Биыл туғанына 110 жыл толып отырған үлкен жазушы, қазақ әдебиетіне тарихи романдар желісін әкелген қайраткер-қаламгер Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы – эпикалық тынысының кеңдігімен, сюжет шеберлігімен, рухани серпінділігімен және өткен ғасырларда қазақ халқы бастан кешірген оқиғаларды көркем түрде суреттеуімен құнды. Яғни аталмыш туынды авторымен тағдырлас талантты жазушы Әнуар Әлімжановша айтсақ: «Көшпенділер» трилогиясының беттерін мұқият зерделемейінше, қазақ ұлтының сан ғасырлық тарихын талдап, пайымдау да мүмкін емес, әрі мұнсыз ол толыққанды болмайды».
Осы орайда трилогияның үшінші томы «Қаһар» романына тоқталсақ, бұл шығармаға арқау болған дүние – ХІХ ғасырда қазақ даласында өрістеген ұлт-азаттық көтеріліс көсемі Кенесары ханның тарихы. Бір қызығы туындыдағы сюжеттер мен тарихи оқиғалар желісі ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер негізінде шынайыланып, кітаптың танымдық құнары қалыңдап, оқырманды қызықтырып, тіпті кей тұстарда желіктіріп әкетеді. Сонымен қатар жазушы өткен ғасырларда отарлық кесірінен құлдыраған қазақ қоғамының бет-бейнесін шығармасында өте дәлдікпен һәм түс-аңызын пайдалана отырып сіңірген.
Соның бірін былай деп баяндайды: «үш жүздің игі жақсылары бас қосып, Абылайды боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріпті», – дейді жазушы. «Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспанмен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп, аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… Бірақ бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім», дейді Абылай хан.
Бұндай түсті Абылай хан шын мәнінде көрді ме, көрмеді ме оған дәлел жоқ. Бұл бірақ жазушы Есенберлиннің сюжеті екені анық. Осы түс оқиғасы арқылы жазушы не айтқысы келді? Мәселе осында. Енді қараңыз, Ілекең әрі қарай Абылай ханның түсін көмекей жырау Бұқарға жорытады. Бұқарекең айтады: «Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына қонғаның. Ал алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен», депті.
Бұл сөз Бұқар жыраудың аузымен айтылған Есенберлиннің өз пайымы. Яғни жазушы қазақ даласында өте бір қатыгездікпен жүргізілген отарлау салдарынан: ұлттық руханият, ұлттық мінез, ұлттық таным, ұлттық ойлау, ұлттық көзқарас байырғы «арыстан» кеспірінен айырылып, бақа-шаян, құрт-құмырсқаға айналып кеткен кейпін меңзеп отыр. Есенберлиннің бұл тұжырымы сол отарлық дәуірдің тірі куәгері жыршы Дулат Бабатайұлының мына бір зар толғауымен ұштасып жатқандай: «Мынау азған заманда, Қарасы – антқор, ханы – арам, Батыры көксер, басы аман, Бәйбіше – тантық, бай – арам, Бозбаласы – болашақ, Қырсыға туды қыз балаң, Нары – жалқау кер табан, Құсы – күйшіл, ат – шабан, Жырғалаң жоқ, жобалаң, Ебі кеткен ел болды, Енді қайда мен барам?» дегеніндей.
* * *
Жалпы, түс арқылы уақыт пен заман аңдысын әдеби үлгіге сіңіріп баяндау қазақ танымында баяғыдан бар. Оған ұлттық фольклорымыздың негізгі жанры – ертегі куә. Ертегі дегеніміз – көркем проза. Ол тыңдаушыға эстетикалық ләззат сыйлауымен қатар, адам санасын ширықтыратын шытырман сюжетімен құнды. Бұл тәсілді жазушы Ілияс Есенберлин әрқилы оқиғаларды оқырмандарына жеткізу үшін сәтті пайдалана білген.
Мысалы, «Қаһар» романында Абылай ханның тағы бір көрген түсі баяндалады: «Түнде түс көрдім. Табытта жатыр екенмін. Басыма ілінген үш жүздің жалауын үш тобыр жұрт жұлып әкеткелі тұр. Табытымның бір бүйірінде арыстан, екінші бүйірінде айдаһар отыр. Аяқ жағымда бір топ үрім-бұтағым. Уәлиден тараған бір ұрпағым маған құран оқып жатыр. Қасымнан өрбіген бір тентегім қолына қанжарын ұстап мені қорғап тұр. Ал мен өліп жатсам да, екі бүйірімде отырған арыстан мен айдаһарға кезек қарап, мыналардан қалай құтылам деп жанталасудамын», – дейді хан.
Хан бұл түсін әдеттегідей ақылшы-уәзірі Бұқар жырауға жорытады. Бұқарекең былай дейді: «Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, үш жүзге хан болады екенсің. Табытта жатып, екі бүйіріңдегі арыстан мен айдаһардан қалай қашып құтылам деп қорықсаң, өле-өлгенше еліңнің екі бүйірінде тұрған екі мемлекетке жалтақтаумен өтеді екенсің… Ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтағыңның ішінен бірі құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атағын майданда қалдырады екен».
Көмекей әулие Абылай ханның түсін осылай жорыпты. Бұл жорудың астарында не мағына жатыр. Оны тәпсірлеп түсінуді жазушы кейінгі ұрпақ мына біздерге қалдырған. Расында, Абылай өлген соң үш жүз үш жаққа ыдырады. Ұлы жүзді Хиуа-Қоқан билесе, Орта және Кіші жүз патшалық Ресей құрамына өтті. Ал Абылай алаңдаған «айдаһар мен арыстан» мәселесі әлі күні күрделі кейіпте. Түсте құран оқып отырған Уәли тұқымы – атақты Шоқан Уәлиханов. Расында, бұл тұлға ұлы ғалым ретінде атын қағазда қалдырды. Ал қолына қанжар ұстап, жаудан қорғап тұрған ұрпағы – Қасымнан туған Кенесары.
* * *
Жалпы, Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясында жоғарыдағы түс көру хикаясынан сырт: жаратылыс құпиялары мен табиғат тылсымдарын да шығармасына өзек етіп, сол арқылы қазақ қоғамын сақтыққа шақырған. Мысалы, «Қаһар» романында: «Дүниеде көкек құстың жүз жиырма алты түрі бар. Солардың сексен екісі жұмыртқасын басқа құстардың ұясына тастап кетеді. Ол құсты аңдып тұрып, жем іздеп кеткен кезінде, ұясына ұшып келіп, басып отырған бір жұмыртқасын алып кетеді де, орнына өз жұмыртқасын тастайды. Қайта ұшып келген құс көкектің жұмыртқасын өзінікінен айыра алмайды, балапан боп, аузын ашқанда да жем береді. Бұл құстың жейтін жемі де өзінің анасының жемімен бірдей болғандықтан, көкек балапаны жылдам өсе береді. Көкек балапаны тасбауыр келеді. Ол жемқор, ашқарақ боп жаратылады. Қауыз жарып шығысымен-ақ ұядағы өзге «бауырларынан» тез құтылуға тырысады. Ұядағы өзге жұмыртқаларды біртіндеп ұяның шетіне апарып, жерге құлатады. Сөйтіп, жемге ортақ болатын өзге балапандардан жұмыртқа күнінде-ақ құтылады», – деп жазған екен.
Әрине, жазушы бұл мысалды тектен-тек айтып отырған жоқ. Мұндағы «арамза көкек ісі» қазіргі ұлт руханиятына жасалып жатқан шабуылдар. Егер қорғана алмасақ, ең бастысы, өз жұмыртқамыз бен жаудың (көкектің) жұмыртқасын ажырата алмасақ, түбі жардан бәріміз құлаймыз. Ілекең осы әфсана арқылы бізге, келешек ұрпаққа «сақ болыңдар!» деген жанайқайын жеткізіп отыр.