Дін мұсылман аманда, Отырарға жау шаппаған заманда, шаңырағына кешкісін қайтқан бір ер кісі әйелінің жылап отырғаны үстінен түседі. Жаны қалмаған ол:
– Не болды? – деп сұрайды.
Әйелі көз жасын сүртіп:
– Үй алдындағы ағашқа қонған құстар мені терезеден орамалсыз көрді ме деп қорқып отырмын. Бұл ісім Алланың алдында күнә болар, – дейді.
Ері әйелінің адалдығы мен тақуалығына сүйсініп, оны маңдайынан сүйеді де, қолына балтасын алып, әлгі құстар қонатын ағашты тамырымен шауып тастайды. Өз-өзіне разы болып: «Жан жарымның иманына зиян келмесін», – деп ойлайды.
Күндер өтіп жатады. Бірақ бір күні жұмыстағы ақаудың кесірінен үйіне ертерек оралады. Әйеліне тосын сый жасамақ болып, қақпаны үнсіз ашып кіріп, өз көзіне өзі сене алмайды. Орамалсыз жүруді күнә санаған асыл айымы тапшанда бөтен еркекпен сейіл құрып отыр.
Ол ештеңе демейді. Үнсіз ғана керек-жарағын жинап, үйден күйігін баса алмай, мәңгірген күйінше шығып кетеді. Басы ауған жаққа диуана болып жүріп отырып, күндердің бір күнінде үлкен жиынға тап болады. Халық гуілдесіп тұр екен.
Сұрастыра келсе, патшаның қазынасындағы бір гауһар жүзік қолды болыпты. Ұры табылмайынша, елді босатпауға бұйрық берілген. Бәрі тектен-текке қаңтарылулы. Бұл да қаңтарылады.
Кенеттен ол көпшіліктің арасынан аяғын ұшымен еппен басып келе жатқан бір түрі мүтайым жанды көреді. «Бұл кім?» – деп сұраса, жұрт жамырай:
– Бұл осы төңіректегі ең тақуа жан. «Құмырсқа екеш құмырсқаны басып кетем бе?» деп, табанын толық тигізбей жүреді, – деседі.
Сонда диуана ер:
– Міне, ұры осында! Кім екенін білдім. Мені падишаһқа апарыңдар! – деп әлгінің білегінен тас қып ұстап, көшені басына көтеріп айқайлайды.
Патшаның алдына әкелінген «тақуаның» шынында қазынаны ұрлағаны әшкереленеді. Бірақ билік иесі бұған таңырқай қарап:
– Сен бұрын-соңды көрмеген кісіңнің ұры екенін қайдан білдің? – деп сұрайды.
Сонда ер:
– Тақсыр! Шектен шыққан жасандылық – көп жағдайда шындықты бүркемелейді. Біреулер Алладан қорқуды асыра көрсетіп, өзгеден иманды көрінуге тырысады. Бірақ ол – шынайы тақуалық емес, күнәсін жасырудың ғана тәсілі. Мен осы аз ғұмырымда осыны түсіндім. Біздің Отырарда мұндайға қатысты «Адал қазаннан доңыздың басы шыққанда сезбесіңді сезіп, білмесіңді блесің» деген мақал-мәтел бар, – деп жауап береді.
Ғибрат сол: Шынайы тақуалық – артық жасандылықта емес, қарапайымдылықта жатыр. Артық «қорқыныш» пен жасанды «құдайшылдық» кейде адамның өз айыбын бүркемелейтін перде ғана.
Солай!
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ









