Бүгін Ұлттық академиялық кітапханада жақында құрылған «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының жұмыс-жоспарымен Бас редакторлары клубы және қоғам өкілдерін таныстыру, әрі кітап көрмесі барысында «Қазақ күшінің картасы» жобасы басталғаны хабарланды.
Аталмыш жиын «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Ұлттық академиялық кітапхананың, Ұлттық спортты қолдау қорының қолдауымен өткізілді.
Іс-шараға танымал журналист, сенатор Бибігүл Жексенбай жетекшілік ететін «Бас редакторлар клубы» мүшелері, сондай-ақ спорт пен мәдениет, білім-ғылым және ақпарат салаларының қайраткерлері мен өкілдері қатысты.
Бұл шарада қазақтың ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті туралы құнды ақпараттар берілді. Сонымен қатар, белгілі күш мәдениетін зерттеуші, спорт мәдениетіне арналған бірнеше кітаптың авторы Абылайхан Қалназаровтың қазақ күресі мен палуандар, асық ату, көкпарға қатысты бірқатар кітаптарының «демо» версиялары және «Қазақ күшінің картасы» атты арнайы жобасы таныстырылды.
«Baluan tas» құрылтайшысы А.Қалназаров өзі құрған жаңа құрылымның миссиясы мен бағыт-бағдары, алдағы уақытта қолға алынбақ жоспарлар туралы айта келе, бүгін ұйымның тұңғыш жобасының басталатынын айтты.
«Сүйіншілейтін жақсы жаңалығымыз бар. Бұл жобаны алдарыңызда тантыстыру мен үшін зор мәртебе. Осы сәттен бастап «Қазақ күшінің картасы» жобасы ресми түрде бастау алады. Тұсауын сіздер кесіп отырсыздар! Оны түрліше атауға болады. «Қазақ күшінің картасы», яки «Қазақ күш-қайратының картасы» немесе «Ұлы даланың күш картасы» десек те, бәрінің мағынасы бір. Түркі әлемінің әлеуетін паш етеді. Басты мақсат – халқымыздың жауынгерлік-спорттық тарихы мен мәдениетінің ажырамас бөлігі – алып күш-қайрат иелерінің күш мұрасын тізімдеу мен зерттеу. Мұнда жұрт «Нақты не істейсіңдер?! деп жатыр. Жауап айқын: Ел аузында «Балуан тас» деп аталатын ауыр тастарды іздеп тауып, олардың географиялық орналасу нүктелерін картаға түсіру мен ұлттық құндылық ретінде мәртебелеу мен насихаттау» , – деді ол.
Өз кезегінде жобаның басталуын білдіретін арнайы символдық қызыл лентаны «Бас редакторлар клубы» президенті Бибігүл Жексенбай, «Тас палуан» лақабымен танымал атлет, КИНЕС рекордтар кітабының рекордсмені Арман Сүлеймен және басқа да елге танымал азаматтар қиды.
Бұл ретте сенатор Бибігүл Жексенбай тарихи-мәдени мұраның ішінде балуандық сынақтар рәсімінің маңызды болғанын айта отырып, ауыр тастардың қазақ халқының ерлік дәстүрін, күш пен батырлықты дәріптейтін элементтер ретінде ғасырлар бойы сақталып келе жатқанына тоқталды.
«Қазақтың алып күш иелерінің тарихи рөлін насихаттау үшін ауыр тастарды зерттеу – ұлттық мәдениетімізді жаңғыртып, жастарға рухани мұрамызды түсіндіріп, насихаттаудың маңызды тәсілдерінің бірі. Бұл жағынан біз елімізде алғаш бастама көтеріп отырған Абылайхан Мамырайханұлын қолдауға қашан да әзірміз. Мен оның батыр, палуан, тіптен «түйе палуан» болған әйел-аналарымыз – Дариға, Айсәуле, Ұмсын, Күреш сұлулар туралы әңгімелерін талай естіген едім. Олар да назардан тыс қалмайды деп білемін», – деп ойын жалғады.
Ал палуан Арман Сүлеймен бұл жобаны жеке бір ұйым яки тұлға емес, мемлекетттің өзі басшылыққа алып атқаруы керектігін атап өтті.
«Мен Абылайханмен саясат, қоғам, заман, ұлттық спорт бағыттары бойынша ұдайы пікірлесіп отырамын. Оның «Балуан тас» қостомдығын да оқып шықтым. 500-ге жуық түркі-қазақ палуандарының дерегі келтірілген. Ендігісі, оның сол кітаптардан басталған игі ісінің үлкен ұйымға айналып, өз алдына жоба жүргізе бастағанына куә болып отырмыз. Басқасы басқа, мәдениеттанушы деген дипломын ақтаған бір адам болса, осы Абылайхан болар. Ақ батамызды беріп, сәттілік тілеп отырмыз», – деп пікір білдірді.
Жиналған жұртшылық ұйым міндетіне алып отырған істер тізбесі мен жаңа күш жобасының сипатына разылығын білдіріп, өз тарапынан қолдан келгеннің бәрін жасауға әзірлігін жеткізді.
Айтса айтқандай, «Қазақ күшінің картасы» жобасының басты міндеттері келесідей:
– Балуан тастардың географиялық орындарын карталық тізімге енгізіп, тарихи және мәдени-спорттық мұра ретінде сақтауға жол ашу (материалдық және материалдық емес).
– Балуан тастарға қатысты аңыз-әфсана, хикаялары мен ел аузындағы әңгімелер, тарихи деректерді жинақтау және осындай көшпенділік салауатты өмір салты мен спорттық-жауынгерлік ерлік дәстүрін ғылыми айналым мен ақпараттық өріске енгізу.
– Тарихтағы палуандар мен балуан тастарды қазіргі реалийлерге идеологиялық құрал ретінде ыңғайлау(Жастар мен жасөспірімдерді ата тарихтағы балуандар өнегесі арқылы спорт пен азаматтыққа баулу).
– Ауыр тастарды таныстыру арқылы алып күш иелері мен қазақ күресінің тарихи рөлін көрсету және сол арқылы ұлттық идентификацияны күшейту.
– Қазақстанның брендтік-туристік маршруттық әлеуеті мен спорттық-мәдени тартымдылығының артуына атсалысу.
Осы орайда Абылайхан Қалназаров көрермендер сауалдарына жауап беріп, күтілетін нәтижелердің кең ауқымды қамтитынын айтты. Олар:
Біріншіден, қазақтың күштік тарихы мен мәдениетін жаңғырту және сақтау (Палуандық персонаждар санын көбейту).
Екіншіден, балуан тастар арқылы қазақ күресі мен төл құндылықтарға көпшіліктің қызығушылығын арттыру мен ұлттық спорт насихаты (Заманауи қазақ мәдениетінің өнебойында дегдарлық, ірілік, алыптық мәдениетін қайта тірілтіп трендке шығару және күрес өнері жолын қуушылар санының артуы).
Үшіншіден, мемлекеттік идеологияға спорттық-жауынгерлік тағы бір платформаның қалыптасуы.
Төртіншіден, балуан тастар орналасқан жерлерге этноауылдар мен инфрақұрылым құру және соның негізінде аймақтық күштік брендтер жасау.
Бесіншіден, палуандық мәні бар тарихи ескерткіштерді туризм саласы маршрутына қосу арқылы Қазақстан мен аймақтардың тартымдылығы мен экономиканы дамыту.
Жетіншіден, осы тақырып аясында көптеп кітап өнімдерін шығару.
Шара соңында палуан Арман Сүлеймен, ММА спортынан (Битва Титанов) турнирінің чемпионы Қуаныш Шәріпбекұлы күш ойынын көрсетіп, әйгілі жыршы Әлихан Дүйсенбай ән шырқады.
Бұдан әрмен ынтымақтастықты жалғастыру үшін «Baluan tas» пен «Бас редакторлар клубы» арасында өзара іс-қимыл бойынша меморандум жасалғанын да атап өткен жөн.
Тағы бір маңызды тұс, «Baluan tas» ұжымына кіретін Silteme.kz ақпараттық порталы негізінде Абылайхан Қалназаров «Бас редакторлар клубы» мүшелігіне қабылданды.
Айта кетейік, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері мен мәдениеті академиясы – қазақ халқының барлық дәстүрлі спортын сақтау, дамыту және халықаралық деңгейде танымал етуге бағытталған инновациялық орталық. Ол ұлттық спорт түрлерінің физикалық, рухани-мәдени және зияткерлік құндылықтарын зерттеп зерделеп, болашақ ұрпаққа жеткізуді және спорт арқылы елдік рухты күшейтуді көздейді. Ұйым 2025 жылғы 17 наурызда ұлттық спорт түрлері зерттеушілері мен ғалымдарының бастамасымен Астана қаласында құрылып, өз жұмысын бастады. Құрылтайшысы және жетекшісі Абылайхан Қалназаров.
Жиынға арнайы шақырылған «Бас редакторлар клубы» құрылымы 2007 жылы құрылған және құрамына Қазақстанның 300-ден астам бұқаралық ақпарат құралдарының бас редакторлары мен жетекшілері кіретін ерікті қоғамдық бірлестік. Клуб алдағы уақытта «Қазақ күші картасы» жобасының жүзеге асырылу барысын ақпараттық жағынан сүйемелдеп, назарда ұстайтын болады.
Жасұлан БАҚЫТБЕК