Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын!
Алла Тағаланың адамзат баласына берген ерекшеліктерінің бірі – сөйлеу нығметі. Адам сөйлеу арқылы ішіндегі сезімдері мен ойын екінші бір кісіге жеткізеді. Өзіне берілген осы нығмет үшін пенде Жаратушысына шүкір етіп, дұрыс сөз сөйлеп, күнәлі сөздерді айтудан сақтануы қажет. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Ахзаб» сүресінің 70-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آَمَنُوا اتَّقُوا اللَّهَ وَقُولُوا قَوْلاً سَدِيداً
«Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер», – деп бұйырған.
Адамдар жақсы сөз сөйлеу арқылы қоғамда бірлік пен береке орнап, араларында жылулық пен қарым-қатынас сақталады. Ал керісінше өсек, өтірік, жала жабу сияқты жаман, күнәлі сөздер көбейсе, қоғамда сенімділік жоғалып, берекетсіздік орын алады. Сондықтан да Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әрдайым тілге ие болуға шақыратын. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
المُسْلِمُ مَن سَلِمَ المُسْلِمُونَ مِن لِسانِهِ ويَدِهِ
«Мұсылман – өзге біреуге қолымен және тілімен зиян тигізбеген адам», – деген (имам Бұхари).
Халқымыз: «Әдептің басы – тілді бағу» деп айтқандай, сөз әдебіне мән беру мұсылман адамның басты сипатының бірі. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, Әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың», – деген сөзінде де үлкен мән-мағына бар.
Бүгінгі жұма уағызымызда сөйлеуге қатысты маңызды төрт әдепке тоқталмақпыз:
Бірінші: жақсы сөз сөйлеу
Тіл – адам баласының қарым-қатынас құралы. Бір ауыз сөзбен өзгенің көңілінен шығып, жүрегінен орын табуға болады немесе бір ауыр сөзбен ренжітіп, көңілін қалдыруға болады. Алла Тағала қасиетті Құранда мынадай мысал келтірген:
أَلَمْ تَرَ كَيْفَ ضَرَبَ اللَّهُ مَثَلًا كَلِمَةً طَيِّبَةً كَشَجَرَةٍ طَيِّبَةٍ أَصْلُهَا ثَابِتٌ وَفَرْعُهَا فِي السَّمَاءِ . تُؤْتِي أُكُلَهَا كُلَّ حِينٍ بِإِذْنِ رَبِّهَا وَيَضْرِبُ اللَّهُ الْأَمْثَالَ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ. وَمَثَلُ كَلِمَةٍ خَبِيثَةٍ كَشَجَرَةٍ خَبِيثَةٍ اجْتُثَّتْ مِنْ فَوْقِ الْأَرْضِ مَا لَهَا مِنْ قَرَارٍ
«Жақсы сөзді Алланың қандай мысалмен түсіндіргенін көрдің бе? Жақсы сөз бейне бір тамыры жерге терең тартқан, бұтақтары көкке жеткен мәуелі ағаш сияқты. Ол ағаш Раббысының рұқсатымен үнемі жеміс береді. Алла Тағала адамдарға ойланып, ғибрат алсын деп осындай мысалдар келтіреді. Ал жаман сөз бейне бір жерден түп-тамырымен қопарылған тамыр тартып, өз діңінде тұра алмаған жаман ағаш іспетті» («Ибраһим» сүресі, 24-26 аяттар).
Мұсылман адам әркез жақсы сөз сөйлеуге тырысып, өзгенің көңіліне қуаныш сыйлайтын сөздерді айтуға өзін машықтандыруы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:
كلُّ مَعْرُوفٍ صَدَقَةٌ
«Әрбір жақсы сөз – садақа», – деген (имам Табарани). Тағы бір хадисінде:
وَالْكَلِمَةُ الطَّيِّبَةُ صَدَقَةٌ
«Жақсы сөз – садақа», – дейді.
Ал ата-бабамыз «Жақсы сөз – жарым ырыс», «Жанды жаралайтын да сөз, емдейтін де сөз» деген қанатты сөз қалдырған. Қайғырып, өмірден түңілген жанды бір ауыз жылы сөзбен жұбатып, оның көңілін жадыратып, өмірге деген құштарлығын оятуға, қуантуға болады. Сол сияқты ойланбай айтылған бір сөз арқылы көңіліне қаяу түсіріп, түңілдіріп жіберуге де болады. Сондықтан да өзгеге жақсы әсер беретін, көркем сөз сөйлеу – садақа.
Екінші: бос сөзден аулақ болу
Бос сөзді көп сөйлейтін адам көп қателікке душар болады, қателік күнәһарлыққа алып келеді. Адам баласы сөз әдебінде пайдасыз, бос сөздің артына түсуден сақтануы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранда:
وَالَّذِينَ هُمْ عَنِ اللَّغْوِ مُعْرِضُونَ
«Олар, пайдасы жоқ, бос нәрселерден бас тартатындар», – деп айтқан («Муминун» сүресі, 3-аят).
Аяттағы «әл-Лағу» (اللَّغْوُ) сөзі Ибн Кәсир (Алла оны рақымына алсын) тәпсірінде: «Ширк пен күнәні қамтыған (батыл) жалған істер, сондай-ақ, пайдасыз сөздер мен істер жатады», – деп тәпсірлеген.
Ал тәпсірші Әли ас-Сабуни «Сафуату әт-Тәфәсир» тәпсір кітабында: «Өтірік, балағат, әзіл сөздер», деп түсіндірілген. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Жаман сөз айтушы мен оны басқаларға жеткізуші – күнәда тең», – деген. Келесі бір хадисте: «Мүмин жәннатқа кірмейінше жақсы сөзді тыңдаудан жалықпайды». «Мүмин басқаларды масқараламайды, әдепсіздік істемейді, ұятсыз болмайды және лағынет айтпайды», – деп айтқан.
Алла Тағала тағы бір аятта:
وَإِذَا مَرُّوا بِاللَّغْوِ مَرُّوا كِرَامًا
«Олар бос нәрселердің (пайдасыз бос сөздер мен істердің) жанынан өткенде, өз қадір-абыройын сақтап өтеді», – деп айтқан («Фұрқан» сүресі, 72-аят).
Әдетте көп сөйлейтін адамның сөзінен салмақ кетіп, қоғамда да қадір-қасиеті болмайды. Халқымыздың: «Сөз қадірі – өз қадірің» деп айтатыны осыдан болса керек. Тамақ қаншалықты дәмді болса да мөлшерден асып, шамадан тыс қабылдаса, астың мәні кетеді. Сол секілді сөз інжу-маржанмен көмкерілсе де, оны шамадан тыс асыра қолдану әңгіменің мәнін кетіріп, адамды жалықтырып жібереді. «Көп сөйлеген білімді емес, дөп сөйлеген білімді» демекші, сөздің нақты әрі қысқа болғаны жақсы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ كَانَ يُؤْمِنُ بِاللهِ وَالْيَوْمِ اْلآخِرِ فَلْيَقُلْ خَيْرًا أَوْ لِيَصْمُتْ
«Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне имам келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үндемесін», – деген (имам Мүслим).
Өзінің әрбір сөйлейтін сөзін қадағалап, ойланып, бұл сөзде пайда бар ма, зиян бар ма деп пайымдап, пайдалы сөз болса сөйлеп, пайдасыз не күнәлі сөз болса, өзін ұстау – нағыз кемел тұлғалы адамның қасиеті.
Адам баласы өзгемен тілдескенде көп сөйлеуден гөрі, екінші тарапты көбірек тыңдауға мән берген дұрыс. Әбу Дәрдә (Алла оны рақымына алсын): «Сөйлеуді үйренген сияқты үндемеуді үйреніңдер. Өйткені үндемеу үлкен ақылдылық. Сөйлегеннен гөрі тыңдауға тырыс», – деп насихат айтқан екен.
Үшінші: күнәлі сөздерден сақтану
Бос сөздің өзінен сақтанған адам өсек, өтірік, ғайбат, жала жабу, бейәдеп сөздер айту сияқты күнәлі сөздерден мүлде аулақ болуы қажет. Себебі сөз – адамның ішкі жан дүниесінің көрінісі. Ішкі жан дүниесі таза, рухани кемел жанның аузынан жақсы да көркем сөз шығады. Ол өзгені ренжітетін сөз айтса, дереу ол адамнан кешірім сұрап, Жаратушысына жалбарынып тәубе етеді.
Ал жаман, дөрекі сөз сөйлеу арқылы өзге адамдардың жүрегіне қаяу салу Жаратушының мейірімінен алыстап, ақыретте үлкен өкінішке алып келеді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إِذَا أَصْبَحَ ابْنُ آدَمَ فَإِنَّ الأَعْضَاءَ كُلَّهَا تُكَفِّرُ اللِّسَانَ فَتَقُولُ اتَّقِ اللَّهَ فِينَا فَإِنَّمَا نَحْنُ بِكَ فَإِنِ اسْتَقَمْتَ اسْتَقَمْنَا وَإِنِ اعْوَجَجْتَ اعْوَجَجْنَا
«Адам баласы таңсәріде ұйқыдан тұрғанда, оның дене-мүшелері тіліне өздерінің бағыныштылығын білдіріп былай дейді: «Біз үшін Алладан қорық, өйткені біз саған тәуелдіміз, егер сен туралықты ұстансаң, онда біз де түзу боламыз. Ал егер сен қисайсаң, онда біз де қисаямыз», – деген (имам Термизи).
Бөлтірік шешен баласына айтқан өсиетінде: «Сөзден тәтті нәрсе жоқ. Сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ. Сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қай жерде сөйлейтініңді біл, қай кезде сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады, әкең қапа болады», –деген екен.
Адам жақындары мен араласқанда, отбасы, бала-шағасымен тілдескенде, қызметтес адамдармен сөйлескенде ауыр, дөрекі сөз сөйлеуден өзін ұстай білуі қажет. Әсіресе, мекемелерде, жұмыс барысында қызметі жоғары адам, қызметі төмен адамға дауыс көтеріп, кейде жеке басына да қатысты ауыр сөздер айтып жататын жағдайлар кездесіп қалады. Негізі бір адамның қызметте дәрежесі жоғары болуы, оның қызметі төмен адамға дауыс көтеріп, ар-намысына тиетін сөздерді айтуына құқы бар дегенді білдірмейді. Сахаба Әнас (Алла оған разы болсын) ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұмсақтығы туралы: «Мен Алла Елшісіне он жыл қызмет еттім, сонда ол маған бірде-бір рет: «Туф!» – деп айтып көрген емес және мен бір нәрсе істесем: «Мұны неге істедің?» – деп те айтқан емес. Егер мен бір нәрсені істемесем: «Сен бұны неге істемедің?» – деп те айтқан емес», – дейді (имам Бұхари, Мүслим).
Сондықтан да басшы адам қол астындағыларды қатты сөз айтып, дөрекілікпен емес, даналықпен басқаруға үйренуі қажет.
Қоғамда да бір жерде кезекте тұрғанда, көлік жүргізіп бара жатқанда адамдардың бір-біріне қатты сөздер айтатын жағдайлар кездесіп қалады. Мұсылман адам осы кезде өзін қолына ұстап, жамандыққа жақсылықпен жауап беріп, сабырлықтың, жақсы сөз сөйлеудің көркем үлгісі болуы қажет. Бұлай істеу арқылы мұсылман адам күнәлі істің алдын алып, екінші жағынан асыл дініміздің құндылықтарын көрсету арқылы, көркем насихат жасаған болады. Бір күні Яһудилер Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Әс-самун ғалайкум», (сендерге өлім болсын) деп айтады. Осы кезде Айша анамыз (шыдай алмай): «Сендерге де Алланың лағынеті, ашуы болсын», – деген сөздерді айтып жібереді. Сонда Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Айша! Асығыстық жасама. Жұмсақ бол, дөрекілік пен арсыздықтан аулақ бол», – деп ескерту жасайды (имам Бұхари).
Қисса
Бір адам ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың Елшісі! Бір дәулетті әйел күнде садақа береді, бес уақыт намаз оқиды, көп жақсылық жасайды. Бірақ тіліне ие бомайды. Ал басқа бір әйел бар, ол кедей тұрады. Ешқандай садақа бере алмайды. Бес уақыт намаз оқиды. Бірақ тіліне ие болып, ешкімді тілдемейді. Осы екі әйелдің қайсысына сауап жазылады», – деп сұрайды. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ауқатты әйел адам көп қайыр-садақа бергенімен, тіліне ие боламаса, оның жақсылығын айтқан ғайбаты жойып отырады. Ал екінші әйелдің қолы қысқа болып, қайыр-садақа бере алмаса да, тіліне ие болып, ешкімді ғайбаттаған жоқ, оның барар жері – жәннат», – дейді.
Төртінші: сыр сақтай білу
Сөзге қатысты маңызды әдептің бірі – сыр сақтай білу. Алла Тағала қасиетті Құранның «Исра» сүресі, 34-аятында:
وَأَوْفُوا بِالْعَهْدِ ۖ إِنَّ الْعَهْدَ كَانَ مَسْئُولًا
«Сертті орындаңдар. Сөз жоқ, уәде сұралады», – деп айтқан.
Қазақ халқында жамандық пен жақсылықты бірдей бөліскен, өзіндей көрген жанашыр адамды «сырлас» деп атаған. Осыдан «сырластым», «сыр төктім», «сыр ақтардым», «сыр бөлістім», «сыр айттым», «сыр сақтадым» деген сөздердің барлығы ата-бабаларымыздың сыр атаулығы қаншалықты үлкен мән бергендігін көрсетеді.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш дін нәзіл болған уақыттан бастап сахабаларын сыр сақтауға үйреткен. Өйткені уахидың алғашқы кезеңінде жүректеріне енді ғана иман ұялаған мұсылмандарға дін жаулары зиян тигізбеу үшін Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) насихаты жасырын болатын. Сахабалардың сол уақытта көрген тәлімі олардың бойларында сырды сақтау, аманатқа берік болу, уәдені орындау, сияқты асыл қасиеттердің мықтап орнығуына себепші болды.
Сахаба Әмр ибн Ас (Алла оған разы болсын): «Жүрек – сырды сақтайтын орын. Еріндер – сол орынның кұлпы. Ал тіл – соның кілті. Сондықтан әрбір адам сырдың кілтіне мұқият болсын», – деп өсиет айтқан.
Әр адамның сыры ең бірінші Жаратушы Аллаға, кейін өзіне мәлім. Тоқсан би бабамыз: «Пышағыңды мұқалтпа, не кеспесті біліпсің?! Бейтанысқа сыр айтпа, не деспесті біліпсің?!» – деп айтпақшы, адам баласы өзге адамдардың арасында адамның жеке басына, отбасына, өміріне зиян алып келетін, ар-намысының тапталуына, қадірінің түсуіне себеп болатын сыры туралы тіс жармауы тиіс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 118-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُواْ لاَ تَتَّخِذُواْ بِطَانَةً مِّن دُونِكُمْ لاَ يَأْلُونَكُمْ خَبَالاً وَدُّواْ مَا عَنِتُّمْ
«Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен басқаларды сырлас тұтпаңдар. Олар сендерді әбігерге салуда еш қарап қалмайды әрі сендердің қиналғандарыңды қалайды …», – деп айтқан.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы да: «Сырыңды ешкімге алдыртпа! Екі елі ауызыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды», – деп өсиет еткен. Өмірде адам баласы сенімсіз адамға сыр ашамын деп үлкен өкініштерге де тап болып жатады. Хазіреті Әлидің (Алла оған разы болсын): «Ішіңде сақтаған сырың – сенің тұтқының. Егер оны айтар болсаң, онда сен оның тұтқынына айналасың», – дейтіні осыдан болса керек. Сол себепті сырды бөлісу қажет болса оны иманды, шынымен жанашыр, аманатшыл адамға ғана айту қажет. Ахмед Йүгінеки бабамыз:
Қатты сақта сырыңды ешкім білмесін,
Өз сөзіңнен өкініп, іс келмесін.
Бар құпия ісің болып әшкере,
Көрген адам, естіген жұрт күлмесін.
Айтпа сырды, қара достың түсіне,
Ойлап қара жанашырдың ісіне.
Өз ішіңе сыймаған сыр, қарағым,
Сыя ма екен сол досыңның ішіне – деген екен.
Бір ғалымнан: «Сіз сырды қалай сақтайсыз?» – деп сұрағанда, ол: «Мен өзімді сырдың қабірі деп көремін», – деп жауап берген екен.
Қисса
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қатты науқастанып жатқанда әрі өмірінің соңғы сәтінде қызы Фатиманы (Алла оған разы болсын) шақырып, сол жағына отырғызды да, сыбырлап бір нәрсе айтады. Сол кезде Фатима (Алла оған разы болсын) анамыздың көңілі түсіп, көзіне жас алып, жылап жібереді. Сосын тағы да шақырып, оң құлағына сыбырлап бір нәрсе айтады. Бұл жолы Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз күлімсірейді. Осы сәтке куә болған ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жұбайлары Фатимадан не айтқаны жайында сұрағанда, Фатима анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамбардың сырын ешкімге айта алмаймын», – дейді.
Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеден өтіп, арада біраз уақыт өткенде Айша анамыз (Алла оған разы болсын) осы мәселе жайында Фатимадан (Алла оған разы болсын) тағы сұрайды. Сонда Фатима анамыз (Алла оған разы болсын): «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) маған бірінші нәрсе айтқанда осы науқастан қайтыс болатынын айтты. Сол үшін жыладым. Сосын отбасымыздан өзіне ең алғаш болып менің қауышатынымды айтқанда, қуанып күлімсіредім», – дейді.
Қадірменді жамағат!
Адам баласының бір жақсы сөзі үшін екі дүниеде дәрежесі көтеріліп, сол сияқты ойланбай айтылған бір сөзге бола екі дүниеде де өкінішке ұшырауы мүмкін. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
إنَّ الرَّجُلَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ اللَّهِ تَعَالَى مَا كَانَ يَظُنُّ أَنْ تَبْلُغَ مَا بَلَغَتْ يَكْتُبُ اللَّهُ لَهُ بِهَا رِضْوَانَهُ إلَى يَوْمِ يَلْقَاهُ ، وَإِنَّ الرَّجُلَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مَنْ سَخَطِ اللَّهِ مَا كَانَ يَظُنُّ أَنْ تَبْلُغَ مَا بَلَغَتْ يَكْتُبُ اللَّهُ لَهُ بِهَا سَخَطَهُ إلَى يَوْمِ يَلْقَاهُ
«Расында, кей кездері адам Аллаға ұнамды сөздер айтады. Сол сөздерінің қандай дәрежеге көтерілгенін сезбейді де, ал Алла болса оны сол айтқандары үшін Өзімен кездесетін Күнге дейін Өзінің риза болғандарының қатарына жазады! Сондай-ақ, расында, кей кездері адам Алланың қаһарын тудыратын сөздер айтады. Сонда сол сөздерінің неге жеткенін сезбейді де, ал Алла болса, оны ол айтқандары үшін, Өзімен кездесетін Күнге дейін Өзін қаһарында болатындардың қатарына жазады», – деген (имам Термизи).
Асан қайғы бабамыздың:
Таза мінсіз асыл тас,
Су түбінде жатады.
Таза мінсіз асыл сөз,
Ой түбінде жатады, – деп айтқанындай, әр сөзімізді ойланып, саралап барып сөйлеуді әдетке айналдырғанымыз жөн!
Алла Тағала баршамызды жан дүниесі бай, рухани кемел жандардан етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі