Адам баласына берілген ең үлкен нығметтің бірі – адал ризық. Бұл – Алла Тағаланың шексіз мейірімінің белгісі. Табыстың көзі күмәнді істерден аулақ болып, адал болса, Алла оның берекесін арттырып, пайдасын еселейді.
Табыстың көптігі берекенің кепілі емес. Көп табыс адамға шынайы тыныштық пен қуаныш алып келмеуі мүмкін. Ал адал еңбек пен таза ниет болса, тіпті аз ғана қаражат та жанға жайлы, өмірге мән береді. Күдікпен келген мал-мүлік жүректі ауыртып, уайымға салуы мүмкін. Береке – Алланың ерекше сыйы, көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпен сезілетін нығмет. Ол ақшамен сатып алынбайды, тек адал табысқа ғана қонады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَوْ أَنَّ أَهْلَ الْقُرَى آمَنُوا وَاتَّقَوْا لَفَتَحْنَا عَلَيْهِم بَرَكَاتٍ مِّنَ السَّمَاءِ وَالْأَرْضِ…
«Егер әлгі елді мекендердің халқы иман келтіргенде һәм Аллаға қарсы келуден сақтанып, Оны паналағанда, әлбетте Біз олар үшін көк пен жердің берекет қақпаларын айқара ашып, оларды жарылқайтын едік…», – деген («Ағраф» сүресі, 96-аят).
Бұл аят – берекенің заңдылығы іспеттес. Яғни, жеке адамның, не бүтін халықтың берекеге жетуінің негізгі шарты – иман мен тақуалық. Егер жүректерде шынайы сенім болып, күнәдан, арамнан сақтансақ – Алла Тағала көктен жаңбырын жаудырып, жерге ризығын шашып, әл-ауқатты арттырады.
Асыл дініміз ислам – адамға тек молшылық емес, берекелі тіршілік тілейді. Берекені беретін – Алла. Береке – адалдықтың серігі, ал адал еңбек – ризықтың кілті.
Қоғамда әділдік пен тақуалық үстем болса, Алланың да берер берекесі үзілмейді. Ал зұлымдық пен арамдық жайласа, берекенің бетін көре алмаймыз. Себебі береке – санына емес, сапасына қарай түседі. Береке – жүректе, ниетте, амалдың шынайылығында.
Бірінші: жемқорлық – әділеттіліктің жауы
Жемқорлық тек заң бұзу емес, бұл әділеттілікті аяққа таптау, қоғамның іргесін шайқау. Арам жолмен алынған дүние ешқашан береке әкелмейді. Ол адамның жүрегін қарайтып, елдің бірлігін ыдыратады. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَلَا تَأْكُلُوا أَمْوَالَكُم بَيْنَكُم بِالْبَاطِلِ وَتُدْلُوا بِهَا إِلَى الْحُكَّامِ لِتَأْكُلُوا فَرِيقًا مِّنْ أَمْوَالِ النَّاسِ بِالْإِثْمِ وَأَنتُمْ تَعْلَمُونَ
«Бір-біріңнің мал-мүліктеріңді (ұрлау, тонау, алдап-арбау, қиянат жасау, өсім белгілеу және құмар ойын секілді) арам жолдармен жемеңдер. Сондай-ақ өздеріңе тиесілі болмаған дүниені алу һәм ел-жұрттың дүниесінің бір парасын біліп тұрып күнәлі жолдармен жеу үшін (пара ретінде)басшылыққа беруші болмаңдар», – деген («Бақара» сүресі, 188-аят).
Имам Заһаби өзінің «Кәбәйр» атты еңбегінде пара беруді, жемқорлықты ауыр күнәлардың қатарына қосқан.
عن عبدِ اللهِ بنِ عمرٍو رَضِيَ اللهُ عنه، قال: لعَنَ رسولُ اللهِ صلَّى اللهُ عليه وسلَّمَ الرَاشِيَ والْمُرْتَشِيَ
Абдулла ибн Амр (Алла оған разы болсын): «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пара беруші мен пара алушыны лағынеттеді», – деген (Әбу Дәуід).
Жемқорлық бар жерде әділдік тапталады, зұлымдық үстемдік етеді, жігерлі жастардың жолы кесіледі, елдің дамуы тежеледі, қоғамда сенім жоғалады.
Жемқорлықты тек материалдық қылмыс деп түсіну үлкен қателік. Ол – рухани дерт, ақиқатқа жасалған опасыздық, қоғамға у себу.
Бүгін бір адам пара алып, біреудің ақысын жеген болса, ертең ол – өз баласының, өз ұрпағының несібесіне балта шапқан болады. Себебі арам жолмен келген дүние берекесіз, әрі қасіретті болады.
Қисса
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір күні Бану Сулейм тайпасына зекет жинау үшін Ибн әл-Лутбия есімді адамды жібереді. Бұл жай ғана сапар емес, аманат арқалаған жауапты міндет еді. Ол ел ішін аралап, адамдардың зекетін жинап қайтады. Қайтып келгенінде, арқасында зекет жүгі, ал тілінде – екі ұшты сөз.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына келіп, қолындағы дүниені көрсетіп:
– Мынау сіздердің зекеттеріңіз, ал мынау маған сыйға берілген нәрсе, – дейді.
Жан-жағындағылар үндемегенімен, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүзінен бір салмақ байқалды. Сол сәтте ол жанарына тіке қарап:
– Егер сен расында сыйға лайық болсаң, неге ол сыйлық әкеңнің үйінде отырып-ақ келмеді саған? – деді.
Сөз емес – соққы. Үн емес – үкім. Бұл бір ауыз сөзде шындықтың шырағы да, жауапкершіліктің жүгі де қатар тұр еді.
Арада көп өтпей, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінберге көтерілді. Жұрт тынышталып, көздер мен құлақтар бір нүктеге – Алла Елшісінің аузынан шығатын әр сөзге қадалды. Ол Аллаға мадақ айтып, сосын үмбетіне үн қатты:
– Алла маған жауапкершілік артып, сендерге басшылық етуді тапсырды. Мен біреулеріңді белгілі бір қызметке тағайындаймын. Артынша әлгі адам келіп: «Мынау – халықтың малынан, ал мынау – маған сыйлық», – дейді. Егер ол шынымен сыйлыққа лайық болса, неге сол сый оған ата-анасының үйінде отырғанында келмеді? Мұқият тыңдаңдар! Кімде-кім сеніп тапсырылған істен заңсыз бір нәрсе алса, қиямет күні сол алғанын арқалап, Алланың алдына келеді. Алланың атымен ант етемін! Мен қиямет күні сендердің кейбіреулеріңді – түйесін боздатып, сиырын мөңіретіп, қойын маңыратып – әділдік таразысына қарай сүйретіліп бара жатқанын көремін!
Сосын Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қолын көкке көтеріп:
– Уа, Алла! Мен жеткіздім. Көзім көрді, құлағым естіді. Мен жеткіздім. Мен жеткіздім! – деп үш мәрте қайталады.
Бұл үндеу – елге ғана емес, ертеңге де айтылған үн болатын. Бұл сөз – әр жүрекке жазылған ескерту еді. Себебі аманат – тек дүние емес, ардың ісі. Ал ардың ісіне қиянат еткен ақыретке өз күнәсін арқалап барады…
Екінші: жемқорлықтың қоғамдағы зардабы
Жемқорлық – ауыр күнә, әрі елдің іргесін сөгіп, халықтың рухын кеміретін індет. Оның кесапаты тек бір адамның күнкөрісімен ғана шектелмейді. Ол – тұтас ұлттың тамырына балта шабатын зауал.
Жемқорлық жайлаған елдің ертеңі күңгірт, болашағы бұлыңғыр. Бұл –көзге көрінбейтін, бірақ тамырдан улайтын рухани дерт. Атап айтқанда:
- Білімсіздік жайлайды
Пара арқылы білім алған адам нағыз маман иесі бола алмайды. Диплом сатып алған адам білікті ұстаз бола алмайды. Нәтижесінде қоғамда білім емес, бедел жүреді. Ақыл емес, қаражат сөйлейді.
- Біліксіз дәрігер көбейеді
Егер тек қалтасы қалың адам ғана емделсе, онда адамның құны болмайды, өмірдің қасиеті қалмайды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, мұндай жүйе қалыптасса, ақ халатты абзал жан қалтаның қызметшісіне айналады. Адам денсаулығы саудаға түссе, елдің болашағы болмайды.
- Әділетсіздік етек алады
Пара алушы зұлымдықтың сойылын сояды. Ол ақты қара, қараны ақ деуге мәжбүр. Әділеттілік жоқ жерде Алланың берекесі болмайды.
- Қалыптасқан жүйеге зиян тиеді
Жемқорлық – мемлекетті іштен шірітетін індет. Халықтың басшыға деген сенімі жоғалып, сенімсіздік жайлайды. Халық пен биліктің арасы суыса, елдің іргесі сөгіледі. Заң емес, таныс сөйлейтін елде жүйесіздік орнайды. Себебі бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді.
Үшінші: жемқорлықтың алдын алу шаралары
Жемқорлықты жеңу бір адамның емес, тұтас ұлттың міндеті. Бұл тек биліктің емес, әрбір азаматтың жүрегіндегі жауапкершілік. Ендеше, жемқорлықты тоқтатудың жолы өзімізден басталады. Мысалы,
- Адал болу – өзгерісті өзіңнен бастау
Қоғам түзелуі үшін – адам түзелуі керек. «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дегендей, бір арам іс бүтін жүйені бұзады. Сондықтан әр адам өз ісіне таразымен қарап, адалдықты ұстануы шарт. Адалдық – адамдықтың айнасы. Ұрлық жасамай, өтірік айтпай, сенімге қиянат етпей өмір сүру қоғамға қосылған ең үлкен үлес. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا النَّاسُ كُلُوا مِمَّا فِي الأرْضِ حَلالا طَيِّبًا
«Уа, адамдар! Жердегі барлық нығметтердің адал, тазасынан ішіп-жеңдер», – деген («Бақара» сүресі, 168-аят).
Қазақ халқы ертеден-ақ адалдықты асыл қасиет деп білген. Шежірелі тарихымызға көз жүгіртсек, ата-бабаларымыз тұлпар мінсе де, арам шөп басқан жайылымнан тартынған, адал ас ішіп, таза жолды ұстанған. Олар үшін адал жар мен адал дос, адал кәсіп пен адал ас, адал ұрпақ пен адал сөз – бәрі қастерлі ұғым болған.
Халық даналығында: «Адалдық – адамның ары», – деген сөз текке айтылмаған. Көпті көрген қариялар бата бергенде: «Бастарыңа амандық, астарыңа адалдық берсін», – деп тілеуі, адалдықтың халқымыз үшін зор рухани мәнге ие екенін айғақтайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الرُّسُلُ كُلُوا مِنَ الطَّيِّبَاتِ وَاعْمَلُوا صَالِحًا إِنِّي بِمَا تَعْمَلُونَ عَلِيمٌ
«Уа, пайғамбарлар қауымы! Адал, таза һәм пайдалы ас-судан ішіп-жеңдер, әрдайым игі істер істеңдер. Мен еш шүбәсіз, сендердің не істеп, не қойып жүргендеріңді білемін», – деген («Муминун» сүресі, 51-аят).
- Пара бермеу – күнәға ортақ болмау
«Басқалар беріп жатыр» деген сылтау – шайтанның арбауы. Пара беру де, алу да – үлкен күнә. Егер бәріміз пара бермей, адал жолды таңдасақ, жемқордың «азығы» таусылып, індет өзінен-өзі тоқтайды. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَتَعَاوَنُوا عَلَى الْبِرِّ وَالتَّقْوَى وَلَا تَعَاوَنُوا عَلَى الْإِثْمِ وَالْعُدْوَانِ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ شَدِيدُ الْعِقَابِ
«(Уа, иман келтіргендер!) Ізгі істерде, сондай-ақ тақуа болу мәселесінде бір-біріңе жәрдемдесіңдер! Ал күнәлі істерде һәм дұшпандық жасап, шектен шығуда бір-біріңе болыспаңдар. Аллаға лайықты түрде тағзым етіңдер, Оған қарсы келуден барынша сақтаныңдар. Шүбәсіз, Алланың жазасы тым қатты», – деген («Мәидә» сүресі, 2-аят).
- Балаларға дұрыс тәрбие беру – болашақты түзету
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дейді дана халқымыз. Адал ұрпақ өсіру ұлтқа жасалған ең үлкен инвестиция. Балаларымызға адалдықтың не екенін сөзбен емес, істерімізбен көрсетуіміз керек. Өйткені тәрбие – ақыл айту емес, үлгі болу. Егер біз өтірік айтсақ, олар да өтірік айтады. Егер біз пара берсек, олар да соны қалыпты көреді. Сондықтан бүгінгі ұрпаққа – ертеңгі жауапты мемлекет азаматы ретінде қарауымыз қажет. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا قُوا أَنفُسَكُمْ وَأَهْلِيكُمْ نَارًا وَقُودُهَا النَّاسُ وَالْحِجَارَةُ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңді һәм отбасыларыңды отыны адамдар мен тастардан тұратын алапат оттан қорғаңдар!» – деген («Тахрим» сүресі, 6-аят).
Имам Қуртубидің тәпсірінде Муқатил ибн Хайам: «Бала-шағамызға дінді, қайыр жақсылықтарды және дін этикасын үйрету – бізге міндет» , – деп түсіндіреді.
- Имандылыққа бет бұру
Намаз, ораза, зекет – тек құлшылық емес, бұл – адамзатты тәрбиелейтін рухани мектеп. Әрбір істі жасамастан бұрын: «Алла разы бола ма? Пайдалы іспен айналысып жатырмын ба?» деп ойлануымыз тиіс. Ораза сабырлы болуды үйретеді. Зекет – мал-мүліктің қорғаны. Құлшылық арқылы жүрек тазарады, қоғамда әрбір адамның жүрегі тазарса, қоғам да тазарады.
اتْلُ مَا أُوحِيَ إِلَيْكَ مِنَ الْكِتَابِ وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنكَرِ وَلَذِكْرُ اللَّهِ أَكْبَرُ وَاللَّهُ يَعْلَمُ مَا تَصْنَعُونَ
«(Уа, Мұхаммед!) Өзіңе Кітаптан уахи етілгенді және намазды кемеліне жеткізіп оқы. Өйткені намаз адам баласын арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан тыяды. Ал Алланы үнемі еске алу болса, құлшылықтың ең үлкені, ең зоры. Алла сендердің не істеп жүргендеріңді толық біледі», – деген («Анкабут» сүресі, 45-аят).
- Халықтық бақылау
Үнсіздік – келісімнің белгісі, егер әділетсіздікке көз жұмсақ, біз де соның серігіне айналамыз. Жемқорлықты көріп тұрып үндемеу, оны қолдаумен тең. Сондықтан әр азамат өз орнында әділеттің сақшысы болуы керек. Мемлекеттік қызметкер болсын, мұғалім, дәрігер, жұмысшы болсын, әркім өз саласында заң мен адалдықты қорғауға тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадис шәрифінде:
مَن رَأىٰ مِنكُم مُنكَرًا فَليُغَيِّرْهُ بِيَدِهِ، فَإِنْ لَم يَستَطِعْ فَبِلِسَانِهِ، فَإِنْ لَم يَستَطِعْ فَبِقَلْبِهِ، وَذَٰلِكَ أَضْعَفُ الإِيمَانِ
«Сендерден кімде-кім бір жамандық (құқық бұзушылық, зұлымдық, күнә) көрсе, оны қолымен түзетсін. Егер оған шамасы келмесе, тілімен (яғни сөзбен айтып) тоқтатсын. Ал бұған да күші жетпесе, жүрегімен жек көрсін. Бұл – иманның ең әлсіз дәрежесі», – деген (Имам Мүслим).
Құрметті жамағат!
Жемқорлық – қоғамның үлкен індеті, оның зардабы адам баласының өміріне ғана емес, тұтас ұлттың болашағына да қауіп төндіреді. Бұл күнә – жай ғана заң бұзу емес, ол – әділеттілік пен адалдықтың жойылуы, ұлттың рухани құндылықтарының құлдырауы.
Адалдық пен әділеттілік – қоғамның тірегі. Біз әрқайсымыз өз жүрегімізде осы құндылықтарды сақтап, әр ісімізде оларды басты ұстаным етуіміз қажет. Қайда жүрсек те, қандай қызметте болсақ та, адалдық пен тазалықтан бас тартпау – біздің парызымыз.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиеті бізге ұлы сабақ: пара беруші де, алушы да, арадағы делдал да – барлығы ауыр күнә арқалаушы. Осыны естен шығармайық! Әрқайсымыздың өміріміздегі ұсақ-түйек көріністер де үлкен өзгерістерге бастайтын баспалдақ екенін ұмытпайық.
Сондай-ақ, қоғамда әділеттілік орнауы үшін заңға бағыну – әр азаматтың міндеті. Осы айтылған қағидалар елімізде қабылданған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының да өзегі болып табылады. Өйткені әділет пен адалдықты сақтау – тәртіптің орнауына, қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің артуына бастайтын жол. Мемлекетіміздегі құқықтық жүйе адамдардың қауіпсіздігі мен теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сондықтан біз тек рухани емес, заң алдындағы жауапкершілікті де сезініп, тәртіпке бойұсыну арқылы әділеттілікті мен адалдықты сақтауға өз үлесімізді қосуымыз қажет.
Жемқорлықпен күрес – тек билік пен заңның ғана емес, әрбір адамның борышы. Егер әрқайсымыз адалдық пен әділеттілікті жанымызбен қабылдап, ұрпағымызға үлгі көрсетер болсақ, қоғамымыз шынайы өзгеріске қол жеткізеді.
Алла Тағала бізге шынайы иман мен тақуалық, әділеттілік пен адалдықты сақтауды нәсіп етсін! Қиындықтар мен сынақтарда табандылық танытып, арамдықтан аулақ болайық. Ұрпаққа таза, әділ, берекелі қоғам қалдыру – әрқайсымыздың міндетіміз.
Осы жолда бірге жүрейік! Жүрегіміздің тазалығы – еліміздің берекесі!









