Шариғатымызда құлшылықтардың дұрыс болу шартының бірі – уақыт. Сондай ұлы құлшылықтардың бірі, Алла Тағаланың барлығына, бірлігіне иман келтіргеннен кейінгі Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) парыз болған құлшылықтың ең алғашқысы – намаз.
Намаз оқу – ақыл-есі дұрыс, балиғатқа жеткен әрбір мұсылман ер мен әйел үшін белгілі уақыттарда өтеуге міндетті болған – парыз. Алла Тағала Құранда: «Намаз мұсылмандарға арнайы белгіленген уақыттарда парыз етіледі», – деген.
Осыған орай парыз намаздарды уақытында оқыған шарт. Әр намаздың басталатын уақыты мен аяқталатын уақыты белгіленген. Парыз намаздарының сүннеттері, жұма намазы және айт намаздары үшін де белгілі бір уақыт бар. Бұл намаздарды уақытынан бұрын оқуға болмайды. Уақытын еш себепсіз өткізіп, қаза етіп оқу – үлкен күнә. Сондықтан әрбір мұсылман намаз уақыттарын білуі керек.
Исра кешінде намаз парыз болғаннан кейін, Жәбірейіл Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) әр намаздың басталатын және аяқталатын уақыттарын белгіледі. Ибн Аббас (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жәбірейiл періште маған Байтулланың (Қағбаның) жанында екi рет имам болды. Бірінші күні күн тал түстен ауғанда бесiн намазын, әр нәрсенiң көлеңкесi өзiмен бiрдей болғанда екiнтiнi, күн батысымен ақшамды және шапақ жоғалған уақытта құптанды, таң шапағы туғанда таң намазын оқыдық. Ал екiншi күнi бесiндi әр нәрсенiң көлеңкесi өзiндей болған уақытта, екінтіні әр нәрсенiң көлеңкесi өзiнен екі есе ұзын болғанда, ақшамды әуелгі уақытында, құптанды түннiң үштен бiрi кiргенде, таң намазын айнала жарық болғанда оқыдық. Кейiн Жәбірейіл Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ей, Мұхаммед! Сенiң және сенен бұрын өткен пайғамбарлардың намаз уақыты осы. Үмбетiң бес уақыт намаздың әрбiрiн осы екi уақыттың арасында оқысын», – дедi», – деген.
Төрт мәзһаб ғалымдары бес уақыт намаздың басталатын және аяқталатын уақыттарына қатысты осы хадисті дәлелге алады. Сондай-ақ Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Менің қалай намаз оқығанымды көрсеңдер, сендер де солай намаз оқыңдар!» – деген хадиске сүйенеді. Намаздың жалпы уақыттарына, қай уақытта оқу мұстахаб, қай уақытта оқу мәкруһ болатынына қысқаша тоқталып өтсек.
Таң намазы. Таң намазының уақыты екінші таң (көкжиектен көлденең шығатын ақтық) атқан уақыттан басталып, күн шығуына дейін жалғасады. Таң намазын айналаға жарық түсіп, ағараңдай бастағанға дейін кешіктіріп оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таң намазын айнала ағараңдай бастағанда оқыңдар. Өйткені, оның сауабы көп», – деген. Мұстахаб болған кешіктіру мөлшері елу немесе қырық аятты, егер дәреті бұзылған жағдайда қайтарып оқитындай уақыт болуы керек. Бұл ер адамдарға қатысты, ал айелдер уақыты кірген кезде, қараңғы уақытта оқыған абзал.
Бесін намазы. Бесін намазының әуелгі уақыты – күн тас төбеден ауған кез. Ақырғы уақыты барлық нәрсенің көлеңкесі екі есе ұзарғанға дейін жалғасады. Бесін намазын жазда кешіктіріп, салқын уақытта оқу – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бесін намазын ыстық қайтқанда оқыңдар. Себебі күннің ыстығы – жәһаннамның отынан», – деген. Намазды жалғыз оқи ма немесе жамағатпен оқи ма, ыстық аймақ па, суық аймақ па, кешіктіріп оқыған жақсы. Ал қыста бесін намазын уақытында оқу мұстахаб. Көктем, күз мезгілдерінде де бесін намазын өз уақытында оқу – мұстахаб.
Екінті намазы. Екінті намазының уақыты – бесін уақыты шыққан сәттен бастап, күннің батуына дейінгі мезгіл. Екінті намазын нәпіл намаздарына уақыт көп болу үшін күн бұлтты болмаса жазда да, қыста да күннің көзді қарықтырмайтындай сарғыш тартқанға дейін кешіктіріп оқу – мұстахаб. Өйткені екінті намазын бұлайша кешіктіру – мәкрүһ. Ал күн бұлтты болса, екінді намазын өз уақытында оқыған – мұстахаб.
Ақшам намазы. Ақшам намазының уақыты – күннің толық батқан сәтте басталып, шапақтың жоғалған уақытында аяқталады. Имам Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша шапақ деп көкжиекке қызарып күннің сіңуін айтады. Ақшам намазын қай уақытта болсын, уақыты кірісімен асықтырып оқу – мұстахаб. Азан мен қаматтың арасын тек үш аят оқылатындай мөлшерде немесе аз ғана отыру арқылы бөледі. Өйткені ақшам намазын кешіктіру – мәкрүһ.
Құптан намазы. Құптан намазының әуелгі уақыты – шапақ жоғалғаннан басталып, екінші таңның атуына дейінгі мезгіл. Құптан намазын түннің үштен бір бөлігіне дейін кешіктіру – мұстахаб. Бұл күн бұлтты болмаған уақытта. Егер күн бұлтты болса, өз уақытында оқыған абзал. Себепсіз екінші таңға дейін кешіктіру – мәкрүһ.
Үтір намазы. Үтір намазының әуелгі уақыты құптан намазынан кейін басталып, соңғы уақыты екінші таңның атуына дейін жалғасады. Үтір намазын түнгі намаздарға тұруға әдеттенген әрі түнде ояна алатынына сенген адам түннің ақырғы бөлігіне дейін кешіктіру – мұстахаб. Ал оянуына күмән келтірген адам ұйықтамай тұрып оқып алғаны абзал.
Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала қайсы амалды жақсы көреді?» деп сұрағанда: «Уақытында оқылған намазды», – деп жауап берген. Алла Тағала екі дүниеміз үшін қайырлы болған әр ісімізді өз уақытында орындайтын пенделер қатарынан болуды нәсіп етсін! Мақаламызды Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың дұғасымен аяқтауды жөн көрдік: «Раббым! Мені және менің ұрпағымды намазды кемеліне жеткізіп, үзбей оқитындар қатарынан қыл! Раббымыз, дұға-тілегімізді қабыл ете гөр!».
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №12, 2024 жыл