Шариғатта «Илмул насаб» деген ілім бар, яғни адамның шыққан тегін, әкесін, туыстығын анықтайтын ілім. Сол бойынша, мысалы ері сапарға шығып кетіп, екі жылдан кейін оралғанда, әйелі босанып жатса, баласы өзінікі ме, жоқ па деген мәселе туындайды.
Осы орайда Ханафи мәзһабы бойынша баласы екі жылдан кейін дүниеге келсе де, бала өз әкесінікі болып есептеледі. Өйткені, ханафилер бойынша баланың дүниеге келетін ең қысқа мерзімі 6 ай, ал ең ұзақ мерзімі 2 жыл.
Бұған дәлел аяттар:
«…аналар, балаларын толық екі жыл емізеді…»(Бақара:233)
«…Өйткені шешесі оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай…» (Ахқаф:15 аят)
Яғни, екі жыл емізсе – 24 ай , ал қалған 6 айда бала дүниеге келе алады.
Атақты халифа Әбдулмалик ибн Маруан 6 айлық болып туған деп айтылады. Ал, 2 жыл көтеруіне де осы аяттарды дәлел қылады.
Жұмһур ғұламаларда (басқа үш мәзһабта) ең ұзақ мерзімі 4 жыл.
Тарихта Даххак деген белгілі тәпсір ғалымы анасының құрсағында төрт жыл жүріп, дүниеге келіпті. Шашы-тырнағы өсіп, өзі күліп туған соң, атын Даххак (күлуші) деп қойыпты.
Ал, бала үйленгеннен кейін 4 айда не 5 айда дүниеге келсе, онда әкесі анық болмай, мәселе туындайды. Яғни, үйленгенге дейін көтерген бала болып есептеледі.
Шариғат нақты дәлелге ғана сүйенетіні ақиқат. Сондай-ақ, шариғатта: «Әлуаладу лилфирааши» (Бала – (адал) төсектен) деген де қағида бар. Мағынасы, қандай да бір әкенің баласы өз жарынан, адал некесінен деген ұғымды береді. Сол себепті дініміз ұрпақтың тегіне өте қатты мән беріп, күмән қылудан қайтарған.
Алла Тағала ұрпақтарымызды адал некеден туған, ізгі ұрпақтар етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА










