Ас – адамның арқауы, ал нан – тамақтың атасы. «Артық тамақ шашты ағартып қинайды, ал қанағат ұзақ ғұмыр сыйлайды» дегендей, қанағат пен еңбек, шымыр дене мен таза ой – әрдайым мықты саулықтың кепілі.
Таңертеңгі жаттығуда кездесіп қалған бір жан осы өзінің тамаққа қатысты ойымен бөлісті.
– Тамақ ішуді қойдым, таңғы ас пен кешкі асты ішпеймін, қазір Гербалайф деген жерге барып, коктейль ішіп аламын, кеште де сол… Әйтпесе қатты семіріп, жүре алмай қалғаным да бар, – деп өткен-кеткенін әңгімеледі. Ұннан жасалған тағамдар жемеймін деп қояды. Нанның қадірін қашырған уақыт-ай!
Тамақ туралы, әсіресе нан туралы ойға шомып кеттім. Ойыма «Бір үзім нан» ертегісі мен Қадыр ақынның өлеңі келе қалды. Нан қадірін біліп, қастерлеп, қиқымын да тастамайтын, бір түйірінің өзінде береке барын білетін едік…
Хош, сонымен бұл ойлар жалпы пенденің тамақтануы мен күтімі туралы осы шығармамның жазылуына түрткі болды.
Біз бел ортасы дегенді білмейтін, не бүйе, не түйе жасайтын елміз ғой. «Өзіңе саулық тілесең, көп жеме, аз же, бірақ уақытылы же» деген қағиданы да, «Тамақты тарта жесең, санаңды ашар, көп жесең ұйқы басарды» да жақсы білеміз. Біле тұра, не істейміз? Біз өлшеусіз жейміз, шексіз жейміз. Алдыңа келген ризықтың бәрін жеуге болады, тек бастысы мөлшерімізді білсек қой. Маңдай термен тапқан ақшаға тағамды үнемдеп, әр шығынын есептеп барып, өте сапалы да құнды, жайлы сауда жасап, табысын тиімді пайдаланатын тамаша отбасылар бар. Міне, сондай жандардан үйренсек жөн емес пе? Тек қажетін алып, өз еркін өзі бағындыратын жандар тамаша ғой!
Ал алдына келгеннің бәрін опыра беретін ішкі ашкөздік болса, барған жерінің бәріндегі әңгімесінің төресі «дастарханда не қойылыпты?» дер болса, әрине мұндай қомағайлық өз мөлшеріңді білмек түгілі, шектен шығып, зиянын тигізетін әдетке апарады.
Ал енді өз ағзамызға мән берсек, күллі жаратылысты асқан үйлесімділікпен жаратқан Алла пендесінің әр жасушасын да өз қызметін мінсіз атқаратындай жаратқан. Ағза қажеттісін, құнарлысын сіңіріп, артығын шығарып тастап, өзі реттеп отырады. Біздің тарапымыздан ағзаға күтім мен уақытылы шынығу, қолдау болса болды. Жаратқан берген аманатты адал сақтап, жақсы күтсек болғаны.
Үстелде, отырыстарда сағаттап отырып, артық мөлшерден тыс тамақтану, әрине мәселенің ушығып, саулықтың нашарлауына әкеледі. Тынымсыз аузымызға бәрін тыққыштап, денемізге тыныштық бермей, мезі қыламыз. Жұмыс күніңіз аяқталған сәтте, сізді алып қалып, таңға дейін қайта жұмысты жалғастыртса, қандай боласыз? Міне тамақ ішу де солай, уақытымен ғана, аштық пен қажеттілік сезімімен болуы қажет қой, ал артық ас – ағзаға түскен ауыр қысым.
Сократ «асқа ең жақсы дәмдеуіш – аш қарын» деп тамаша айтқан. Бүгінде біз тамақты қарын ашқанда емес, іш пысқанда ішіп-жеудеміз. Ал осылай өз-өзімізді қинап болған соң, қайта еңбектенудің орнына, ұйқы басып, жалқауландық та, енді «сетевойларды» жағалап, сиқырлы таблетка мен коктейльдер іздеп, соны іше сап, арықтап, әрі сап-сау бола салғымыз келді. Мұны және желпініп, жедел түрде, бірер аптада жасай салу қажет деп құлшына кірістік. Жан-жақты қысым мен шұғыл өзгеріске ағзаңыз бен жүйке жүйеңіз қалай жауап қайтарады? Жай ғана біреуі бас тартып, істен шығады… Осыны қалайсыз ба?
Заман талабы деп, іздегенге сұраған, бүгінде кафеден тойынып тамақтанып шығып, небір сиқырлы таблеткалар сататын «кәсіп көздері» мен фитнес залдардан аяқ алып жүргісіз. Құрамын зерттеп, білмей жатып, желеулеткен чаттардағы видеоға қарап, қозып, көпке ілесіп, онсыз да шаршаған ағзаны қинауға кірісеміз. Ішетін нәрсенің құрамын білмей, баратын тренажердің, жаттығудың ыңғайы мен саулығымыздың жай-күйін тексеріп алмай, қыруар ақша шашып, шапқылап тағы тозамыз. Өзімізге өзіміз жасап жүрміз бе? Әу баста тамақ пен күн режімін ұстанған болсақ, мұның бәрі болмас та еді ме?
Қазір тағамның түрінің көптігінен үстелдердің белі қайысқан заман. Қонақтық мәзірлері бірінен-бірі қалмайтындай жаңа, тың рецептпен жарысуда. Бұл неге қажет? Бұл аштық па? Дәм сезбегеннен жаңа дәм мен жаңа сезім іздеген мазасыздық па? Әлде бұл рухани аштық па? Бұл мейірім мен көңілге аштық па? Өз-өзімізді, үйіміз бен дүниемізді көрсетеміз, дәлелдейміз деп, ортаға «салмағымызбен» көрінеміз деп қояр тамағымыз, ішер тамағымыз бен киер киімімізбен әуре боп кетпедік пе? Берекетсіз бет алды жарыстан, қызықсыз өмірден шаршамадық па? Мүмкін осының бәрі өзімізді таппай қиналғаннан, ішкі қуысты осындай сырттан тықпалайтын азықпен толтыруға тырысқаннан шығар?
Тамақтану бұл бізге әрекет жасап, еңбек ету үшін күш-қуат беретін құрал екенін естен шығармайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тамақтану әдебін көркем түсіндіріп, үлгісін қалдырып кеткен жан. «Асқазандарыңды үшке бөліңдер, бір бөлігі – тамаққа, екінші бөлігі – суға, ал үшінші бөлігі – ауаға» деп Алла елшісі (с.ғ.с.) ескерткендей, қарынның 1/3 бөлігін толтыратындай ғана азықтанудың ағзаға пайдасы ұшан-теңіз екенін тексеріп, көріп те жүрміз.
Назар аударсақ, ислам ғалымдары тамақтану кезіндегі артық салмақтың пайда болуынан қорғайтын сүннетті де еске салады. Бұл сүннетке сай, аштық пен шөлді басатындай қажетті мөлшерде ғана тамақтанып, дастархан басынан аса тойынбай тұру қажет. Ал тойса да, қомағайланып тамақты асай беретін адам салмақ қоса береді. Сонда салмағымыз өскен сайын ешкімге кінә тақпай, «ақылы детоксқа» жүгірмей, ерік-жігерімізді қолға алу қалды емес пе?
Керек күндері ашығып тұруға да болады, она ағза тіптен демалып, сізге алғысын жаудырар. «Жақсылықтардың басы – аштық. Жамандықтардың басы – тоқтық» деген бар. Тамақтың ләззаты аштықтың көптігіне қарай артады. Тоқтық адамды ұмытшақ қылады. Көңілді соқыр етеді. Аштық ақылды тазалайды, көңілді нұрландырады. Тамақты шамадан тыс тоймай тұрып тоқтатуды үйреніп, тамақтану әдебін сақтауды үйренген жан, әлбетте бұл айтылған мәселелерден алыс болар еді. Әйтсе де, бүгінде артық салмақпен алысып жүргендердің көптігі алаңдатады.
Тамаққа тойынып, қадірлі асымыздан бас тартып, тапқан ақшамызға түсініксіз құрамдағы химикаттар сатып алып, таблетканың күшімен өзімізді қинап жүрген болсақ, тоқтап ойланатын уақыт келді. Өз ағзамызды өзіміз тыңдап, қай уақытта қандай сусын мен тамақ ішкісі келетінін, қай дәрумен жетіспей тұрғанын сырттан іздемей, өз түйсігімізбен сезініп тұрсақ тамаша емес пе? Мұндайға қол жеткізуге болады. Өзімізбен байланысты нығайтайық та, сау-саламатты өмірді қалыптастырайық. Бұл әрі тегін, әрі пайдалы. Тартына ішсең, тәнің сау. Айтпағым, аз-аздан шағын ыдыстан тамақтан да, көбірек еңбек ет, қимылда! Бәрі өз қолымызда!
АйШаНұр
(Айсалқын Шаутимова Нұрсайынқызы)
@nursaiynkyzyaisalkyn
Орал қаласы








