Ата-ананы ардақтау, үлкенге құрмет көрсету – халқымыздың жүрегіне ұялаған имани тәрбие. «Әке-шешеңе не қылсаң, алдыңа сол келер», – деген дана халқымыз әр баланың санасына кішіпейілділік пен үлкенді сыйлау ұстанымын ерте бастан сіңіріп өсірген. Қазақтың танымында ата-ана – отбасы тірегі, бүкіл әулеттің ұйытқысы. Сол себепті де халық арасында «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, ақ сүтін ақтай алмайсың» деген терең мәнді тағылымдар бекер айтылмаған. Алла Тағала қасиетті Құранда Өзінен басқаға құлшылық етпеуді, және ата-ананы қадірлеп, қастерлеуді бұйырған:
وَقَضَى رَبُّكَ أَلَّا تَعْبُدُوا إِلَّا إِيَّاهُ وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا إِمَّا يَبْلُغَنَّ عِندَكَ الْكِبَرَ أَحَدُهُمَا أَوْ كِلَاهُمَا فَلَا تَقُل لَّهُمَا أُفٍّ وَلَا تَنْهَرْهُمَا وَقُل لَّهُمَا قَوْلًا كَرِيمًا
«Раббың бір Өзіне ғана құлшылық етуді және ата-анаға барынша жақсылық жасауды үкім етті. Егер олардың біреуі немесе екеуі бірдей қолыңда қартайса, (оларға жақтырмаған сыңай танытып) тіпті «үһ!» деп те айтпа, сондай-ақ оларға зекіп ұрыспа! Керісінше, оларға жанға жағымды жылы сөз айт!» («Исра» сүресі, 23-ші аят).
Имам әл-Қуртуби бұл аятты өзінің тәпсірінде: «Алла Тағала Өзiне ғана құлшылық етіп, Оны жалғыз деп тануды бұйырды. Сондай-ақ ата-ананы құрметтеуді осы әмірмен бірге атап көрсетті. Ата-анаға алғыс білдіруді Өзiне шүкіршілік етумен қатар қойды», – деп түсіндіреді.
Осы екі ұлы бұйрықтың қатар келуі ата-ананың діндегі орнын, оларға қызмет етудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Кез келген мұсылман үшін дүниедегі ең үлкен сауапты іс – ата-ананы қадірлеу. Бұл тек әдеп емес, бұл – Алланың әмірі. Ал оларды ренжіту Жаратушының ашуына себеп болатын ауыр күнә.
Бірінші: ата-ананы құрметтеу – Алланың бұйрығы
Алла Тағала ата-ананы құрметтеп, оларға жақсылық жасауды баршамызға өсиет етті. Бұл ата-анаға құрмет көрсетудің діндегі орны мен маңызын айқындайды. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Кім Аллаға шүкіршілік етіп ата-анасына жақсылық жасамаса, оның шүкірі қабыл емес», – деген. Яғни, шүкіршілік – ата-анаға жасалған қызмет арқылы мән табады. Шүкір ету – Аллаға алғыс, ал ата-анаға ілтипат. Жаратушымыз қасиетті Құранда:
وَاعْبُدُوا اللَّهَ وَلَا تُشْرِكُوا بِهِ شَيْئًا وَبِالْوَالِدَيْنِ إِحْسَانًا…
«Бір Аллаға құлшылық жасап, Оған еш нәрсені серік етіп қоспаңдар. Ата-аналарыңа жақсылық жасаңдар», – деген («Ниса» сүресі, 36-аят).
Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Оларға жақсылық жасау дегеніміз – жұмсақтықпен және ілтипатпен қарым-қатынас жасау. Яғни оларға жауап қайтарғанда дөрекілік танытпау, оларға қабақты шытып қарамау және дауыс көтермеу. Керісінше, олардың алдында өзін қожайынының алдында тұрған қызметші секілді кішіпейілділікпен, мойынсұнумен ұстау қажет», – деп айтқан. Ал Хасан Басриден (Алла оны рақымына алсын) әке және анаға жақсылық жасау жайында сұралғанда: «Әкеге жақсылық қылуың ұлы амалдардан, анаға жақсылық қылуың одан да жоғары», – деп жауап берген.
Басқа аятта Алла Тағала:
وَوَصَّيْنَا الْإِنسَانَ بِوَالِدَيْهِ إِحْسَانًا حَمَلَتْهُ أُمُّهُ كُرْهًا وَوَضَعَتْهُ كُرْهًا وَحَمْلُهُ وَفِصَالُهُ ثَلَاثُونَ شَهْرًا حَتَّى إِذَا بَلَغَ أَشُدَّهُ وَبَلَغَ أَرْبَعِينَ سَنَةً قَالَ رَبِّ أَوْزِعْنِي أَنْ أَشْكُرَ نِعْمَتَكَ الَّتِي أَنْعَمْتَ عَلَيَّ وَعَلَى وَالِدَيَّ وَأَنْ أَعْمَلَ صَالِحًا تَرْضَاهُ وَأَصْلِحْ لِي فِي ذُرِّيَّتِي إِنِّي تُبْتُ إِلَيْكَ وَإِنِّي مِنَ الْمُسْلِمِينَ
«Адам баласына, әке-шешесіне жақсылық істеуді нұсқадық. Өйткені анасы оны зорға көтеріп, әрең босанады. Сондай-ақ оған жүкті болу, (сүттен) айыру отыз ай. Ақыры ол, ер жетіп, қырық жасқа ұласқан кезде: «Раббым! Өзіме әке-шешеме берген нығметтеріңе шүкірлік етуімді, өзің разы болатын түзу амал істеуімді маған нәсіп ете көр! Менің ұрпақтарымды да түзет. Шын мәнінде, мен тәубе қылдым. Әрине мен бой ұсынушыларданмын» деді», – деп айтады («Ахқаф» сүресі, 15-аят).
Аталмыш аятты Имам Ибн Касир өзінің тәпсірінде: «Алла Тағала алдыңғы аятта Өзіне ғана құлшылық жасап, дінде шынайы түрде ықылас танытып, тура жолда бекем болуды баяндаған соң, ата-ананы құрметтеу жайлы өсиетті қосты. Бұл Құранның өзге аяттарында да жиі қатар айтылатын мәселе», – деп түсіндіреді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
أَلا أُنَبِّئُكُمْ بأَكْبَرِ الكَبائِرِ قُلْنا: بَلَى يا رَسولَ اللَّهِ، قالَ: الإشْراكُ باللَّهِ، وعُقُوقُ الوالِدَيْنِ، وكانَ مُتَّكِئًا فَجَلَسَ فقالَ: ألا وقَوْلُ الزُّورِ، وشَهادَةُ الزُّورِ، ألا وقَوْلُ الزُّورِ، وشَهادَةُ الزُّورِ
«Сендерге үлкен күнәлар жайында хабар берейін бе?» – деді. Біз: «Айтыңыз», – дедік. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға серік қосу, ата-анаға құрметсіздік таныту», – деп, жантайған қалпынан бойын түзеп отырып: «жалған сөз, жалған куәлік», – деді (Имам Бұхари).
Абай атамыз өзінің 29-шы қара сөзінде кейбір мақалдарды сынға ала отырып, ата-ананың бұл өміріміздегі ең ұлы құрметтің иесі екендігіне нұсқап, оларды сыйлау барша адамзаттың борышы екендігін астарлап: ««Ата-анадан мал тәтті, алтынды үйден жан тәтті» дейді. Ата-анасынан мал тәтті көрінетұғын антұрғанның тәтті дерлік не жаны бар. Бұлардың бәрінен де қымбат ата-анасын малға сатпақ ең арсыздың ісі емес пе? Ата-ана шамасы келсе, михнаттанып мал жиса да, дүниелік жиса да, артымда балаларыма қалсын дейді. Ол ата-ананы малға сатқан соң, құдайға дұшпандық іс емес пе? Осындай білместікпенен айтылған сөздеріне бек сақ болу керек», – деп түсіндірген.
Қисса
Бір кісі хазіреті Омарға (Алла оған разы болсын) келіп: -«Қартайған анам бар, өзіне қарайласа алмайтын хәлге жетті. Мен оны арқалап, қажетті жеріне алып барамын. Осы жақсылығым үшін анамның алдындағы борышымды өтеген боламын ба?», – деп сұраған екен. Сонда Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын): «Жоқ, өтемедің. Өйткені анаң сенің осындай сәтіңде саған ұзақ өмір тілеп, әрдайым аманшылықта болуыңды қалайтын. Ал сен оны көтеріп жүріп, оның өмірден озуын күтесің», – деп жауап берген.
Екінші: ата-ананың разылығы – Алланың разылығы
Егер мұсылман адам Алланың разылығын қаласа, ең алдымен ата-анасының разылығына ұмтылуы тиіс. Себебі, сүйікті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:
رِضى اللَّهِ في رِضى الوالِدَينِ ، وسَخَطُ اللَّهِ في سَخَطِ الوالدينِ
«Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың ашуы – ата-ананың ашуында», – деп ескерткен (Имам Термизи).
Шал ақын:
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші, – деп ата-анасын құрметтеген адамның шаңырағы соншалықты берекелі болатындығын қасиетті Мекке қаласымен теңеп түсіндірген. Бұл сөздің астарында ата-ананың разылығы жатқандығы белгілі.
Табиғиндердің арасындағы есімі аса көп аталмаған, бірақ дәрежесі биік бір тұлға бар. Бұл кісі табиғиндердің игі жақсыларының бірі ғана емес, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өз хадисінде оны табиғиндердің ең абзалы деп сипаттаған ұлы тұлға. Бұл тұлға Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде исламды қабылдаған, алайда Алла Елшісімен жүздесудің сәті түспеген жан. Соған қарамастан, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны жақыннан танығандай сипаттап, сахабаларына оның кемел тұлға екендігін айтқан. Тіпті, оның дұғасының қабыл болатынын жеткізіп, онымен жүздесу нәсіп болғандарға, өздерің үшін Алладан кешірім сұрауын өтініңдер деп өсиет еткен. Бұл оның Алла алдындағы дәрежесінің биіктігін білдіреді. Ендеше, бұл ардақты табиғин кім? Оның өмір жолы қандай? Ол неге Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде Исламды қабылдаса да, Онымен жолыға алмады? Не себепті Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) табиғиндердің арасынан дәл осы бір кісінің есімін атап, сипаттап, сахабаларына оның дұғасы қабыл екендігін, әрі оны кімде-кім кездестірсе дұғасын алып қалуға бұйырған? Бұл ерекшеліктің сыры неде? Ендеше, осы ұлы адамның сырына бірге үңіліп көрейік.
Қисса
Бір күні Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларымен бірге отырған кезінде оларға былай деді: «Алла Тағала жаратқандарының ішінен таза жүректі, жұрт көзіне көп түсе бермейтін, жасырын жүрген ықыласты құлдарын жақсы көреді. Олардың жүздері топырақ иісін сіңірген (көп сәжде жасаған себепті), адал табыс таппайынша, ас ішпейтіндер. Ондай адамдар жоғалып кетсе, ешкім оларды іздемейді. Олар бір жерге барса, ешкім оларды елемейді, бір жиынға келсе, оған ешкім қуана қоймайды. Ауырса, ешкім келіп хәлін сұрамайды. Сонда Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын):
- Уа, Алланың Елшісі! Біз ондай адамды қайдан табамыз? Біреуін бізге көрсетсеңіз, – деп сұрайды.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
- Ол Уәйс әл-Қарни, – деп жауап береді.
Сахабалар таңырқап, бір-бірінен: « -Ол кім? Уәйс әл-Қарни деген кім?», – деп сұрасып жатады. Өйткені олардың арасында ондай есімді сахаба жоқ еді. Сонда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Уәйсті көз алдына келтіргендей анық сипаттай бастады:
- Көзі қара мен көктің арасындағы түске ие (яғни көзі көкшілдеу), шашы мен сақалында қызғылт рең бар (яғни шашы ашық қоңыр, қызылға жақын), екі иығы кең, бойы орташа, өңі қараторы, түрі салмақты. Иегі үнемі кеудесіне қарай иіліп тұрады, сәжде ететін орнына көзін қадап отырады, оң қолын сол қолының үстіне қойып, Құран оқығанда өзін ұстай алмай, көз жасын төгеді.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Уәйсті сахабаларға дәл алдына тұрғандай сипаттап берді. Бұл жағдай Уәйстің Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жүрегінде қандай ерекше орын алғанының дәлелі еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Уәйстің басқа да сипаттарын айта келе: – «Ол адамдардың арасында беймәлім, алайда аспан иелері үшін өте танымал. Қарт анасына өте қамқор. Қиямет күні ізгілерге жәннатқа кіріңдер деп айтылса, оған «Сен адамдарға шапағат етесің» деп тоқтатады, әрі Алла Тағала оған арабтардың рабиға және мудар тайпаларының санымен тең келетін мөлшерде адамдарға шапағат еткізеді», – деді. Содан соң Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омар мен Әлиге (Алла оларға разы болсын) былай деді:
- Уа, Омар және Әли! Егер сендер Уәйс әл-Қарниді кездестірсеңдер, сендерге дұға етуін сұраңдар, өйткені оның дұғасы қабыл болады», – деді.
Осынша дәрежеге жеткен ол кісі кім? Оның сыры неде? Неге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оған ерекше мән берді?
Уәйс ибн Амр әл-Қарни, Йеменнің қарапайым бір тұрғыны еді. Әкесі оның кішкентай кезінде қайтыс болып, жетім қалған. Бала күнінен бастап қой бақты, қарапайым тіршілік кешті. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) заманында өмір сүріп, исламды қабылдағанымен, онымен кездесуге мүмкіндігі болмады. Себебі анасының қызметінде болып, қамқорлық жасауы оның сапарына кедергі болды. Анасы соқыр болып қалған соң, Уәйс өмірін толығымен анасына арнады, оның қамқоршысы мен қызметшісі болды. Сондықтан да ол анасының қасынан ұзап, Пайғамбарымызға бара алмады. Мұны білген Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны «ең жақсы табиғин» деп атады.
Құрметті жамағат!
Әрбір адамның жүрегінде ата-анаға деген құрмет қасиетті борыш ретінде орнығуы тиіс. Өйткені бұл парыз тек салт-дәстүрден емес, иман мен ар-ұжданнан бастау алады. Ата-ананың алақанына қарап өскен ұл мен қыз, олардың ақ батасын алып, өмір жолына нық қадам басады. Қазақ халқы үшін ата-ана тек бір әулеттің емес, тұтас ұлттың тірегі, өнегенің бастауы, мейірім мен парасаттың тұғыры. Халқымыз ежелден: «Ата-анасын ардақтамағанның оңғанын көрмедік», – деп, ұрпақ тәрбиесінің өзегіне осы ұстанымды сіңіре білген. Бүгінгі уағызымыз жүрек пен рухтың үндестігіндей, ата-анаға құрметтің шынайы мәнін ұғынуға шақыратын асыл тақырыптардың бірі.
Әр ұлттың рухани кемелдігін көрсететін оның кемеңгер ойшылдары болады. Қазақ даласында сондай жарық темірқазықтың бірі – Абай атамыз. Биыл, 2025 жылы, халқымыздың ұлы ұстазы, хәкім Абайдың дүниеге келгеніне 180 жыл болады. Бұл жай мерейтой емес, тұтас ұлтқа ой салатын, өнегені өлшеп, сөздің салмағын қайта саралайтын тарихи белес. Абай атамыз 29-шы қара сөзінде мал мен мансапты емес, ата-анаға деген құрметті биік қойған. «Ата-анасын малға сатпақ — арсыздың ісі емес пе?» деген бір-ақ ауыз сөзі күллі қоғамға қойылған рухани сын секілді. Бұл сөз жүрекке найза, санаға сілкініс.
Осы уағызда айтылған Уәйс әл-Қарнидің өмірі – Абай айтқан руханияттың тірі мысалы. Ол Пайғамбарымызбен (оған Алла разы болсын) жолықпағанымен, ананың ризашылығына бөлену арқылы Раббысының мейіріміне жетті. Ол көрсетпей жақсылық жасаудың, елеусіз жүріп, елге қызмет етудің үлгісі.
Бүгін біз де Абай атамыздың даналығын, Уәйстің тақуалығын өз өмірімізге шамшырақ етуіміз керек. Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы. Сол үшін үлкеннің алдын кесіп өтпейтін, төрден бұрын сөзге ұмтылмайтын, ата-ананың амандығын тіршіліктің ең үлкен бақыты санайтын ұрпақ болайық.
Алла Тағала баршамызға сол ұлы мақсатқа жетуді, ізгілікті ұран тұтып, ата-анамызға қызмет етіп, ақ батасын алуды нәсіп етсін!










