Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бағдарламалық баяндамасы және жуырда ашылған Дәстүр және отбасы бағыты аясында Шымкент қаласы, Абай ауданындағы «Кенесары хан» мешітінде «Салт-дәстүр» орталығы ашылды.
Игі шараға мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов, ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекайдар Әміре, мәдениет қайраткері Бақтияр Спанов, наиб имам Мұсабек Ақтамберді, Дәстүр және отбасы бағытының жетекшісі Ахметжан Керімбек, Дәуренбек Тасқараев, қалалық Әжелер мектебінің мүшелері, Шариғат және пәтуа бөлімі, Жастар ісі секторы және бірқатар азаматтар қатысты.
Дінтанушы Мұхамеджан Естеміров орталықтың негізгі мақсаты ҚМДБ-ның Дәстүр және отбасы бағытын басшылыққа ала отырып, дін мен салт-дәстүр, әдет-ғұрып құндылықтарын насихаттау және осы бағытта тәлім-тәрбие беру екенін атап өтті. Сондай-ақ мұнда сәбиге ат қою, тұсаукесер, неке қию рәсімдерін өткізуге және бейнетүсірілім жасауға мүмкіндік қарастырылған. Орталық арнайы киіз үй жабдықтарымен жабдықталған.
Өз кезегінде шаһар бас имамы Бақдәулет Нұрматұлы жаңа орталықтың жұмысына оң бағасын беріп, алдағы қызметіне сәттілік тіледі.









