Сұрақ: Тарауих намазын оқу міндет пе?
Жауап: «Тарауих» сөзі «демалу», «рахаттану» деген мағынаны білдіреді. Бұл намаз түрін Рамазан айының кештерінде оқиды. Әр төрт ракағатта демалып оқылады.
Тарауих намазы риуаяттарда он бір, он үш, жиырма ракағат етіп оқылғаны баяндалған. Көп мұсылман елдерінде кең таралғаны – жиырма үш ракағат. Жиырмасы тарауих, үш ракағаты үтір уәжіп намазы.
Ханафи мәзһабында тарауих намазын жиырма ракағат оқу – сүннәт муәккәдә. Ал, кейбір мәзһаб ұстанбайтын азаматтар тарауих намазын сегіз ракағат оқып шығып кететіндері бар. Мұндай сенімде жүру адасушылыққа соқтырады.
Язид ибн Руманнан келген риуаятта «Адамдар Омар ибн Әл-Хаттабтың заманында жиырма үш ракағат қана оқитын еді» деген.
Хазіреті Омар (р.а.) халифалығы дәуірінен жиырма ракағат оқып келеді. Мешіттің бірлігін сақтау үшін ғұламалар тарауих намазын жиырма ракағат оқудың абзал екендігіне тоқталған. Қасиетті айдың күндерінде ораза ұстап, кештерінде тарауих намаздарын оқып, Алланың ризашылығына бата беріңіздер.
Икрам АЙТАЕВ









