«SARAP» – Қазақстандағы қоғамдық пікір мен эксперттік диалогты қалыптастыратын экспертті алаң әрі негізгі платформа. Бұл платформа өзекті мәселелерді талқылауға мүдделі тараптарды тарту арқылы қоғамдық-саяси үдерістерге сапалы пікір қалыптастыруға үлес қосады.
2021 жылдан бері «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ базасында жұмыс істейтін «SARAP» эксперттік клубы бүгінде еліміздегі қоғамдық-саяси процестерге сараптамалық көзқарас қалыптастыратын маңызды пікірталас алаңына айналды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен клуб жұмысы барысында жалпы 63 отырыс өтті. Жалпы қатысушылар саны өңірлерді де қоса алғанда 2600-ден асты. Бұл деген эксперттік алаңның қызметі жыл сайын кеңейіп, мазмұндық тұрғыдан байып келеді деген сөз.
2025 жылы клуб аясында бес отырыс өтті. Барлық отырыстар қоғам үшін өзекті мәселелерге арналды және түрлі сала сарапшыларының басын қосып, мазмұнды диалог орнатуға мүмкіндік берді.
Жыл бойы сарапшылар алаңы жұмысында Қазақстандағы цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту, осы саладағы жаңа бастамалар, Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында хабар-ошарсыз кеткен қазақстандықтарды іздестіру жұмыстары және жас ұрпақты әскери-патриоттық тәрбие мәселелері талқыланды. Сондай-ақ жергілікті бастамаларды қолдау, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс саласындағы заңнаманы жетілдіру және үкіметтік емес ұйымдармен өзара әрекеттесу мәселелеріне аударылды.
Astana IT университетінің ассистент-профессоры, PhD Мерген Дүйсенов жасанды интеллектінің азаматтық қоғамның дамуындағы рөліне тереңірек тоқталып, пікірінше: «Жасанды интеллект азаматтық қоғам үшін қоғамдық деректерді талдаудан бастап, шешімдер қабылдау процесіне бірлесе атсалысуға дейінгі жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Бұрын азаматтар тек бақылаушы немесе пікір білдіруші рөлінде болса, енді олар ЖИ көмегімен цифрлық басқарудың толыққанды қатысушыларына айналады».
Сонымен қатар, «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық реформалар жүргізу және кемсітушіліксіз орта қалыптастыру мәселелері қаралды.
Қазақстан Республикасының ішкі саясатының негізгі принциптері мен құндылықтары, адам құқықтары мәселелері, XII Азаматтық форум форматының тиімділігі, форумнан түскен ұсыныстар, үкіметтік емес ұйымдардың біліктілігін арттыру назарға алынды.
Сарапшылар клубы аясында жыл қорытындысы бойынша Қазақстанның қоғамдық даму институтының әзірлеген аналитикалық баяндамалары мен Ұлттық құрылтай аясындағы зерттеулердің нәтижелері таныстырылып, қайырымдылық және жаңа отбасы үлгісіне арналған әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары да жарияланды.
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеу «Мемлекеттік қаржыландыру аясындағы ҮЕҰ әлеуметтік жобаларының тиімділігін бағалау» атты зерттеу жұмысының нәтижелерін таныстырды: «Зерттеу қатысушыларының, сарапшылардың, ҮЕҰ өкілдері мен бенефициарлардың пікірі бір арнада тоғысады: әлеуметтік жобалар, әсіресе, мемлекет қаржыландыратын жобалар – мақсатты топтардың мәселелерін шешуде тиімді құрал. Дегенмен қазіргі уақытта әлеуметтік жобаларды іске асыру механизмі толық жетілмеген, бірнеше проблемалық тұсы бар. Негізгі мәселенің бірі – қаржыландырудың қысқамерзімді сипаты. Сауалнамаға қатысушылардың айтуынша, бұл фактор әлеуметтік жобалардың тұрақты нәтижелерге қол жеткізуіне және олардың ұзақмерзімді ықпалына айтарлықтай әсер етеді».
Бұл – платформа рөлінің кеңеюінің және қоғам тарапынан сұраныстың жоғары екенінің айғағы.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық әсері айтарлықтай: «SARAP» ашық пікірталас ортасын қалыптастырып, түрлі сала мамандарының өзара әрекеттесуіне мүмкіндік беретін тиімді платформа ретінде танылды. Мұнда кәсіби байланыстар нығайып, сарапшылар арасында тәжірибе алмасу үдерісі тұрақты түрде іске асады. Клубтың жұмысы өңірлік сарапшылардың да белсенді қатысуымен ерекшеленеді, бұл пікір алуандығын қамтамасыз етіп, өңірлік сараптамалық әлеуеттің өсуіне ықпал етуде.
Бүгінде «SARAP» – мемлекетке, азаматтық қоғамға және кәсіби қауымдастықтарға қажет идеялар, ұсыныстар мен сараптамалық бағалар қалыптасатын ашық алаң.
Ақбілек ТАҒАБАЕВА,
Қазақстандық қоғамдық даму институтының сарапшысы







