Жезқазғандағы С. Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында «Әділ және прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» Жалпыұлттық коалиция мүшелері облыс тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Делегацияны Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева басқарды. Жиынға сондай-ақ депутаттар, сарапшылар, қоғамдық белсенділер, заңгерлер, білім беру саласының өкілдері, өңір тұрғындары қатысты.
Жиынды ашқан Аида Балаева жаңа Конституция жобасының білім, ғылым, мәдениет және инновацияларды дамытуға, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті және тарихи-мәдени мұраны сақтау бағытындағы нормаларына ерекше назар аударды.
«Жаңа Конституцияда ұлттық мәдениетті дамыту мен тарихи-мәдени мұраны сақтау мәселелері де нақты көрсетілген. Менің ойымша, бұл біздің ұлттық бірегейлігімізді сақтауға және рухани құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізуге бағытталған маңызды қадам. Жоба аясында білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі заманда адам капиталы – кез келген мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің басты факторы. Мықты мемлекеттің тірегі – прогрессивті ойлайтын ұлт, дамыған мәдениет және жоғары интеллектуалдық потенциал», деді ол.
Сонымен қатар, Аида Балаева жаңа Конституция жобасы негізгі демократиялық принциптерді, соның ішінде сөз бостандығын кепілдендіруді, азаматтардың абыройы, қадір-қасиеті мен құқықтарын қорғауды қамтамасыз ететінін атап өтті.
«Жаңа Конституция жобасы дамыған елдердің тәжірибесіне сүйене отырып, сөз бостандығын толық қамтамасыз етеді. Ұсынылған нормалар сөз бостандығын шектеуге емес, әр адамның абыройы мен қадір-қасиетін, жеке өмірін қорғауға бағытталған. Ең бастысы негізгі принцип өзгермейді: Конституция цензураға тыйым салып, сөз бостандығына кепілдік береді. Сөз бостандығы тек журналистиканы дамыту тұрғысынан қарастырылмауы керек. Қазіргі ашық қоғамда әркім өз пікірін еркін білдіре алады, бірақ бұл құқық жауапкершілікті де талап етеді. Әр түрлі пікірлердің болуы – табиғи құбылыс. Дегенмен, сын қандай болса да, халықты қорлайтын немесе оның болашағына күмән келтіретін тұжырымдар жасауға болмайды. Қазақ халқы ғасырлар бойы көптеген тарихи сынақтардан өтіп, тілін, мәдениетін және ұлттық бірегейлігін сақтап қалды. Ең бастысы, Президент айтқандай, тәуелсіздік – ең жоғары құндылық. Ол бізге кездейсоқ келмеді, бұл ата-бабаларымыздың күресі мен көптеген ұрпақтардың еңбегінің нәтижесі. Сондықтан оның құндылығын жоққа шығаруға болмайды. Ең маңыздысы қоғамды біріктіретін, ұлттық бірлігімізді сақтайтын ой-пікірлерді білдіру керек», деді А. Балаева.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция жобасын қоғамның талқылауы елдегі саяси мәдениеттің және азаматтық жауапкершіліктің өскенін көрсететінін атап өтті. Ол ұсынған өзгерістер әділ мемлекеттік құрылым принциптерін нығайтуға, билік институттарына сенімділікті арттыруға және Қазақстанның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталғанын айтты.
«Қазір жаңа Конституция бойынша қоғамда әртүрлі пікірлер айтылып жатыр. Бұл табиғи құбылыс. Азаматтар негізгі заңның әр бабын мұқият зерттеп, оның мазмұнын және болашақтағы ықпалын талқылауы саяси мәдениеттің өскенін және азаматтық жауапкершіліктің күшейгенін көрсетеді. Кейбір азаматтар енгізілген өзгерістерді президенттік билікті күшейту деп бағалайды. Бірақ мұндай тұжырымдарға негіз жоқ. Жаңа Конституцияда, керісінше, Президент өкілеттіктеріне белгілі шектеулер енгізіледі. Мәселен, Президент жеті жылға және бір мерзімге сайланады, жақын туыстары жоғары мемлекеттік қызметтерге тағайындала алмайды. Шындығында, Мемлекет басшысына суперпрезиденттік модель қажет емес. Керісінше, қазіргі күрделі геосаяси кезеңде елге мемлекет тыныштығы мен тұрақты дамуын қамтамасыз ете білетін және ел мүддесін бәрінен жоғары қоятын Касым-Жомарт Тоқаев сияқты Президент керек», деді Аида Балаева.
Сондай-ақ кездесуде Мәжіліс депутаты Аманжол Алтай, мемлекет және қоғам қайраткері, заңгер Серік Ақылбай, білім саласының өкілі Нұрлан Дулатбеков, мемлекет және қоғам қайраткері Әбілғазы Құсайынов сөз сөйледі. Спикерлер өз сөздерінде ұсынылған өзгерістер қоғам келісімін және тұрақтылықты нығайтуға қосымша мүмкіндік жасайтынын, азаматтардың қоғамдық және саяси өмірге қатысу мүмкіндіктерін кеңейтетінін атап өтті.
Ұлытау облысы Аналар кеңесінің төрайымы Гүлбану Сейтжанова жаңа Конституция жобасы отбасы құндылықтарын, этникалық келісімді және қоғамдық диалогты нығайтатынын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ол өңірдегі этнокүрделі бірлестіктер мен Аналар кеңесінің мүшелері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына белсенді қатысып, алдағы референдумды қолдайтынын мәлімдеді.
Кездесуде қатысушылар жаңа Конституция жобасы қоғам үшін тек құқықтық құжат емес, сонымен қатар тарихи сабақтастықты, тәуелсіздікті, ел бірлігін және адам капиталын дамыту басымдылығын бекітетін құнды бағдар екенін айтты.
«Мен 1995 жылғы Конституция преамбулалары мен жаңа Конституция жобасын салыстырдым. Менің ойымша, жаңа мәтінде тарихи сабақтастық, мемлекеттің унитарлық сипаты, аумақтық тұтастық, бірлік пен келісім мәселелері өте нақты және айқын көрсетілген. Әсіресе, преамбулада мәдениет, білім, ғылым және инновациялар даму бағдарлары ретінде айқын белгіленген. Менің ойымша, жаңа Конституция жобасын референдумда қолдау Қазақстанның алға жылжуы мен елдің болашағын нығайтуға қосқан үлесіміз болмақ», деді Жезқазған тұрғыны Ғазиз Ештанаев.
Жиын соңында коалиция өкілдері тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, 15 наурыздағы республикалық референдумға қатысудың маңызын тағы бір еске салды.








