Сұрақ: Пітір садақасын не үшін береді?
Жауап: Биыл ҚМДБ екі келі ұнның бағасымен Рамазан айының пітірін 735 теңге деп бекітті.
Ислам дінінде зекет беру, пітір садақасын беру, жай садақаны беру – игі-қайырымдылық іс, бірақ үкімдері мен шарттары әртүрлі.
Пітір – ораза күндері берілетін міндетті садақа. Оның мақсаты бас амандығы, рамазан оразасының кемшіліктерін толықтыру, мұқтаждар мен кедейлерді айт күні қуанту мақсатында беріледі.
Ханафи мәзһабы бойынша Рамазан айында мұсылман адамның өзі және отбасы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп. Оны бидай, ұн, құрма, мейіз, арпа т.б. азық-түліктерден береді. Аталған азық-түліктердің бағасымен ақшалай берілгені абзал. Дүниесі бар жомарт жандар мейіз, құрманың бағасымен беремін десе, еркі өзінде. Пітірді ағайын-туыстары арасында мұқтаж, т.б. жандарға немесе мешіттерге беруіне болады.
Пайғамбармыздың (с.а.у.) хадисінде: «Ораза ұстаған адамды ұнамсыз сөздер мен жағымсыз іс-әрекеттерден тазарту әрі кедейлерді тамақтандыру үшін пітір садақасын парыз етті. Кім оны (айт) намаздан бұрын берсе, ол зекет болып қабылданады, ал намаздан кейін берсе, жай ғана садақа болып есептеледі» деген.
Икрам АЙТАЕВ











