Бүгін Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі жалғасып жатыр. Секциялық отырыстар аясында делегаттар діннің адамзатты ортақ мүддеге жұмылдырудағы рөлін және орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу мәселелерін талқылады.
Іс-шара барысында дін көшбасшылары цифрлық және жасанды интеллект дәуірінде дін мен рухани құндылықтардың бітімгершілік әлеуетін одан әрі дамыту жөнінде де пікірлерін білдірді.
Рухани дипломатияға ғылыми тәсілді интеграциялаудың нәтижесі ретінде «Бүгінгі мәдениетаралық және дінаралық диалог» атты сараптамалық дөңгелек үстел ұйымдастырылғанын да атап өткен жөн. Іс-шарада академиялық ортаның, ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтың, діни бірлестіктердің өкілдері және басқа да мүдделі тараптар климаттың өзгеруі, көші-қон, гендерлік аспектілер, адам құқықтары мәселелерін талқылап, жаһандық сын-қатерлерді еңсеру жөнінде ұсыныстар жасады. Қатысушылар атап өткендей, мұндай синергия дипломатиялық әлеуетті арттырады және бейбіт, әділ, тұрақты әлем құруға ықпал етеді.
Сонымен қатар Әл-Азһардың Жоғарғы имамы шейх Ахмед әт-Тайебтің «Ислам дініндегі негізгі ұстанымдар» атты қазақ тілінде жарық көрген кітабы көпшілікке таныстырылды. Онда сенім, мораль және этика сияқты құндылықтар қазіргі заманғы діни-философиялық көзқарастар тұрғысынан талданған.
VIII Съезд алаңында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Әл-Азһар Жоғарғы имамының орынбасары, доктор Мұхаммед Абдурахман ад-Дуайнимен кездесті. Кездесуде Съезд Хатшылығы мен ислам әлеміндегі маңызды білім беру, ғылыми және рухани орталықтарының бірі Әл-Азһар университеті арасындағы ынтымақтастықты арттыру мәселесі сөз болды. Одан бөлек, теологиялық білім беру және ғылыми зерттеулер саласындағы бірлескен бастамаларға ерекше мән берілді.
Бұдан басқа, Мәулен Әшімбаев ЕҚЫҰ-ның ұлттық азшылық істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Кристоф Камппен екіжақты кездесу өткізді. Сұхбат кезінде тараптар Ұйым аясындағы ұлтаралық қатынастар мен өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты.









