ҚМДБ Әйел-қыздар секторының БҚО өкілдігі мен «Руханият» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен балаларға арналған «Ғажайып Рамазан балы» рухани-танымдық кеші өткізілді. Шараның басты мақсаты – қасиетті Рамазан айының қадір-қасиетін дәріптеу, әйел жамағатының сенімін арттыру және ДДА өкілдерімен рухани байланысты нығайту болды.
Кеш екі бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде балалар діни-танымдық көріністі тамашалап, Рамазан, Құран, Тарауих, Құрма және Су рөлдеріндегі кейіпкерлер арқылы оразаның мәнін үйренді. Disney кейіпкерлері – Куроми мен Стич балаларға ислам діні жөнінде сұрақтар қойып, сұрақ-жауап түрінде дін негіздерін түсіндірді.
Екінші бөлімде балалар арасында интеллектуалды сайыс ұйымдастырылып, 12 адамнан құралған 9 команда өзара бақ сынады. Қатысушылар діни-танымдық сұрақтарға жауап беріп, білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті. Жүлделі орын алған жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды, қалған балақайлар да естелік сыйлыққа ие болды.
Кеш соңында БҚО Әйел-қыздар секторының жетекшісі Жәния Бақытқызы өткен байқаулар мен интеллектуалды ойындардың жеңімпаздарын марапаттап, шара көтеріңкі көңіл-күйде, рухани серпіліспен аяқталды.










