Сенбі, 24 Қаңтар, 2026
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

Африкадан Аралға дейін

23.01.2026
- Қоғам
0
10
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Құм жұтқан көлдерді қайтіп құтқарамыз?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтай отырысында Арал ахуалын тағы да тілге тиек етті. «Аралды құтқару – барша адамзат үшін әлі де өте өзекті міндет. Мен бұл мәселе туралы халыққа Жолдауымда айттым. Жылдар бойы жүргізілген жұмыстың арқасында Солтүстік Аралды құтқарып қалдық. Қашқан теңіз қайтып, Кіші Аралдың қалпына келе бастағанына біраз жыл болды» дей келе бұл проблеманы халықаралық деңгейде көтеруге бағытталған жұмыс қолға алынғанын айтты.

Былтырғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент: «Су – үнемдеп пайдаланбаса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес» дегені белгілі. Расында, жерінің жартысынан астамын шөл мен шөлейт басқан еліміз ХХ ғасырда Арал проблемасымен бетпе-бет келсе, енді Каспий теңізінің де деңгейі төмендеп, жаңа бір экологиялық апаттың қаупін аңғартып тұр.

Осы орайда Аралдың тартылуы секілді алып трагедия әлемнің өзге де бірқатар елінде орын алғанын айта кету керек. Мәселен, сонау Африканың қақ орта тұсындағы Чад көлінің тағдыры Аралмен өте ұқсас. Ол жерде қандай экологиялық апат орын алғаны, көлді айнала қоршаған елдер бұл проблемамен қалай күресіп жатқаны туралы деректерге бір көз жүгірткен артық болмас.

Отырар хикаялары

Отырардағы көп айтылмайтын бір әулие

19.01.2026
Елімізде 36 мың адамға «лудомания» диагнозы қойылған

Елімізде 36 мың адамға «лудомания» диагнозы қойылған

17.01.2026

Бір қызығы, бір-бірінен айдалада жатқан екі көл бір уақытта, яғни өткен ғасырдың 60-жылдарынан тартыла бастапты. Ол кезде Чад – көлемі жөнінен Африкадағы төртінші ірі көл болса, Арал – әлемдегі төртінші ірі көл еді. Чадтың жалпы аумағы 26 мың шаршы шақырым, яғни біздің Аралдан шамамен екі есе кіші. Ал 2000 жылдардың басында айдын көлемі 90-95 пайызға дейін кішірейіп, қазір батпақты қопа 1500 шаршы шақырымды әрең құрап отыр. Оның өзі жыл өткен сайын құмға жұтылып барады. Арал да осы уақыт аралығында 90-95 пайызға азайып, негізгі оңтүстік бөлігі түгелге жуық жойылып кетті.

Чад, Камерун, Нигер, Нигерия елдерінің ортасында орналасқан Чад көлі кезінде айналасындағы құнарлы жерімен, балық шаруашылығымен миллиондаған адамды жұмыспен әрі сумен қамтамасыз етіп келген ірі табиғи тоған болатын. Қазіргі күні көлдің құрдымға кетуімен бірге әлемнің басқа ешбір жерінде кездеспейтін эндемикалық жануар – тұщы суда мекен ететін ламантиннің де тұқымы құрып кету алдында тұр. Біздің Сырдария мен Әмудария секілді Чадты да негізгі екі өзен – Шари мен Логоне сумен толтыратын. Алайда бұл өзендер ұзақ жылдар бойы егістік жерлерді суғару мен бау-бақшаға шектен тыс көп пайдалану салдарынан, яғни адами фактордың кесірінен көлдің құрғауына себепші болған. Қарап тұрсаңыз, Аралдың да түбіне адам жеткен еді ғой.

«Сахараның теңізі» деген бейресми атауы бар көгілдір көлді құтқарып қалу үшін қазір түрлі жоба ұсынылып жатыр. Соның бірі – Африканың басқа көлдері мен өзендерінен суды бұру. Мәселен, канадалық геологтер Конгоның ірі саласы – Убанга өзеніне үлкен бөгет салу арқылы оны кері қарай ағызуға, сөйтіп Чад көлімен байланыстыруға болатынын айтыпты. Бұл ой жүзеге асса, көлдің орнында Жерорта теңізінің жартысына тең үлкен су айдыны пайда болады екен.

Африканың ең суы мол өзені – Конго дариясының бір бөлігін Чадқа бағыттау жөнінде де жобалар бар. Бұл жоба орындалса, аймақтағы 30 миллион адамды сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, тіпті Сахараның бір бөлігін көгалдандыруға да болатыны болжанып жатыр. Мамандардың бір тобы аталған жобалар аймақтың экожүйесін құлпыртып, тіршілікке жаңа тыныс береді десе, екінші тобы мұндай радикалды шешімдер гидрологиялық жүйенің нәзік тепе-теңдігін бұзып, табиғи апатқа себепші болуы мүмкін деген қаупін де айтады.

Осы тұста Чад көлін мекен ететін қоқиқаздар жыл сайын жазғы мезгілде Ақмола облысының «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығына ұшып келетінін айта кеткен жөн.

Енді Арал теңізінің тағдырына оралайық. Жоғарыда айтылғандай, көлдің тартылуы өткен ғасырдың 60-жылдары басталғанымен, оның айналасындағы экожүйенің өзгеріске ұшырап, өзге кішкене көлшіктердің тартылу үрдісі ХХ ғасырдың басында-ақ байқалғанға ұқсайды. Олай деуімізге газетіміздің 1927 жылы қаңтар айында, яғни осыдан тура 99 жыл бұрын шыққан бір нөмірінде (ол кезде «Еңбекші қазақ» деп аталады) Қызылорда облысының Қазалы уезіндегі Бірқазанды көлі туралы материал себеп.

«Ақтөбе болысында «Бірқазанды» деген үлкен көл бар. Ұзыны 30 шақырым, ені 15 шақырым. Шығысы қолдан шабылған жарма, дариядан шығады. Алды барып Арал теңізіне құяды. Айналасында 20 шамалы арық бар, мың жарым үй шаруа суымен егін салатын еді. Соңғы жылдарда көлдің суы азайып, арыққа су шықпайтын болды. Енді бәрібір көлдің суын көтеруге болмайды, онан да көлді құрғатып, орнына егін егудің әрекетін істеу керек» делінген мақалада. Біз интернеттен де іздеп, Сыр тұрғындарынан да сұрастырып, облыс аумағынан Бірқазанды деген көлді таппадық. Соған қарағанда Арал теңізіне дейін алдымен осындай кішігірім айдындар жоғалған болса керек.

Ал газетіміздің 1949 жылғы 1 мамырдағы санында «Сібір өзендері Арал теңізіне құяды» деген тақырыппен көлемді мақала жарияланған. Байқасаңыз, бұл – Аралдың әлі тартылмаған, керісінше кемеріне толып, толқыны тулап жатқан кезі. Сөйтсек, Сібір өзендерінің суын Орталық Азияға бұру жоспары Арал трагедиясы басталғанға дейін-ақ өмірге келген екен. Ондағы мақсат – Тұран ойпатына су толтырып, Аралмен қосып, ерте замандағы Сібір теңізін қалпына келтіру және оны жасанды арна арқылы Каспиймен жалғау. «Адамзат өмір сүргелі ешкім мұндай міндеттерді ойлауға батылдық еткен емес. Бірақ совет адамдары табиғатқа қарсы күреске шыққан жоқ па, бұл күресте талай рет жеңген жоқ па? Ақ теңіз бен Балтық теңізін су жолы арқылы қосу, асау Днепрді ауыздықтау… – мұның бәрі табиғатты жеңгендік емес пе?» деген сол кезге тән пафостық сөздермен әрленген мақалада аталған алып жобаның жай-жапсары егжей-тегжейлі баяндалады.

Қысқаша қайырар болсақ, мақала авторы, инженер Е.Ромашков Обь пен Енисей (Енесай) өзендерінің суын Аралға қарай бұруға болатынын, орта жолда Торғай қақпасы жатқанын, ол жерден үлкен арна қазса, Тұран ойпатын сумен толтыруға мүмкіндік мол екенін жазады. Ойпат суға толғаннан кейін көлемі Еуропаның жартысымен тең үлкен теңіз пайда болатынын, одан әрі құрғап қалған Узбой өзенінің арнасымен Арал мен Каспийді жалғау керек екенін, Каспий Аралдан төмен жатқандықтан, Сібір теңізінен шыққан су өз бетімен ағатынын алға тартады. Осылайша Аралдың ащы суы Каспийге құйылып, Сібір теңізі тұщы сулы айдынға айналатынын, бұған қоса, Енисейдің төменгі жағында, Солтүстік мұзды мұхитқа таяу жатқан Игарка қалашығы мен Каспийдегі Баку арасында сан мыңдаған шақырымға созылатын кеме қатынасын жолға қоюға болатынын айтады. Сібір өзендерінің суы-ақ бұл теңіздердің деңгейін ұстап тұруға жеткілікті екенін, ал Арал мен Каспийдің негізгі қан тамырлары – Сырдария мен Әмудария, Еділ мен Жайық ауыл шаруашылығы қажеттілігіне пайдаланылатынын жазады.

Соңында «Бұл мақалада айтылғандардың бәрі әзірге техника жағынан дәлелденген идея ғана. Бұл идеяны жүзеге асыруға көп уақыт, көп еңбек – дүние жүзіндегі инженерлік құрылыстардың ең үлкеніне жұмсалғанынан да көп еңбек керек болады… Мұнда айтылған техникалық идея жүзеге асырылатынына сенеміз» деп сөзін тәмамдайды Е.Ромашков.

Арада оншақты жыл өткенде Әмудария мен Сырдариядан келетін судың азаюы салдарынан телегей теңіз деңгейі бірден төмендеп, жағалауы жырақтай бастағаны мәлім. Содан Сібір өзендерін бұру идеясы дереу қайтадан көтеріліп, бұл жолы Сібір теңізін қалпына келтіру емес, Аралды құтқару мақсатында жылдамдатып жүзеге асыру қолға алынған. Осылайша 1962 жылы қазақтың энергетик ғалымы Шапық Шөкиннің жетекшілігімен Ертіс-Қарағанды арнасының құрылысы басталып, 1974 жылы толықтай аяқталады. Ұзындығы 458 шақырымды құрайтын бұл арна «Сібір өзендерін бұру» жобасының іске асырылған жалғыз ғана бөлігі еді. Өкінішке қарай, одан кейінгі жылдары жобаның экологиялық тұрғыда зиянды екені туралы пікірлер таразы басында ауыр тартып, ақыры 1986 жылы 14 тамызда КОКП ОК Саяси бюросы бұл жұмысты тоқтату туралы шешім қабылдады.

Айта кетейік, 2002 жылы Ертіс-Қарағанды мен елорда маңындағы Вячеслав су қоймасының арасы жалғанып, бүгінде Екібастұз, Қарағанды, Теміртаумен қоса, Астананың да халқы осы арнаның суын ішіп отыр.

90-жылдардың басында Аралдың тартылуы теңіз деңгейінің жай ғана құбылуы емес, құрдымға сүйреп бара жатқан нағыз трагедия екені анық байқалған соң, Сібір өзендерін бұру мәселесі баспасөз беттерінде жиі көтерілді. Біздің ел басшылары Ресеймен бір шаңырақ астында отырғанда аталған жобаны тезірек жасап қалуға тырысқаны байқалады. Бірақ 1991 жылы КСРО келмеске кеткеннен кейін жоба туралы әңгіме де кілт үзілді. Өйткені, бір жағынан, елімізде экономикалық тоқырау жаппай белең алып, халықтың да, биліктің де күнкөрістен басқаны ойлауға мұршасы болмаса, екінші жағынан, бұдан былай Ресей бізге Сібір өзендерінен бір тамшы су да татырмайтыны түсінікті еді. Осылайша жағалай ел қонған, соғыс кезінде майданға тонналап балық жіберіп, Жеңісті жақындатуға үлес қосқан, түтінін будақтатып кемелер жүзген Орталық Азияның інжу-маржаны – Көк теңіз ақыры түгелге жуық тартылып, орнында шаңдауыт тұзды шөл ғана қалғаны белгілі. Көкарал бөгетін салудың арқасында біздің тарап Кіші Аралды ғана сақтап қала алды. Қазіргі таңда Халықаралық Аралды құтқару қоры, аймақ елдері басшылары осы проблеманы қайта-қайта көтеріп жатқанына қарамастан, үлкен Аралды қалпына келтіруге бағытталған ешқандай нақты қадамды да, ұсынысты та көрмей отырмыз.

Дегенмен, өткен жылдың аяғында Ресейде Сібір өзендерінің арнасын Орталық Азияға қарай бұру жөніндегі кеңестік жобаның қайта қолға алынып жатқаны туралы ақпарат тарады. Ресей Ғылым академиясының Су мәселелері институтының директоры Виктор Данилов-Данильян Обь өзені суының бір бөлігін оңтүстікке қарай бағыттау көзделіп отырғанын, оның мақсаты, біріншіден, Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету болса, екіншіден, Аралды толтыру екенін айтыпты. Қазіргі күні жоба Ресейдің Білім және ғылым министрлігі тарапынан қаржыландыруды күтіп отырған көрінеді.

Бірақ РҒА мамандары ұсынған бұл жоба кезіндегі кеңестік жобадан сәл өзгерек екен. Бұрын Сібір суын жердің бетімен ағатын арна арқылы жеткізу көзделсе, енді жердің астымен құбыр арқылы айдау жоспарланып отыр. Бұның артықшылығы – ашық арнамен аққан судың бір бөлігі буға айналып, аспанға ұшып, бір бөлігі жерге сіңіп жоғалатын болса, құбырмен айдалған су шашау шықпастан діттеген жерге толық жетеді. Мамандар бұл жұмыс арна қазғаннан да арзанырақ әрі тиімді болатынын айтып отыр.

Әрине, бұл біз үшін жағымды жаңалық екені рас. Орталық Азиядағы мақта, күріш шаруашылықтарына мол су керек. Ең алдымен Аралды жартылай болса да қалпына келтірсек, соның өзі үлкен жеңіс болар еді. Дегенмен «Бұл Ресейге не үшін керек бола қалды?» деген заңды сұрақ та мазалайтыны рас. Сөйтсек олардың да есебі бар екен. Ресей тарапы, әрине, суды тегін бермейтіні белгілі. Кейінгі жылдары әлемде ауыз судың құны барынша шарықтап, тіпті мұнай бағасына жетеғабыл боп қалғаны белгілі. Құрғақшылықтан көз ашпайтын Таяу Шығыс елдерінде, тіпті, тұщыландырылған қара су қара алтыннан да қымбат. Мамандар болашақта біздің өлкеде де суға деген сұраныс шарықтайтынын ескертіп келеді. Қазақ «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаса керек. Ресейдің көздеп отырғаны да осы: келешекте мұнай құбыры секілді, Орталық Азия елдеріне құбыр тартып алып, суды әкесінің құнына сату.

Мұның екінші бір себебі де бар. Оны, әрине, көп мамандар айта бермейді. Бұл – құбырдың Ресей үшін Орталық Азия елдеріне ықпал етудің бір құралына айналуы. Шынымен де, Сібір өзендерінен бері қарай тартылған құбыр бойында келешекте жаңа елді мекендер мен шаруашылықтар пайда болып, су бар жерге халық көптеп қоныстанатыны белгілі. Олардың бар тіршілігі сол құбырға байланатыны да анық. Ал оны ашып-жабатын кранның «тұтқасы» Ресейдің қолында тұрғанда, ол жаққа белгілі бір тәуелділік те пайда болатыны айтпаса да түсінікті.

Дегенмен Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы достық қарым-қатынасты есепке ала отырып, ұсынылып жатқан жобаның жүзеге асуы барлық тарап үшін де пайдалы болады деген үмітпен қараймыз. Оның үстіне Арал трагедиясына енді Каспий проблемасы қосылып, жығылғанға жұдырық боп жатқаны тағы бар. Бұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің былтырғы Жолдауында тілге тиек еткен еді.

«Каспий теңізінің тартылып бара жатқаны жұртты алаңдатып отыр. Тиісті шара қолданбасақ, бұл аса үлкен экологиялық апатқа айналуы мүмкін. Каспий теңізі – бір елдің ғана емес, бүкіл аймақтың тағдырына қатысы бар мәселе. Сондықтан жұмылып әрекет ету қажет», деді Мемлекет басшысы.

Шын мәнінде, қазір біз Арал мен Каспийді құтқару үшін Сібір өзендерінің суын бұрудан басқа амал көріп отырған жоқпыз. Егер осы жоба сәтті жүзеге асып жатса, бұл бір жағынан біздің тізе қосқан үлкен жеңісімізді, екінші жағынан әлемдегі осындай проблеманы бастан кешіп жатқан өзге де мемлекеттерге тығырықтан шығудың керемет жолын көрсетер еді.

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

Таңбалар: Арал теңізібасты тақырыпЧад көлі
БөлісуТвитергеБөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

Шағбан айының қасиеті неде?
Ислам

Шарапаты мол Шағбан

19.01.2026
ЖИ-дің «жансыз дауысы»
Қоғам

ЖИ-дің «жансыз дауысы»

17.01.2026
Тағы жүктеу
Келесі жазба
Президент: Түрлі дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз

Құрылтай бастамалары қандай өзгеріс әкеледі?

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жарияланымдар

«Әзірет Сұлтан» мешітінде 200 әйел шәкіртке сертификат табысталды
Жаңалықтар

«Әзірет Сұлтан» мешітінде 200 әйел шәкіртке сертификат табысталды

23.01.2026
Президент: Түрлі дін өкілдері арасында татулық болғанын қалаймыз
Мемлекет және дін

Құрылтай бастамалары қандай өзгеріс әкеледі?

23.01.2026
Африкадан Аралға дейін
Қоғам

Африкадан Аралға дейін

23.01.2026
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00