(Әр адамның білуі тиіс хикметті оқиға)
Баязид Бистами (құддисә сирруһ) қасиетті сапарының қырқыншы қажылығын өтеп жүрген еді. Құрбан айт кешінде Арафатта тұрған сәтінде нәпсісіне сыбырлап былай деді:
«Ей Әбу Язид! Бұл сансыз махшардай халыққа қарашы. Бұлардың ішінде сендей қырық рет қажылыққа келген кім бар?»– деді.
Осы ой жүрегінен өткені сол еді, ол орнынан тұрып айқайлап үн қатты:
– Ей адамдар! Мен қырық рет қажылық парызын орындадым. Сол қырық мәрте жасаған қажылығымның сауабын екі күлше нанға сатамын! Алатын бар ма? – деді.
Жамағат арасынан біреу тұрып:
– Мен аламын, – деді.
– Ендеше екі нан бер, – деді Баязид.
Адам екі нанды бергенде, Баязид ол нанды бір аш иттің алдына тастады. Содан кейін нәпсісіне бұрылып:
– Енді масайрайтын бір нәрсең қалды ма? – деп өз нәпсісін айыптап, тілін тәубеге келтірді.
Қажылық міндеті тәмам болған соң, ол керуеннен бөлініп, Рум аймағына қарай жол тартты. Бір жерде аялдамақ болғанында бір христиан монах оның жүзінен өзгеше бір нұрды байқап, үйіне қонақ болуға шақырды. Монах оған құлшылық етуге ыңғайлы тыныш орын әзірледі. Қонағын бақылаған монах оның ерекше жаратылысын көріп, оны қабылдағанына қуанды.
Ертесі күні Баязид Бистами сапарын жалғастырмақ болып, монахқа ризалығын айтты. Бірақ монах тағы біраз аялдауды өтінді:
– Жалынамын, бірнеше күн осында болсаңыз. Жақында біздің үлкен мейрамымыз бар. Сол күні барлық монахтар мен дінбасылар жиналады. Бас монахымыз да келіп, рәсімге басшылық етеді. Менің ойымша, сіздің бас монахпен сөйлесуіңізде бір хикмет бар, – деді.
Баязид бұл сөзде бір сыр бар екенін сезіп, келісім берді. Мереке күні келгенде, жұрт шіркеуге жиналды. Бас монах мінберге көтерілді. Бірақ бір сөз айтпастан үнсіз тұрды. Өзгелері неге үнсіз тұрғанын сұрады:
– Неге сөйлемейсіз?
Бас монах:
– Қалай сөйлейін? Арамызда бір Мұхаммед үмбетінің адамы тұр, – деді.
Жұрт дүрлікті:
– Көрсет оны! – деп айқай салды.
Бас монах сабырға шақырып:
– Егер тыныш болмасаңыздар, көрсетпеймін. Бірақ оған қол көтермейтініңізге ант етсеңіздер, көрсетемін, – деді.
Халық ант берді. Сонда бас монах:
– Ей, Мұхаммед үмбетінің адамы! Алла үшін орныңнан тұр, – деді.
Баязид орнынан тұрды.
Бас монах сұрақтарын бастады:
– Атың кім?
– Баязид.
– Ғылымың бар ма?
– Раббымның үйреткені ғана.
– Ендеше саған қырық сұрақ қояйын. Жауап бере аласың ба?
– Сұраңыз, – деді Баязид.
Бас монах:
– Маған екіншісі жоқ бірді, үшіншісі жоқ екіні, төртіншісі жоқ үшті, бесіншісі жоқ төртті… он үшіншісі жоқ он екіні айт – деді.
Баязид еш қысылмастан жауап берді:
- Екіншісі жоқ бір – Алла Тағала, жалғыз, серігі жоқ.
- Үшіншісі жоқ екі – түн мен күндіз.
- Төртіншісі жоқ үш – талақ.
- Бесіншісі жоқ төрт – Тәурат, Забур, Інжіл және Құран.
- Алтыншысы жоқ бес – бес уақыт намаз.
- Жетіншісі жоқ алты – көктер мен жердің жаратылған алты күні.
- Сегізіншісі жоқ жеті – жеті қат көк.
- Тоғызыншысы жоқ сегіз – Қиямет күні Аршты көтеретін сегіз періште.
- Оныншысы жоқ тоғыз – адамның тоғыз айлық жүктілік мерзімі.
- Он біріншісі жоқ он – Мұса (а.с.)-ның Шұғайб пайғамбарға он жыл қызметі.
- Он екіншісі жоқ он бір – Жүсіп пайғамбардың он бір ағасы.
- Он үшіншісі жоқ он екі – жыл он екі айдан тұрады.
Бас монах әр жауапты құптап:
– Дұрыс, – деп отырды да әрі қарай сұрады:
– Ауадан не жаратылды, ауада кім сақталды, ауамен кім опат болды?
– Иса (а.с.) ауадан жаратылды, ауада көтерілді, Ад қауымы желмен жоқ болды.
– Ағаштан не жаратылды, ағашта кім қорғалды, ағашпен кім өлтірілді?
– Мұса (а.с.) аса таяғы ағаштан еді. Нұх (а.с.) ағаштан жасалған кемеде сақталды. Зәкәрия (а.с.) ағаш ішінде арамен бөлшектеліп шейіт болды.
– Оттан кім жаратылды, оттан кім қорғалды, отпен кім қиратылды?
– Ібіліс оттан жаратылды. Ибраһим (а.с.) оттан сақталды. Әбу Жәһил отпен жазаға тартылды.
– Тастан не жаратылды, таста кім қорғалды, тастан кім опат болды?
– Салих (а.с.)-тың түйесі таудан шықты. Үңгір иелері (Кәһф жастары) таста қорғалды. Әбраһә әскері таспен жойылды.
Сұрақтар жалғаса берді. Соңында бас монах күрделі мысал айтты:
– Он екі бұтағы бар бір ағаш ойла. Әр бұтақта отыз жапырақ, әр жапырақта бес гүл. Оның екі гүлі күнге, үшеуі қараңғылыққа қарасын. Бұл не?
Баязид:
– Бұл – бір жыл. Он екі бұтақ – он екі ай. Отыз жапырақ – айдағы күндер. Бес гүл – бес уақыт намаз. Күнге қарағаны – бесін мен екінді. Қараңғыға қарағаны – ақшам, құптан және таң намазы.
Бас монах мойындады. Соңында:
– Жұмақта төрт өзен бар дейді: бал, сүт, су және шәрбат. Бір қайнардан төрт түрлі қалай ағады? – деді.
Баязид мысал келтірді:
– Адам басындағы төрт өзенді білесің бе? Құлақ майы ащы, көз жасы тұзды, мұрын шырышы жағымсыз, ауыз сөлі тәтті емес пе? Бір бастан төрт түрлі нәрсе шықса, бір бұлақтан төрт өзен шығуы қиын ба?
Халық таңғалды. Бас монах тағы сұрады:
– «Жұмақ халқы ішіп-жейді, бірақ нәжіс шығармайды» дейді сіздің ғұламаларыңыз. Бұл қалай?
– Ана жатырындағы нәресте де ішіп-жейді, бірақ сыртқа шығармайды, – деді Баязид.
– Тауап еткен, бірақ жаны жоқ нәрсе не?
– Топан кезінде Нұхтың кемесі Қағбаны тауап еткен.
Соңында Баязид:
– Енді менің де сізге бір сұрақ қоюыма хақым бар шығар, – деді.
– Сұраңыз.
– Жұмақ есігінде не жазылған?
Бас монах үнсіз қалды. Жұрт жанұшырып:
– Айтыңыз! Бізді масқара етпеңіз! – деп жалынды.
Біраздан соң бас монах ауыр күрсініп:
– Бұл сұрақтың жауабын білемін. Бірақ…
– Бірақ не?
– Сіздер көтере алмайсыздар.
Халық ант берді:
– Қандай болса да қабыл етеміз!
Сонда бас монах:
– Ендеше біліңдер. Жұмақтың кілті қандай болса, есігінде де сол жазылған:
«Лә иләһә иллә Аллаһ, Мұхаммадүр-Расулуллаһ». Иә, жұмақ қақпасының бетінде дәл осы сөз жазулы тұр.
Монахтың сөзімен шіркеудегі жүздеген адам бірден кәлима айтып мұсылман болды. Бас монах Баязидке бұрылып:
– Мен әлдеқашан мұсылман болған едім, бірақ жұрт өлтіреді деп жасырып жүрдім. Құдіретті Аллаға жалбарынып, маған хақ досын жіберуін сұраған едім. Ол сізді жіберді, – деді.
Аллаға сансыз шүкірлер болсын! Раббым тура жолдан адастырмасын.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ










