Сұрақ: Әйелдермен қарым-қатынасымыз қандай болу қажет?
Жауап: Ислам – еркек пен әйелдің орнын айқындап берген дін. Әйел азаматшалардың отбасында өзіндік орны бар. Отбасында екі жақтың да мінезіне қарай талас-тартыс болатыны белгілі. Негізі сабырлылық пен түсіністік танытып, отбасын сақтап қалу абзал. Ашуға бой алдырып, ажырасуға бел байлау құпталған амалдардан емес.
Әйелмен қарым-қатынас сыйластық пен құрметке негізделсе, қиыншылықтарда бір-біріне қолдау білдірсе, бір-біріне қиянатқа бармаса, берекелі отбасы болады. Ашуға ерік беріп, дұрыс шешім қабылдамаса, соңында өкінеді.
Құран аяттары мен хадистерде отбасы құндылықтары айтылып, әйелдермен дұрыс қарым-қатынаста болуға бұйырған. «Ниса» сүресінің 19-аятында: «Әйелдеріңмен жақсы тұрып, жақсы қарым-қатынаста болыңдар», десе, Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Мүмін ер адам еш уақытта мүмін әйелді жек көруші болмасын. Егер де қандай да бір мүмін әйелдің әлдебір мінезі көңіліне жақпаса, басқа бір қасиетін ұнатар», деп айтты делінген.
Демек, отбасы құндылығын сақтау басты назарда болуы керек екен.
Икрам АЙТАЕВ










