Кіші қажылық кезінде Қағбаны тауап етіп жатқан адамдар ішінде бір әйел дауысын көтеріп сөйлеп, елдің бәрін өзіне қаратып жатады. Сол мезетте мешіттің тазалықшыларының бірі:
– Қарындасым, бұл дүние сөзін сөйлеп, боянып алып, өзіңе елдің бәрін қарататын жер емес.Бұл Алладан кешірім сұрап, мадақ айтып, дұға жасап, салауаттар көптеп айтатын жер ғой, –дейді.
Әлгі әйел оны менсінбей:
– Әй, тазалықшы, жөніңе жүр. Мен қай жерде не сөйлейтінімді өзім білемін. Маған ақыл айтпа, өз ақылың өзіңе, – деп қатты сөйлеп, зекіп тастайды.
Тазалықшы жігіт:
– Уа қарындасым! Алладан қорықпайсың ба? Өлімнен қорықпайсың ба? – дейді.
Әлгі әйел:
– Сен анау өлім періштесіне мені тоғызыншы есіктен күтіп алсын деп айт, – дейді.
Тазалықшы жігіт мына әйел жынды болу керек деп, өз жөніне кетеді.
Біраз уақыт өткен соң, тазалықшы жігіт көп адамның бір есіктің жанында жиналып қалғанын байқайды. Барып қараса, бағанағы әйел сол есіктің түбінде өліп жатыр екен. Есіктің нөміріне қараса, тоғызыншы есік деп жазылғанын көреді.
Құрметті бауырлар, біз әрдайым сөйлеген сөзімізге байқап сөйлеуіміз қажет. Атам қазақ: «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» дейді. Сондықтан көптеген хадисте де сөз сөйлеу әдебі жайлы айтылған.
Әр сөзімізге періште «әумин» деп тұрады, дұрыс айтсақ береке тауып, ал бұрыс айтсақ, бір бәлеге жолығуымыз мүмкін. Әсіресе, Қағбаның жанында ықтият болуымыз керек.
Алла баршамызға әрдайым дұрыс сөз айтып, жақсы амал жасауға жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА










