«Ұста мұрасы: шеберлік пен дәстүр» атты көрмеге суретші-шебер, зергер, реставратор Ерғазы Исатаевтың 90 туындысы қойылған.
Жәдігерлер тері, сүйек, темір, жез, ағаш т.б. материалдардан жасалған. Қару-жарақ түрлері, ыдыс-аяқтар, тұрмыстық бұйымдар, әрқилы құралдар, бесік, ошақ т.б. заттар көрме қонақтарын бір сәтке көшпелі ғұмыр кешкен дәуірге апарғандай болды.
Әсіресе, жылқы мүсіні көпшіліктің назарын аударды. Ондағы ат әбзелдері – Қарағанды облысының Қарқаралы ауданындағы б.з.д. VII-VI ғасырларға тиесілі Талды-2 қорымынан табылған бұйымдардың реставрациясы.
– Бұл жұмысты екі айда жасадым. Алдымен пластмассадан аттың қаңқасын дайындадым. Содан соң, жылқыны сойып, терісін, тұяғын, құлағын, жалын, құйрығын осы мүсінге кигіздім. Тері ішінен тұздалғандықтан, бұзылмай, сақталады. Ал Талды-2 обасынан табылған түпнұсқа ер-тұрман мен ат әбзелдері, негізінде, алтын болған. Реставрациясында біз алтын түстес бояумен боядық, – деді Е.Исатаев.
Сондай-ақ XVIII-XIX ғасырларда батырлар киген сауыттың реконструкциясына да көрме қонақтары айрықша мән берді.
– Кіреуке мен дулыға өте күрделі технологиямен жасалды. Төс тұсындағы оқ өтпейтін болат шарайнаға өрнек салу өте қиын шаруа. Ал ұсақ-ұсақ темір шығыршықтарды бір-біріне кигізіп, беренді өру – шұқыма жұмыс. Өнердегі 50 жыл ішінде ең ұзақ уақыт алған туындым – осы. Бір жылда дайындадым. Қазақстанда мұндаймен 1-2 шебер ғана айналысады. Өйткені сауыт жасау асқан ыждағат пен табандылықты талап етеді, – дейді көрме авторы.
Айта кетейік Ерғазы Исатаевтың бұған дейін ондаған көрмесі ұйымдастырылған. Жұмыстары Франция, Кувейт, Оман, Түркия, Ресей тәрізді шетелдерде де қойылған.
Ал бұл көрмесі Астанадағы ҚР Ұлттық музейінде 20 сәуірге дейін ашық болмақ.
https://kaz.inform.kz/news/elordada-kazaktin-bayirgi-omr-saltin-pash-etetn-korme-ashildi-ab12ee/









