Сұрақ: Оқушының сабақты тастап, жұмаға баруына бола ма?
Жауап: Жұма намазы – жамағатпен орындалатын ғибадат. Жұманың үкімі – парыз. Ал, мектеп қабырғасындағы балалар сабақтарын тастап жұмаға баруы – құпталатын амал емес. Олардың мектепте сабаққа қатысып, білім алуы абзал. Жас бала ата-анасының келісімінсіз бір әрекетке баруы дұрыс болмайды. Себебі «Дінді ұстай алсаң – қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің»демекші, түрлі жағдайларға кез болып, қателікке бой алдыруы мүмкін.
Жұма намазына баратындар ер кісі болуы (әйелдерге міндет емес), азат болуы, жергілікті тұрғын болуы, науқас болмауы қажет. Сонымен жұма намазы жолаушыға, жас балаға, әлсіз, қарт, мүгедек, науқас кісілерге міндет емес. Жұмысы негізінде мүмкіншілігі жоқ кісілерде үзірлі жағдайда. Жұмаға бара алмағандар түскі бесін намазын оқи береді.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Аллаға және ақырет күніне сенгендерге жұма намазы – парыз. Бірақ жолаушы, құл, бала, әйел және науқастар бұдан тыс» деген.
Дінді дұрыс пайымдап, дұрыс амал етуде хикмет бар екен.
Икрам АЙТАЕВ










