Қасиетті қаланың түркі дүниесінің рухани астанасына айналуы түркістандықтарға ерекше дем беріп, жаңа бастамаларға жол ашты. Бүгінде Парламентте қаралып жатқан қалаға ерекше мәртебе беру жайы ешкімді де бейжай қалдырмасы анық. Осы орайда Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы жастарға ақыл-кеңесін айтып, рухани астананың атына заты сай болуына, Түркістан қаласын дамытуға сүбелі үлес қосып жүр.
Мұқтаждарға 45 үй салып берді
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы тарихи шаһардың 1500 жылдығы қарсаңында 2000 жылы құрылып, 2005 жылы Әділет басқармасына тіркелген. Осынау құрылымның төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы ақсақалдар тарапынан атқарылып жатқан алуан түрлі іс-шара, көтерген мәселелер жөнінде айтып берді. Ол бәрінен бұрын қалада тәртіп орнату мақсатында жасалған ұйымдастыру шараларына тоқталды. Мәселен, 2007 жылы қыркүйектің 27-сінде зиялы қауым өкілдері мен имамдардың қатысуымен жаназа күні ас беру мен жалпы жиын-митинг өткізуді тоқтату туралы мәселе көтерілген. Тағы бір қолға алынған игілікті шара – 2010 жылы шілденің 15-інде Ақсақалдар алқасы жиын өткізіп, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар үшін тегін қайырымдылық дүкенін ашу туралы бастама жасайды. Оған ай сайын бірнеше рет азық-түлік беріп отыру, киім-кешек жинау қолға алынып, тұрмысы төмен отбасыларға 2-3 рет азық-түлік таратуды іске асырыпты. Бұл бастама бүгінге дейін жалғасып, ай сайын 40-50 отбасына азық-түлік тұрақты таратылып келеді. Олардың тізімін Ақсақалдар алқасының шағын аудандардағы төрағалары ұсынады.
«Мен бір ғана ақсақалдың атқарған жұмысына тоқталғым келеді. Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасының мүшесі, өзбек этно-мәдени орталығының төрағасы Райымжан Қошқаров «Үлес» қайырымдылық қорын құрды. Тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға қайырымдылық жасап, кейінгі жеті жылда бес бөлмелі 45 үй соғып, тегін берді. Р.Қошқаров бұл қайырымдылық акциясын алдағы уақытта жалғастыруды жөн көреді», дейді Ж.Әзіретбергенұлы.
Қарызға той жасау – ысырапшылдық
Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы қолға алған тағы бір игі шара – 2015 жылы 10 маусымда қабылданған «Той туралы» қаулы. Осы қаулы бойынша той түнгі сағат 24.00-де аяқталады. Кафе, сауна, ойын-сауық орындары түнгі 01.00-де жабылады. Белгіленген уақыттан асып кеткен жағдайда ескерту беріліп, тоқтатпаса, акт жасап айыппұл салынуы керек. Ұрпақты жаман жолдан сақтаудың төте жолы болғандықтан, оны зиялы қауым өкілдері мен студент жастар бірден қолдады.
Ж.Әзіретбергенұлы кейінгі жылдары той өткізгенде дарақылық, мақтаншақтық, бекер мал шашу, ысырапқорлық тым белең алып бара жатқанын айтады. Мыңдаған қонақ шақырып, той жасайтындар өз алдына, жақында тіпті бір ірі кәсіпкер Мәскеуден биіктігі үш метрге жететін тортты 60 млн теңгеге алғызғанын естігенде жұрт жағасын ұстаған. Миллиондаған қаражатқа сырттан эстрада жұлдыздарын шақыру қайтадан сәнге әрі бәсекелестікке айналып бара жатқан көрінеді.
«Тойға әрбір облыс, әрбір аудан қатаң бақылау жасап, жергілікті өнерпаздар мен әншілерді шақырып, оларға 200-300 мың теңгеден берсе, бұл той жасаған жұртқа да тиімді. Жергілікті әншілерге де өнерін ұштап аздап табыс табуға болады. Атақты той жұлдыздарына 10 миллиондап ақша беруге қатаң тыйым салып, шектеу қою керек. Олар табысын халықтан емес, Димаш Құдайберген сияқты үлкен залдарда концерт қойып, қазақтың өнерін бүкіл әлемге танытып тапса, құба-құп. 2019 жылдың 14 қыркүйегінде Өзбекстан «Тойлар, отбасылық салтанат іс-шараларын өткізуді тәртіпке салу туралы жарғыны» бекіткен. Бұл – өте қажет құптарлық іс-шара. Той тек ән салып, би билеп, шарап ішу емес. Ол – үлкен тәрбие құралы. Сондықтан қарапайым халықтың намысына тиіп, қарызға батырғаннан гөрі, барлық той бірдей, қарапайым, ысырапсыз, кедейдің де шамасы келетіндей өтуі үшін әрбір облыстың әкімі, мәслихаты, заңгерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кеңесе келіп, той ережесін бекіту керек. Тойға қатысатын адамдар санын шектеу қажет. Мәселен, үйлену тойына 300 адам, қыз ұзату тойына 200 адам, қалған ұсақ-түйек тойларға 100 адам шақырса жеткілікті. Ереже бекітілген жағдайда тойдағы даңғойлық та, мақтаншақтық та, ысырапшылық та, несие алып қарызға батушылық та тоқтайды», дейді ол.
Қазақта тойдың түрі көп. Шілдехана, бесікке салу, сүндет, кәмелетке толу, қыз ұзату, үйлену тойы, т.б. Ата-бабамыздан қалған той өткізу дәстүрі бар. Оны барынша қарапайым, ысырапкершілікке бармай өткізген. Үйлену тойында жас жұбайларға барынша қамқорлық жасап, мал беріп, ағайындары жиналып «Асар» әдісімен үй салып беретін дәстүрі де болған.
Арақ-шарап сатпайтын ауылдар
Түркістанды арақ-шараптан ада қалаға айналдыру туралы бастаманы ең алғаш Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы 2014 жылы тамыз айында көтерді. 2023 жылы «Түркістанды халал қалаға айналдырайық» атты үндеуді бүкіл Түркістан облысы бойынша қайта көтерді. Ж.Әзіретбергенұлының айтуынша, жергілікті жұрт бұл бастамаға құлақ асып, қазір көптеген елді мекенде арақ-шарап сатылмайтын дүкендер пайда болған. Тіпті облыста арақ-шараптан мүлдем ада ауылдар саны 50-ден асыпты. Ашылғанына төрт жылдай болған Сауран ауданында 15 ауыл халал елді мекенге айналды. Нәтижесінде, бұл ауылдарда жастар арасындағы қылмыс барынша азайғаны байқалып отыр.
Ж.Әзіретбергенұлы Ақсақалдар алқсының бастамасымен жүзеге асырылған бірқатар игі іске тоқталды. 2018 жылы шілдеде «Түркістанды гүл қалаға айналдырайық!» деген үндеу тастап, арада жыл өткенде үйінің айналасын гүл бақшаға айналдырған 100 отбасына, 2020 жылы 200 үйге бәйге беріліпті. Былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұйытқы болған «Таза Қазақстан» акциясына қала жастарымен қатар ақсақалдары да белсене қатысты.
Бүгінде Түркістан шаһары жедел өсіп келеді. Халқы 200 мыңнан асып жығылды. Осыған орай Ақсақалдар алқасы мен Қоғамдық келісім кеңесі бірқатар іс-шараны іске асырды. Қаланы 11 шағын ауданға бөліп, шағын аудандар құрылды. Ол шағын аудандар төрағалары сайланды. Әр учаскеде шамамен 40-50-дей көше болады. Алдағы уақытта әр көшеге көше билері, учаскелік комитеттердің 7-10 адамға дейін комиссия мүшелері сайланбақ. Оған төраға, учаскенің ауыл ақсақалы, мұғалім, дәрігер, белсенді ана, жігерлі жастар, мықты кәсіпкер, мешіт имамы мүше болады.
«Көше комитеттері көктемде әрбір үй ауласын тазалап, көше жағына ағаш пен гүл егуді ұйымдастырады. Әрбір учаскелік комитет көше комитеттерімен бірлесе отырып, тұрғындардың тұрмысы, отбасылық жағдайы туралы мәлімет жинайды. Әрбір отбасы мүшесінің тыныс-тіршілігін байқап отырады. Егер де кейбір отбасының әлеуметтік мәселелері, үйіне газ, су кіргізу, жарық, мектеп, балабақша мәселесі туындаса, мүмкіндігінше бірлесіп көмектесіп жіберуі қажет. Сонымен қатар жұмыс істемей жүрген жастардың немен айналысатынын зерттейді. Ішкілікке құмар, ұрлыққа бейім азаматтарды ерекше бақылауға алады», дейді Ж.Әзіретбергенұлы.
Ол Мемлекет басшысының «Аna tili» газетіне берген сұхбатынан үзінді келтіріп, түркі дүниесінің бірлігін еске салды. Қазақстанның «TURKTIME!» ұранын ұсынғанын, түркі дүниесін біріктіруді көздейтін барлық жасампаз бастаманы қолдайтынын «Алтай – түркілердің алтын бесігі» атты тұжырымдамасының маңызын атап өтті. «Осыған орай Түркістан қаласы түркі жұртына және еліміздің барлық шаһарына үлгі болатындай мәртебесіне лайық қызмет атқара алатын дәрежеге жетуіміз керек. Бұған үлкені де, кішісі де белсене қатысуы тиіс», деп сөзін түйіндеді ақсақал.
Ескендір ЕРТАЙ,
журналист