Биылдан бастап ұлттық спорт түрлеріне басымдық беріледі. Маусым айында күшіне енген «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңның жаңа редакциясында ұлттық спорт түрлері олимпиадалық және паралимпиадалық спорт түрлерімен бір деңгейде басым бағыттар қатарына енгізілді.
— Биылдан бастап ұлттық спорт түрлері басым спорт түрлерінің қатарына енгізілді. Келесі жылдан бастап оларға жеке бюджет бөлінеді, оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылады. Сондай-ақ ғылыми-медициналық тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Жаңа заң аясында спортшыларға берілетін сыйақылар мен әлеуметтік қолдау қайта бекітіледі. Осы уақытқа дейін ұлттық спорт қауымдастық деңгейінде ғана дамыса, енді әрқайсысы дербес федерация болып құрылады. Бұл оларға өз бюджетін басқаруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ұлттық спорт бойынша бапкерлер дайындайтын жаңа университет салынып жатыр. Оның басты мақсаты — кәсіби мамандар мен менеджерлерді даярлау, — дейді Туризм және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ресми өкілі Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына берген сұхбатында.
Маман ұлттық спортпен айналысатындардың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын айтады.
— Қазір елімізде 8 миллионнан астам адам спортпен айналысады, соның 700 мыңы ұлттық спорт түрлерін таңдайды. Әртүрлі аймақта 1500-ге жуық бапкер жұмыс істейді, олардың мыңнан астамы ауылдық жерде, — дейді Мейрамғазы Сапарғалиев.
Комитет өкілі ұлттық спортымызды Олимпиадаға енгізу үшін қандай талаптар қойылатынын түсіндірді.
— Ұлттық спорт түрлерін Олимпиада бағдарламасына енгізу үшін ең алдымен Халықаралық олимпиада комитетінің мақұлдауы қажет. Сонымен қатар ол спорт түрі халықаралық деңгейде дамып, бұқаралық сипат алуы тиіс. Бұл бірден жүзеге аса салатын процесс емес, оған көп жылдар мен жүйелі жұмыс керек. Ең алдымен ұлттық спорт түрлерін Азия ойындарының бағдарламасына енгізу маңызды. Егер әлемдік деңгейде қызығушылық артса, оны қолдауға дайынбыз, — дейді ол.
Мейрамғазы Сапарғалиев қай спорт түрлері Олимпиада бағдарламасына ене алатынын да атады.
— Интеллектуалды ойындардың ішінде тоғызқұмалақ, ал жекпе-жек түрлерінен қазақ күресі ең жоғары әлеуетке ие. Сондай-ақ ат спорты түрлеріне де қызығушылық бар, — дейді маман.
https://kaz.inform.kz/news/ulttik-sportimiz-kashan-olimpiada-bagdarlamasina-ened-e0d7c9/










