Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының зейнеткерлері ұрпақтар сабақтастығы аясында елордадағы 73 мектептің оқушыларымен кездесу өткізді. Тағылымды кездесуді ұйымдастыруға тарих пәнінің мұғалімі Гаури Жомартова мұрындық болды.
Іс-шара Гаури Ботақанқызының «Алаш заңгерлері: тәуелсіздік пен сабақтастық тақырыбын зерттеуде инновациялық әдістерді қолдану» атты авторлық бағдарламасы аясында маңызды кездесуге айналды.
Кездесу барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының белсенді қатысушысы, әрі өнерлі зейнеткерлерден құрылған «Әдемі» ансамблінің өнерпазы, мәдениет саласының ардагері режиссер Еркін Қасенов «Ашық микрофон» форматында оқушыларымен пікір алмасты. Ол елдің болашағы білімді жастардың қолында екенін айтып, жалынды сөздерімен рухтандырды.
Сонымен қатар, ғалым, «Әлихантанушы» филология ғылымдарының кандидаты, Алаш ғылыми-зерттеу институтының директоры Сұлтан Хан Аққұлұлы Жүсіп оқушыларға Алаш идеясының мән-маңызы, тәуелсіздікке қосқан үлесі туралы баяндап өтті.
Оқушылар өз кезегінде Алашорда үкіметі құрушы заңгерлер, олардың тарихи еңбегі мен ұрпақтар сабақтастығы туралы сұрақтар қойды.
Кездесу барысында оқушыларға Қазақстанның алғашқы Конституциясын жасаған заңгерлер, олардың нақты еңбектері мен тарихи рөлі туралы қызықты деректер ұсынылды. Сондай-ақ, Алаш зиялыларының ұлт тәуелсіздігі үшін атқарған күресі мен жан-жақты заңгерлік шығармашылықтары көрсетілді.
«Кездесу мазмұнды, әрі әсерлі болды. Оқушыларға тың деректер айтылып, олар өз таңданыстарын жасырмады. Белсенді ұзақ өмір сүру орталығынан келген Еркін Тілеуғазыұлы Мұхтар Шаханов пен Фариза Оңғарсыновнаның ұлтжандылық мазмұндағы өлеңдерін оқыды. Бұндай кездесулердің тәрбиелік мәні зор» – деп ой бөлісті тарих пәнінің мұғалімі Гаури Жомартова.
Қазақ инттелегенциясының тарихын насихаттауға бағытталған іс-шараның басты мақсаты – жастарды Алаш қайраткерлерінің тәуелсіздік жолындағы еңбегімен, заң саласындағы жетістіктерімен таныстыру, ұлтжандылық рухында тәрбиелеу еді.
«Бүгінгі кездесудің танымдық әсері зор болды. Аға буын өкілдерінің үлгі істері – біз үшін өнеге. Қазіргі уақытта 10 сынып оқушылары Алаш қайраткерлері туралы деректі фильм түсіру идеясын қолға алып отыр, сол себепті кештің пайдасы көп болды, тың мәлімет алдық» – деп пікір білдірді 10-сынып оқушысы Естай Ертай.
Екі буын арасындағы ашық диалогқа 8-10 сынып оқушылары қатысты. Кеш соңында оқушылар спикерлермен суретке түсіп, кеш қонақтарына осындай сабақтардың жалғасын қалайтынын жеткізді.









