақ: Харам деген не?
Жауап: Харам – араб тілінде «тыйым салынған», «рұқсат етілмеген», «қайтарылған» деген мағыналарды қамтиды. Яғни, шариғат бойынша тыйым салынған іс немесе нәрсе.
Адам харам істі әдейі істесе, күнә арқалайды, харамнан бас тартса, сауап алады.
Харам мәселесі Құран мен хадистерден негіз алады. Харам санатына ішімдік ішу, құмар ойнау, зина жасау, адам өлтіру, ғайбаттау, жала жабу, ұрлық жасау, адамның ақысын жеу, шошқа етін жеу, т.б. амалдар мен заттар кіреді.
Харам етілген зат немесе іс-әрекет өзінің затына тән, жамандық пен ластық себебімен болады.
Харамға бейім адам күнәға батып, жүректері қарайып, иманы әлсіреп, дүниесінің берекесі кетеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Жәннатқа жақындататын амалдар – сендерге бұйырған амалдарым, тозаққа апаратын амалдарым – сендерге тыйым салған амалдарым» – десе, тағы бір хадисінде: «Халал ризық іздеу – мұсылмандарға парыз» – деген.
Демек, Алланың берген нығметтерінің адалын жеп, арамынан аулақ жүру мұсылманға тән қасиеттерден болуы керек екен.
Икрам АЙТАЕВ









