Адамзат тарихына көз салсақ, ықылым заманнан бері дінсіз өмір сүрмеген. Адам жеке тұлға ретінде де, қоғамдық тұрғыдан да дінге мұқтаж. Өйткені, дінге деген сенім оның табиғаты мен жаратылысында бар.
Асыл дініміз ислам – адамзатты білімге, ғылымға, бірлікке үгіттейтін дін. Халқымыз осыуақытқа дейін Матуриди ақидасын, Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып, адасудан ада болды. Алайда, қазіргі таңда өзекті мәселеге айналып отырған – діни экстремизм мен терроризм қоғамтұтастығына қауіп төндіруде. Бұл құбылыстардың ар жағында түрлі террористік ұйымдар менрадикалды діни ағымдар тұр. Олар өз мақсаттарына жету үшін қарапайым азаматтарды, әсіресежастарды арбау, санасын улау арқылы пайдаланып қалуға тырысады.
Террористік ұйымдар көбіне:
- Қоғамдағы әлсіз топтарды, әсіресе әлеуметтік және экономикалық қиындықтарға тап болған адамдарды нысанаға алады.
- Қаржылай көмек, «жұмаққа жол», «шын дін осы» деген желеумен алдайды.
- Интернет пен әлеуметтік желілер арқылы өз идеологиясын таратады.
- Заңсыз қару-жарақ пен күш қолдану жолын насихаттайды.
Мұндай ұйымдар мемлекеттің тыныштығын бұзуды, азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды, ел ішінде алауыздық туғызуды мақсат етеді. Сондықтан олардың әрекеті заңмен қатаң тыйым салынған. Мысал ретінде келтірсек: Қазақстанда мыңдаған азамат шетелге діни білім алу мақсатымен кетіп, Сириядағы соғыс аймақтарына тап болып, кейін өкінгендері туралы БАҚ беттерінде жиі жарияланды. Олар алғашқыда «шын исламды үйренеміз», «халифат құрамыз» деген желеумен кеткен, бірақ шын мәнінде террористік ұйымдардың қол шоқпарына айналған.Кейіннен, «Жусан» гуманитарлық операциясының 3 кезеңі сәтті өтіп, қақтығыс аймағынан Қазақстанға 524 азамат (137 әйел мен 357 бала) оралды деп те хабарланған еді.
Отанына қайтып оралған жандардың аузынан шыққан әрбір сөзі – жат ағымның арбауына түсіп, өмірінің ең қымбат жылдарын зая кеткен адамдардың ащы шындығы. Адамдардың жат ағымдарға алданып кетуіне мынадай факторлар әсер етеді:
- діни сауаттың төмендігі;
- отбасылық бақылаудың әлсіздігі;
- қиын өмірлік жағдайлар, жұмыссыздық;
- жалған уағызшылар мен радикалды топтардың ықпалы;
- интернет арқылы таралатын теріс ақпараттар.
Көп жағдайда жастар өздерінің қандай ұйымға қосылып жатқанын түсінбей, «дінді үйренемін» деген ниетпен жат ағымға тап болады.
Жат ағымнан сақтанудың басты жолдары:
- Діни сауаттылықты арттыру – дұрыс, сенімді, ғылыми негізде діни білім алу
- Рухани иммунитетті күшейту – патриоттық тәрбие, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру
- Сенімді дереккөздерді пайдалану – тек отандық, ресми діни мекемелерден білім алу
- Сақтық пен сын көзбен қарау – күмәнді шақыруларға, уағыздарға бей-жай қарамау
- Отбасы мен қоғамның бақылауы – жастармен тығыз қарым-қатынас, ашық әңгіме жүргізу.
Жат ағымдардың алдын алудағы басты фактор –діни сауаттылықты арттыру. Себебі, жат ағымның жетегінде кету осы діни сауатсыздықтан бастау алады. Алғаш уахи етілген аяттарда «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды (жатырға жабысатын) жабысқақ жасушадан жаратты. Оқы! Сенің Раббың- асқан жомарт! (Ол – адам баласына) қаламмен жазуды үйретті. Адам баласына білмегенін үйретті» – деп білім алудың адамзат үшін маңызын көрсеткен.
Бұл аяттардан дініміздің негізі білім мен ілім үйрену екенін түсінеміз. Өкінішке орай, діни сауаты төмен жандарға жат ағым өкілдері Құран аяттарының астарлы мәнін ескерместен, тікелей немесе бұрмаланған түрде түсіндіру арқылы ықпал етуге тырысады.
Сол үшін де құрметті оқырман, егер діни білім алғыңыз келсе Қазақстанда діни білім алуға ресми түрде рұқсат етілген оқу орындары бар. Оларға мыналар жатады:
- «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті (Алматы қаласы)
- Хусумуддин ас-Сығанақи атындағы Ислам инстиуты
- ҚМДБ-ға қарасты облыстық, қалалық деңгейдегі медресе-колледждер (Үшқоңыр медресе колледжі, «Һибатулла Тарази» медресе-колледжі, Астана медресе-колледжі, Әбу Ханифа медресе колледжі, Орал медресе колледжі, «Шымкент» медресе-колледжі, «Ақтөбе» медресе-колледжі, Сарыағаш медресе колледжі, «Әбу Бәкір Сыддық» медресе-колледжі)
- Бұдан бөлек, «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті», «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті», «Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті», «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті», «Е.А.Букетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті» университеттерінде де «Дінтану», «Теология», «Исламтану» мамандықтары оқытылады.
Бұл мекемелерде діни білім беру ҚР заңдарына сай, зайырлы және діни құндылықтарды ұштастыра отырып жүргізіледі.
Демек, жат ағымдардан сақтану — тек дін мамандарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр азамат өз қоғамына пайдалы, рухани бай, ұлттық құндылықтарға адал болуға тырысуы керек. Сонда ғана біз тыныш, бейбіт, тұрақты елде өмір сүре аламыз.
Шәкәрім Құдайбердіұлы «Дін адамды бір бауыр қылмақ еді, Оны бөліп, дұспандық қару жасар» деп діннің негізі бірлікті сақтауда екенін атап, осы өлең шумақтарының жалғасында «Ешбір дін өйтіп дұспан бол демейді, Қанеки, бұл сөзіме кім таласар?» деп барша адамзатқа үндеу жолдаған.
Дін – адамзаттың рухани тірегі, тәрбие мен ізгіліктің бастауы. Алайда, діни сауаттың төмендігі, әлеуметтік қиындықтар мен теріс пиғылды топтардың ықпалы көптеген азаматтардың жат ағымдардың арбауына түсуіне себеп болуда. Діннің түпкі мақсаты – адамзатты бірлікке шақыру, білімге ұмтылдыру. Білім алу-әрбір адамзатқа парыз. Сондықтан әрбір азамат осы жолда жауапкершілікпен әрекет етіп, ел болашағы үшін бейбітшілік пен рухани тұрақтылықты сақтау жолында күш біріктіруі қажет.
Назерке КӘБІРОВА,
Киберқауіпсіздік және қарсынасихат бөлімінің маман теологы









