Мұсылман адам әруақытта жаңылудан, адасудан сақ болып, дұға жасап, барынша қорғанғаны дұрыс.
Кезінде атақты табиғин, ғалым Хасан Басридің (р.а.) бір шәкірті адасқан деседі. Сол шәкірті дәріске кешігіп келетін болыпты. Сонда Хасан Басри (р.а.) себебін сұраса, ол: «Әр түні Алла Тағаланың аршысына барып, дидарласып, содан кешігетін болдым» деп жауап береді.Ұстазы оған: «Ондай болса, ол жерде мені де еске алғайсың» дейді.
Шәкірті әдетінше, өзінше Алланың алдына, аршыға көтерілген сәтте, ұстазының өтініші есіне түсіп, дереу атын айтқанда, Алла дегені шайтан, аршы дегені әжетхана болып шығады.Сонда шайтан ұстазының атын ғана естіп қашқан екен.
Өйткені, Хасан Басри (р.а.) сахабаларды көзі көрген, тақуа ғалым еді.
Бұл оқиғадан алатын ғибрат, Алла сақтамаса, қандай ұстаз болса да, қандай ұстаздың шәкірті болса да, мұсылман адам адасуы мүмкін. Әсіресе, әлеуметтік желіде медресе, кітап көрмеген «ұстаздар» көбейген заманда, барынша сақтану қажет.
Сақтанудың бірден-бір жолы – кім не деп айтса да, не амал жасаса да шариғатқа сәйкес болуы керек.
Алла Тағала баршамызға адасудан сақтап, тура жолында жүруге жазсын!
Қуат ҚАБДОЛДА










