Мемлекет басшысы өзінің жаңажылдық құттықтауында осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялады. Сондай-ақ былтыр 17 қарашада қол қойылған «Жасанды интеллект туралы» заң кеше күшіне еніп отыр. Бұл еліміздің цифрлық әлемнің жаңа технологиялық парадигмасына түбегейлі бет бұрғанын білдірсе керек.
Иә, ЖИ – жаңа заманның бет-бейнесі, қоғамның цифрлық трансформациясының ажырамас бөлігі. Дегенмен оның «жанама теріс әсері» де болуы мүмкін деген пікірлер бар. Мәселен, кейбір мамандық иелерін, әсіресе шығармашылық сала өкілдерін жұмыссыз қалдыра ма деген күдік жоқ емес. Соның бірі – қолына қалам ұстаған журналистер қауымы. Қазірдің өзінде ChatGPT, Claude, Gemini секілді ЖИ құралдары ортанқол журналистің деңгейінде тәп-тәуір мақалалар жазуға қабілетті екені әмбеге аян. Өзге тілдерді қайдам, қазақ тілінде жазған мәтіндерінде стилистикалық, орфографиялық қателер жоқтың қасы. Бұдан әрі де дамып жетіле берсе, оның журналистиканың келешегіне әсері қалай болмақ?
Жалпы «ЖИ жұмыссыз қалдырады-ау» деп ертеңгі күніне алаңдап отырған сала – тек біз ғана емеспіз. Оның музыка мен шоу-бизнес әлеміне тигізіп жатқан ықпалы тіптен тегеурінді. Мысалы, кейінгі уақытта интернетте ЖИ өзі шығарып, өзі орындаған әндер көбейгені белгілі. Бұл салада ол бірден төрт адамды – әннің сөзін жазатын ақынды, әуенін шығаратын композиторды, аранжировкасын жасайтын музыкантты және оны орындайтын әншіні жұмыссыз қалдырып, бәрін бір өзі істейтін болып жүр. Тіпті бұған әннің бейнебаянын түсіретін клипмейкерді де қосыңыз.
Алайда, ЖИ әкеліп жатқан осындай өзгерістердің байыбына үңілсек, ол біздің өмірімізді қиындату үшін емес, керісінше әділдік орнату үшін келген-ау деген ой түюге болады. Мәселен әнді студияда жаздырып алып, дауысы жетпеген жерін компьютермен жеткізіп, сахнада жансыз дауыспен өнер көрсету сәнге айналғалы қашан. 10-15 жыл бұрынғы фонограммасымен әлі күнге концерт беріп жүрген әншілер бар. Енді бұған ЖИ орындаған «жансыз» әндер қосылып отыр. Бұдан былай әртіс болу үшін дауыстың да керегі болмай қалды. Кейбір ЖИ құралдары тіпті Димаштың әндерін тура сол деңгейде, бірақ сіздің дауысыңызбен орындап бере алады. Міне, мұның бәрі сахнадағы көзбояушылықтардың тамырына балта шауып, ән әлемін жалған өнер иелерінен тазартудың уақыты келгенін шындап аңғартты.
Осылайша былтыр 4 желтоқсанда Президент қол қойған жаңа заң аясында фонограммамен концерт беруге, 200 адамнан көп жиналған ортада ән салуға тыйым салынуы іздегенге сұраған болды. Бұл туралы Urker тобының солисі Айдос Сағат өз ойын білдіре келе: «Өте жақсы жаңалық. Енді концертке ақша төлеп келген халық компакт-диск тыңдап отырғандай әсер алмайды. Жанды дауыстағы әндерді тыңдайтын болды. Бірақ 200-ден аз адам қатысатын іс-шараларға бұл тыйым жүрмейтіні өкінішті. Меніңше, фонограммамен өнер көрсетуге түбегейлі тосқауыл қою үшін ең алдымен тыңдарманның талғамы өсуі керек. Олар әншіге «шынайы жанды дауысыңмен айт» деп талап қоймайынша, біз сахнадағы көзбояушылықтан түбегейлі арылмаймыз» деді.
Иә, аталған заң әнші мен әншісымақтың ара-жігін ажыратып, шын таланттардың ғана сахнада қалуына белгілі бір деңгейде ықпалын тигізері хақ. Сондай-ақ жансыз ЖИ-дің сахнаға «шығып» кетуіне де тоқтам салады.
Осы орайда бүгін күшіне енген «Жасанды интеллект туралы» заңның кейбір нормаларына назар сала кетсек. Бұл заңның қабылдануымен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске өзгерістер енгізіліп, ЖИ-таңбасын қоймағандарға салынатын айыппұлдар көлемі белгіленген. Айталық, егер өнімде оның ЖИ көмегімен жасалғаны туралы белгі болмаса, жеке тұлғалар үшін 15 АЕК (64 874 тг), шағын бизнес немесе үкіметтік емес ұйымдар үшін – 20 АЕК (86 500 тг), орта бизнес үшін – 30 АЕК (129 750 тг), ірі бизнес үшін – 100 АЕК (432 500 тг) айыппұл салынбақ. Қайталанған жағдайда, айыппұл көлемі де өседі. Таңба барлық ЖИ-контентте, әсіресе дипфейктер мен тірі адамның суретінде болуға тиіс. Ол әртүрлі қойылуы мүмкін, мәселен сурет, видео, басқа да өнімдерде «ЖИ көмегімен жасалған» деген жазу болса жеткілікті.
Аталған талаптар мен тыйымдардың нақты қалай жүзеге асатыны, заң бұзушыларды кім бақылап, қалай анықтайтыны заңнамада нақты көрсетілмеген. Оның жай-жапсарын заңгерлер түсіндіріп бере жатар. Ал ЖИ көмегімен жазылған мәтіндерді ойдан туған шынайы шығармашылықтан ажырататын мүмкіндік бар ма? Өкінішке қарай, оларды тіпті онлайн антиплагиат бағдарламаларының өзі анықтай алмай жатқанда, ЖИ-ге «жатып» алған журналистер мен жазғыштардың көзбояу «дарынына» әзірге көзді жұма тұруға тура келетін сияқты. Бірақ біздің салада да әділдіктің бір күні орнайтынына сенеміз.
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ










