Бүгінде балалардың қатыгездігіне жиі бас шайқайтын болдық. Қуыршақ ойнайтын жаста қылмысқа барып, балдырған шақта қатарластарына озбырлық көрсететін балабақшадағы көріністер жағаңды ұстатпай қоймасы анық. Кінәні басбұзар баланы тәрбиелеген ата-анаға артамыз ба, әлде жүгенсіз кеткен жасөспірімдерді жауапқа тартқыза алмаудың салдарынан іздейміз бе?
Балдырғандар бұзақылығы
Осыдан біраз жыл бұрын Қарағанды облысында қуыршаққа таласқан балдырғандар құрбысын буындырып өлтіріп, мәйітін суға лақтырып кеткен еді. Былтыр талдықорғандық төбелесқұмар жасөспірім қыздардың сұмдығы мен өскемендік кәмелет жасқа толмаған бір топ қыздың қатарласына әлімжеттік жасап, аяусыз соққыға жығып жатқан көрінісін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ. Екі оқиғада да жұдырықты аямай сілтеп жатқандар – жасөспірімдер. Оның артын ала бере қызылордалық жеткіншектердің әрекеті жұртты шошытты. Биыл дәл осы Қызылордада бұрын-соңды құлақ естіп, көз көрмеген жасөспірімдердің жасаған қылмысы елді есеңгіретіп тастады. Осы оқиғада қала мектептердің бірінде бір топ жоғары сынып оқушысы ақпан айынан бері сыныптас қызын сексуалдық құлдықта ұстап, жезөкшелікке салған. Ең сұмдығы, қатарласын сатып пайда тапқан қаскөйлерге ата-аналары да атсалысқан.
Ал жақында үш ай бұрын көршінің дәретханасына түсіп қайтыс болды деген 3 жасар Асылымның өліміне қатысты жаңа дерек шықты. Кейбір дерекке сүйенсек, Түркістан облысының шағын ғана Сіргелі ауылында тағы бір балдырған дәретхана шұңқырына құлай жаздап, аман қалыпты. Бір ажалдан аман қалған 5 жасар қыз Нұрай сол күні өзін кім қорқытқанын, қайда шақырғанын, буындырып ұрғанын айтып берген екен. Сөйтсе, аядай ғана ауыл жұртын күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырған ауыр қылмыстың артында үш жасар Асылымның өз көршісі 16 жастағы қыз тұрған.
Естіген жұрттың сай сүйегін сырқыратар сорақылықтарды жіпке тізе берсек, бүгін бітпес. Буыны бекіп үлгермей жатып жауыздықты бойына сіңіріп, қолын қанға малып жатқан жасөспірімдерді жөнге салудың жолын іздеп жүргенде, балабақшадағы әлімжеттіктің де азаймай отырғаны көңіл құлазытады. Мәселен, Атырау облысындағы балабақша балдырғандары ұйықтап жатқан балдырғанды тұрғызып алып, жарты сағат бойы жабылып сабап тастаған. Тіпті балалардың бірі жәбірленушінің үстіне шығып секірген. Мұндайда бала дейміз ғой, баяғы. Бірақ кейде «бала ғой» деп бастан сипап, бұзақылығын батырлыққа балайтын тәрбиенің бір ұшы басқа тигенде бәленің қайдан келгенін түсінбей аң-таң қалатынымыз да бар.
Үлкеннің ұстанымы кішіге «үлгі»
Психологтердің пайымынша, жасөспірімдер арасында күш-қуаты тұрғысынан беделді болу білімділіктен әлдеқайда пәрменді көрінеді. Қазіргі ата-аналардың өзі де спорт секцияларына балаларын төбелесіп үйрену мен қорғану мақсатында береді екен. Екінші жағынан отбасында сүйіспеншілік пен мейірімді сезінбей, назардан тыс қалып жүрген жасөспірімдердің мінезі қиындау болады. Ал қиын баланың түбі қылмысқа баратынын психологтер жиі айтып жүр. Мәселен, елімізде биыл алғашқы төрт айда кәмелетке толмағандарға қатысты мыңға жуық қылмыс, 11 мыңға жуық әкімшілік іс тіркелген. Осыдан екі жыл бұрын Астанада жасөспірімдердің қатысуымен болған 200-ден аса қылмысқа жасалған талдау құқық бұзушылықтың басым көпшілігін жағдайы жақсы отбасынан шыққан балалар жасағанын көрсеткен. Яғни 150-ге жуық әртүрлі құқық бұзушылыққа осындай бақуатты отбасында тәрбиеленген жасөспірімдердің қатысы бар екені анықталыпты. Балалар көбіне ұрлық, ақша бопсалау мен өзінен кішілерге әлімжеттік көрсету сипатындағы қылмыстарға барған.
«Буллингтің түрі көп», дейді психолог Айгүл Рақымжанқызы. Бүгінгі балалар «өзін көрсетуге» көбірек жұмыс істейді. Оның артында мықты екенін сезіндіру, өзіне көңіл аударту тұр. Маманның айтуынша, агрессор көбіне әлсіздерге әлімжеттік көрсетуге ұмтылса, ата-анасынан әлімжеттік көріп отырған бала мектепте әлсіздерге қатыгездік көрсету арқылы өзіндік ішкі уәжін қанағаттандыруға талпынады. «Көп балалар өзінің ішкі әлеуетін дамытуда қиындық көріп жатады. Ішкі әлеуетін толтыра алмаған балалар жеңілдің үстімен, ауырдың астымен жүруге бейім. Көбіне әлеуметтік желілерде тез қаралым жинап, тез атақты болуға талпынады. Қазіргі қоғамның назары осындай резонанс туғызатын оқиғаға әуес екенін олар да жақсы біледі. Сондықтан көзге түсудің төте жолы – қатыгездік деп біледі. Осындай әрекеті арқылы жарнама жасап, «мықты» екенін көрсеткісі келеді. Шын мәнінде олардың негізгі психологиялық өзгерістерінде қатыгездік жоқ болуы да мүмкін. Олар тек үлкендердің өмірлік ұстанымдары мен сценарийлерін қайталайды», дейді А.Рақымжанқызы.
Психолог Серікгүл Сали да әріптесінің айтқанымен толық келіседі. Өйткені балалар ересектердің әрбір қадамын айна қатесіз қайталауға үйір. Сұмдық оқиғалардың түп себебіне үңілсек, қатыгез баланы бүгінгі ата-ана, қазіргі қоғам тәрбиелеген. «Балалар сексуалдық сипаттағы эротикалық бейнероликтерге түрлі ақпарат құралы мен әлеуметтік желіде оңай әрі ашық қол жеткізе алады. 12-13 жастағы балаларда мұндай көрініске құштарлық болмағанымен, көргенін қызық ретінде қайталауға құмарлық сезімі артады. Мұндай дүниелерді көрудің өзі баланың тәрбиесіндегі сезімнің жетіспеушілігін көрсетеді. Ата-ананың махаббатын толық сезінбеген балаларда сексуалдық сипаттағы іс-әрекеттерді жасауға деген қызығушылық оянып тұрады. Біреуге сексуалдық жәбір көрсету осыдан басталады. Бұл бассыздыққа жол бермеудің жолы – балаға кітап оқыту, әңгімелесу арқылы тәрбиелеу», дейді маман. Бұдан бөлек, ересектер балалардың көзінше балағат сөздер айтып, ашық ұрыса берудің, түрлі отырыстарда жыныстық қатынас туралы әртүрлі әңгімені айтуға болмайтынын ескермейді. Психологтің айтуынша, бұл баланың көзінше жыныстық қатынасқа түсумен пара-пар. Себебі үлкендердің өмірлік ұстанымы баланың бойындағы ар-ұятты жоғалтады. Ал ұяты жоғалған баладан арлы іс күтуге болмайтыны белгілі.
«Қатыгездікті көрген бала оны қайталауға құмар»
Астана қаласы Байқоңыр аудандық полиция басқармасының Ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Гүлзада Сатыбаева бұзақылықтың себебін шектеуі жоқ интернеттегі әдепсіз бейнекөріністердің көп әсер ететінін жасырмайды. «Қазір балалар интернеттегі әртүрлі роликтерді, әлеуметтік желілердегі түрлі мазмұндағы жазбаларды көреді, оқиды. Олардың не көріп, не оқып жатқанын тексеріп жатқан ата-ана, не мұндай сорақы дүниелердің жариялануын қадағалап жатқан ешкім жоқ. Заңды түрде тыйым салынбаған. Сол қатыгездікті көрген бала естіген, көргенін қайталауға құмар. Кейбір кішкентай балалардың жадында көргені тез сақталып қалады. Күндердің күнінде осы жадында сақталған ақпаратты шығарады. Әсіресе ашуланған кезде көрген дүниесін қайталайды. Екіншіден, қазіргі ата-аналардың қолы бос емес. Тіршіліктің қамымен жүріп баланы смартфонға байлап бердік», дейді Гүлзада Сабырқызы. Оның айтуынша, биыл бас бостандығынан айыру және бас бостандығынан шектеу жазасы көбейіп отыр. Сондай-ақ учаскелік инспектор балалар жасайтын қылмыстардың арасында ауыр қылмыстарға баратын оқиғалар жиілеп кеткенін де жеткізді.
«Екі жыл бұрын Өндіріс шағын ауданы тұрғыны көрші үй баласының үстінен шағым тастады. Ұрған баланың жасы бар болғаны сегізде екен. Оның мұндай әрекетке баруын біле келе, оның қатыгездігі үйдегі тәрбиеге келіп тірелетінін түсіндік. Ата-анасы да кінәсін мойындады. Сөйтсе, көпбалалы отбасының үлкен ұлына анасы бар махаббатын арнағанымен, әкесі жеткілікті көңіл бөлмеген. Үлкен баланы «ұлым» деп бауырына баспаған. Ал психологтер ұл баланың осы жаста мінезі қалыптасады. Осы уақытта әкесі қасында жоқ болса, оның үстіне материалдық жағдайы жасалмаған баланың бойында қатыгездік пайда болады», дейді Г.Сатыбаева. Сондай-ақ ол буллинг жасауға бейім балалардың көбі жағдайы жақсы отбасылардан шыққанын айтады.
Адвокат Айгерім Теміртасова қадағалаудың басы балдырғандардың тамашалап жүрген мультфильмдерінен басталу қажет екенін айтады. Оның сөзінше, кішкентай балдырғандарға арналған мультфильмдердің дені мағынасыз әрі озбырлықты дәріптейді. Яғни осындай бір-бірін ату, ұру, алдау, өтірік айтуға үндейтін кейіпкерлерге ұқсап баққысы келетін балалар көп. «Балабақшадағы балалардың әрекеті сүйікті кейіпкерінің озбырлығы мен үйдегі естіген, көргенін қайталаудан пайда болады. Ал бала балабақшада біреуді ұрса, бұл үшін оның әрекеті дұрыс еместігі түсіндірілмесе, мектепте біреуге буллинг жасаса, бұл үшін тағы ата-ана тарапынан жаза болмаса, жауапкершілікті ұмытқан бала бұдан да ауыр әрекетке барады. Себебі оның әрекетінің дұрыс еместігін түсіндіріп, қадағалап, жауапкершілік артып отырған ешкім жоқ. Осындай балалармен жүрген балалардың да ойы бұзылуы мүмкін. Мәселен, ұрған балаға ешқандай жаза берілмесе, демек оның әрекетін өзге бала дұрыс секілді қабылдайды. Қолданыстағы заңдарға қылмысқа барған баланың өзімен бірге толық тәрбие бере алмаған ата-анасын да қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Ал мектеп пен балабақшада, жұмыс орындарында ата-аналармен бала тәрбиесіне қатысты түсіндірме жұмысын тұрақты өткізіп, мектеп пен балабақша психологтерінің біліктілігін арттыруға жұмыс істеген жөн», дейді заңгер.
Қателікке көз жұму қылмысқа жол ашады
«Тәрбие – адам тағдырын шешеді. Қолданыстағы заңнамаларымызда балаға дұрыс тәлім-тәрбие беруде ата-ананы міндеттейтін арнайы бап бола тұра, бала тәрбиесінің тізгінін бос жіберіп алдық». Астана қаласы Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Жанаргүл Алпысбаева осылай дейді. Оның айтуынша, ағаштың жемісі көп болуы бағбанның бау-бақшасын баптауына байланысты болатыны секілді, баланың қатыгездігі отбасындағы тәлім-тәрбиенің әлсіздігінде жатыр. Өйткені қазіргі ата-аналар баланың материалдық қанағатын өтеуді тәлім-тәрбие берумен шатастырып алды. Өкініштісі, бала тәрбиесі түгілі ерлі-зайыптылардың өздері отбасы құндылығынан хабары жоқ.
«Бүгінгі жастар отбасын құруға дайын болмай тұрып шаңырақ көтереді. Әсіресе ер адамдардың денінде отбасы алдындағы жауапкершілік жоқ. Барлығына топырақ шашудан аулақпын. Бірақ кейбір ер адамдар отбасындағы міндетіне немқұрайды қарайды. Өкінішке қарай, әйелі мен балаларының жағдайын жасап алмай тұрып ішімдік ішіп, құмар ойындарға әуестенеді. Балаларының киімі бүтінделмей, тамағын тойындырмай көше кезіп жүретін еркектер ел тұтқасын ұстайтын ұлды тәрбиелей алмайды. Анасының айтқаны өсек, көргені көргенсіз бағдарлама болса, өзі үйде, қылығын түзде көрсетер қыз көбейе береді. Әйтпегенде алдымызға келетін істерде толық және толық емес отбасынан шыққан жанұялардағы балалардың тәртібі 50/50. Мәселе баланың материалдық жағдайын жасау емес, оның жүріс-тұрысына, мінез-құлқындағы өзгерістерге дер кезінде көңіл бөлуде жатыр. Балаларға кішкентай күннен бастап дене жарақатын келтірмеу керек екенін түсіндірген жөн», дейді ол. Мысалы, әулеттің кішкентайы бұзықтық жасап үлкендерді ұрғанда, бұл еркелік ретінде қабылданбағаны дұрыс. Өйткені бұл кейін барлығын ұруға болатындай түйсікті қалыптастырады.
Судьяның сөзінше, қолданыстағы заңдарымызда 16 жасқа толған, есі дұрыс адам қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Ал кейбір ауыр қылмыс жасаған жағдайда 14 жасынан бастап қылмыстық жаза қарастырылады. Сондай-ақ өзі міндетін орындамаған ата-аналарға 10 АЕК айыппұл салынады. Алайда бұл заңдар қылмыс жасаған балаларға екі жылдан он жылға дейінгі аралықта ғана қылмыстық жаза беруге қауқары бар. Тіпті егер бала бірінші рет ауыр қылмыс жасаса, қазаға ұшырап немесе денсаулығына ауыр зиян келмесе, жәбірленуші кешірім берген жағдайда қылмыскер қылмыстық жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Демек бұл да сол, басында айтқандай «бала ғой» деп бастан сипайтын үлкендердің әрекеті секілді, жасына бола жазадан босатылып кетіп жатады. Олай болса, өткеннен сабақ алмаған, сабақ алуды міндеті санамаған жүгенсіз жасөспірімдердің заң алдында әділетті түрде жауапкершілікке тартқызу қажет пе? Бала қатыгездігі кәнігі қылмыскердің әрекетінен асып түсіп жатқанда, баланың ісін шалаға балау қаншалықты дұрыс?
Жадыра МҮСІЛІМ