Бүгін Қазақстанда жалпыұлттық Наурыз мерекесіне арналған Наурызнама онкүндігі басталды. Оның алғашқы күні – «Көрісу күні – Амал мерекесі». Бұл – адамдардың бір-бірімен жүздесіп, жылы лебіз айтып, үлкендерге құрмет көрсетіп, қоғамдағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтатын ерекше күн.
Көрісу күні Наурыздың басталуын білдіріп қана қоймай, адамдардың бір-біріне деген ықыласын арттырып, ұрпақтар сабақтастығын сақтауға және рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуге үндейді. Бұл күні қоғамдағы маңызды қағидалар – үлкенге құрмет, жақындарға қамқорлық көрініс табады.
Көрісу күнінің мәні тек мерекелік күнмен шектелмейді. Ол адамдарға жылы сөздің, шынайы қарым-қатынастың және адамгершілік құндылықтардың маңызын еске салады. Дәл осындай игі ниеттен жаңару мен жасампаздықтың, бірліктің мерекесі бастау алады.
Наурызнаманың алғашқы күні бүкіл онкүндікке ерекше мән беріп, қоғамды дәстүр, мәдениет және өзара құрмет идеясы төңірегінде біріктіреді. Көрісу күні – ашықтықты, бірлікті және мәдени мұраға деген құрметті дәріптейтін ұлттық болмыстың жарқын көрінісі.
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде «Көрісу күні – татулықтың бастауы» атты мәдени-танымдық іс-шара өтеді. Ұлттық музейдің Атриумында «Амал мерекесі – ізгілік пен бірліктің белгісі» атты бағдарлама ұйымдастырылады. Құддыс Қожамияров атындағы Республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры «Наурыз – театрлар мен мәдениеттердің қауышу мерекесі» жобасын ұсынады.
«Астана Опера» театрында «Күймен келген Көрісу» атты концерт өтсе, Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде «Көрісу күні – Амал мерекесі» акциясы ұйымдастырылады.
Астанада ұлттық ойындарға арналған «Tartys Fest» фестивалі өтеді. Фестиваль аясында арқан тарту жарыстары жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып өткізіледі. Алматы қаласында Көктөбе алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты мерекелік концерт ұйымдастырылады.
Бұл күні мерекелік іс-шаралар еліміздің өңірлерін де қамтиды. Ақмола облысында «Көрісу күні» дәстүріне арналған концерттік бағдарламалар жоспарланған. Түркістан облысында «Көрісу күні – Амал мерекесі» атты облыстық челлендж өтеді.
Ал, Батыс Қазақстан облысында көрермендерге «Наурыз думан» атты мерекелік концерт ұсынылады.









