Қасиетті Рамазан айының басталуына байланысты Жолаушылар тасымалы АҚ пойыздарындағы вагон-ресторандар арнайы кесте бойынша қызмет көрсететін болады. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа тәртіп 40 вагон-ресторанда енгізіледі. Вагон-ресторандар күн сайын сағат 08:00-ден 24:00-ге дейін жұмыс істейді. Сонымен қатар сәресі уақытында — сағат 04:00-ден 05:00-ге дейін ашық болып, жолаушыларға таңғы ас ұсынылады.
Рамазан айына орай арнайы мәзір топтамалары әзірленген. Ауызашар кезінде жолаушыларға су мен құрма тегін беріліп, Қасиетті айда пойыздарда алкоголь өнімдері сатылмайтын болады.
Компания өкілдері барша мұсылман қауымын қасиетті Рамазан айының басталуымен құттықтап, барша жолаушыларға амандық, береке және рухани кемелдену тіледі.









