Жаһандану дәуірінде ақпарат ағыны шекара танымайды. Осы үдерістің көлеңкелі тұстарының бірі – жат діни ағымдардың интернет, әлеуметтік желі және жабық топтар арқылы таралуы. Олар көбіне жастардың діни сауатының төмендігін, әлеуметтік осалдығын немесе рухани ізденісін пайдаланып, қоғамға іріткі салатын идеяларды насихаттайды. Сондықтан жат ағымдармен күрес – тек қауіпсіздік мәселесі ғана емес, ол – рухани тұтастық пен ұлттық бірегейлікті сақтау ісі.
Жат діни ағымдар дәстүрлі дін ұстанымдарын бұрмалап, қоғамдағы тарихи-мәдени құндылықтарға қарсы пікір қалыптастыруға тырысады. Олар:
- ұлттық салт-дәстүрді жоққа шығарады;
- қоғамнан оқшаулануға үндейді;
- зайырлы мемлекеттің заңдарын мойындамауға шақырады;
- дінді саяси мақсатта пайдалануы мүмкін.
Мұндай көзқарастар отбасылық байланыстардың үзілуіне, әлеуметтік қақтығыстарға және радикалдануға әкелуі ықтимал.
Жат ағымдармен күресте күштік әдістен гөрі алдын алу шаралары маңыздырақ. Бұл бағытта діни сауаттылықты арттыру шешуші рөл атқарады.
Қазақстанда дәстүрлі ислам құндылықтарын насихаттауда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Имамдар мен теологтар халықпен кездесулер өткізіп, күмәнді діни идеялардың зиянын түсіндіреді.
Сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру топтары, теологиялық оңалту орталықтары жұмыс істейді. Бұл орталықтар радикалды көзқарасқа бой алдырған азаматтармен жеке жұмыс жасап, оларды қоғамға қайта бейімдеуге көмектеседі.
Бүгінгі таңда жат ағымдардың негізгі нысанасы – жастар. Әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы қысқа, эмоциялық бейнероликтер арқылы ықпал ету тәсілі жиі қолданылады.
Сондықтан мектеп пен жоғары оқу орындарында діни сауат негіздерін түсіндіру; ата-аналардың балаларымен ашық сұхбат жүргізуі; ресми, сенімді дереккөздерді пайдалану аса маңызды.
Дін мәселесінде күмән туындаса, оны интернеттегі беймәлім парақшадан емес, білікті теолог пен ресми діни ұйымдардан сұраған жөн.
Жат діни ағымдармен күрес – тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ ісі. Әр азамат өз ортасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, күмәнді әрекеттерге бейжай қарамауы тиіс.
Рухани иммунитеті мықты қоғам ғана сырттан келген идеологиялық ықпалдарға төтеп бере алады. Ол үшін дәстүрлі құндылықтарды, ұлттық мәдениетті және зайырлы құқықтық тәртіпті үйлестіре сақтау қажет.
Жат діни ағымдармен күрес – тыйым салу ғана емес, ең алдымен ағарту, түсіндіру және дұрыс бағыт беру. Дін – бірлік пен ізгілікке шақыратын күш болуы тиіс.
Рухани тұтастық сақталған жерде ғана елдің қауіпсіздігі нығайып, болашағы баянды болмақ.
Е.ЕРҒАЛИҰЛЫ









